Демонстрациялық тәжірибелерді дайындау. Демонстрациялық тәжірибенің сапасы әрқашан да мұғалімнің экспериментті орындау шеберлігіне және оның тәжірибені дайындау ұқыптылығына байланысты. Сабақта бір, әрі кеткенде екі минутте көрсетілетін тәжірибеге кей кездерде тәжірибелі мұғалімдердің өздері бірнеше сағат уақытын жұмсайды.
Дегенмен де, мұғалім бірінші рет көрсетуге тиісті тәжірибесін дайындауда көп уақыт жұмсайды. Тәжірибе барлық талапқа сай дайындалған соң, оны қайта қоюға көп уақыт жұмсалмайды. Мұғалімдердің мектептегі көп жылдық тәжірибесінен, әрбір қойылған тәжірибе туралы қажетті мәліметтер (сызбасы, аспаптар және олардың орналасуы және т.б.) жазылатын арнаулы зертханалық дәптердің керек және пайдалы екеніне көз жеткізуге болады.
Тәжірибелердің барлығында дерлік, мұғалімнің ойында болуға тиісті, орындау техникасына немесе әдістемесіне байланысты мәселелер болады, олардың бәрін зертханалық дәптерге жазып қою керек.
Жас мұғалімдердің сабақ дайындығы барысында, өздерінің көрсетуге тиісті тәжірибелерін бірнеше рет қайталап жасағаны дұрыс болады. Ондай жаттығу кезінде қажетті дағдылар қалыптасып, оның өзі тәжірибенің сабақта ойдағыдай қойылуының кепілі болады. Сонымен қатар, мұндай жаттығу, қайталау кезінде эксперименттің әдістемесі мен техникасын, аспаптар мен құрал-жабдықтарды жетілдіруге байланысты идеялар туындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |