Мектепке дейінгі, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, мамандандырылған, арнаулы білім, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру


Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары



бет7/17
Дата13.09.2022
өлшемі464,27 Kb.
#149374
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17
Байланысты:
№385 үлгілік қағидалары ҚР ОАМ 31-08-2022.kaz

Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бiлiм туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – "Бiлiм туралы" Заң) 5-бабының 11-1) тармақшасына сәйкес әзірленген және мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің тәртібін айқындайды.
2. Мамандандырылған білім беру ұйымы-мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар.
3. Мамандандырылған білім беру ұйымы өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ осы Қағидаларға және олардың негізінде әзірленген жарғыға сәйкес жүзеге асырады. Жарғыны мамандандырылған білім беру ұйымы әзірлейді.
4. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының мақсаты – серпінді дамып келе жатқан ортада өзін өзі белсендіруге дайын бәсекеге қабілетті тұлғаны және дарынды балалардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету.
5. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының міндеттері:
1) тереңдетілген білім беруді іске асыру;
2) елдің зияткерлік әлеуетін сақтау және көбейту;
3) дарынды балаларды оқытудың дараландырылған сипатын және білім алушылардың мамандандырылған үлгілік оқу бағдарламаларын сапалы игеруін қамтамасыз ету;
4) дарынды балалардың өзіндік, жобалық және зерттеу іс-әрекетінің дағдыларын жетілдіру;
5) ұлттық мақтаныш, азаматтық абырой, Отанға, өз халқына деген сүйіспеншілік сезіміне ие азамат пен патриоттың әлеуметтік белсенді тұлғасын қалыптастыру.
6. Мамандандырылған білім беру ұйымының мынадай бағыттары бар: жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық, экономикалық, технологиялық, музыкалық, хореографиялық, көркем-эстетикалық, әскери, спорттық.
7. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының түрлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 50 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8390 болып тіркелген) Білім беру ұйымдары түрлерінің номенклатурасында көзделген.
2-тарау. Мамандандырылған білім беру ұйымдары қызметінің тәртібі
8. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын құру "Бiлiм туралы" Заңның 6-бабының 6) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Мамандандырылған үлгілік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары өз қызметін "Бiлiм туралы" Заңның 57-бабына сәйкес берілген лицензияның негізінде жүзеге асырады.
10. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының қызметін жүзеге асыру үшін жоғары білікті кадрлардың, қажетті материалдық-техникалық базаның және тиісті оқу-әдістемелік қамтамасыз етудің және білім беру процесін ғылыми сүйемелдеудің болуы қажет. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қажетті жағдайлар жасалады.
11. Мамандандырылған білім беру ұйымына қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 564 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17553 болып тіркелген) Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
12. Мамандандырылған білім беру ұйымдарында білім беру процесін ұйымдастыру мамандандырылған білім беру ұйымдары үшін үлгілік оқу жоспарлары негізінде әзірленген үлгілік оқу жоспарлары бойынша жүзеге асырылады.
13. Мамандандырылған білім беру ұйымы жұмыс оқу жоспарын және мамандандырылған үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеуді дербес жүзеге асырады.
Оқу жұмыс жоспарларын мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы бекітеді және білім беру саласындағы атқарушы органдармен келісіледі.
14. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім алушылардың сұраныстарына және кадр әлеуетінің мүмкіндіктеріне сәйкес бейіндік пәндер, сондай-ақ таңдау бойынша курстар, элективті курстар және мамандандырылған компонент ішіндегі білім салаларын айқындайды.
15. Мамандандырылған білім беру ұйымдарына саралап және жекелеп оқыту міндеттерін шешу, оқушылардың зерттеушілік қызығушылығын дамыту үшін әрбір бейіндік пән бойынша әр сыныпқа аптасына 4 сағат есебінен қаражат, және оқушылырдың шығармашылық және зерттеушілік қызметін дамыту бойынша жеке сабақтан тыс жұмыстар үшін әр сыныпқа 0,25 ставка және шарт негiзiнде жоғары білікті мамандарға жекелеген курстар мен дәрістерге ақы төлеу үшін мектепке жылына 1500 сағат есебiне қаражат бөлiнедi. Таңдау бойынша факультативтік сабақтар мен курстар топтарда кемінде 10 адам болған кезде өткізіледі.
16. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының әрбір деңгейдегі сынып-жиынтықтарының және сыныптардағы білім алушылардың саны тиісті жағдайлар болған кезде қалыптастырылады.
17. Қазақ (орыс тілінде оқытылатын сыныптар үшін) және орыс (қазақ тілінде оқытылатын сыныптар үшін) тілдерін, ақпараттық-есептеу техникасының, ритмика, хореография, музыка, дене тәрбиесі, технология, көркем пәндер негіздерін оқу, сондай-ақ бейіндік пәндер бойынша зертханалық, практикалық жұмыстарды жүргізу кезінде сыныптарды 2 топқа, шет тілдерін және шетел тілінде оқытатын пәндерді оқыту кезінде 3 топқа бөлуге рұқсат етіледі.
18. Жалпы орта білім беру деңгейінде таңдау бойынша пәндерді (тереңдетілген деңгей) шет тілінде оқу кезінде сыныптарды 2-3 кіші топқа бөлуге рұқсат етіледі.
19. Сыныптарды қосымша бөлу жүйесі, икемді вариативтік кесте, деңгейлік бөлу жүйесі, консультациялар және таңдау бойынша пәндер арқылы жалпы орта білім беру деңгейінде бейіндік саралауды жүзеге асыру мамандандырылған білім беру ұйымының толық күн режимінде жұмысын талап етеді.
20. Мамандандырылған білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесі білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тамақтануы мен белсенді демалуы үшін ұзақтығы жеткілікті үзілісті көздейді.
21. Мамандандырылған үлгілік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары білім алушылар мен тәрбиеленушілерде патриоттық тәрбиені, айналасындағыларға толерантты көзқарасты, іскерлік қарым-қатынас дағдыларын, тамақтану мәдениетін, оның ішінде теңгерімді дұрыс тамақтануды және табиғи және жаңа піскен өнімдерді тұтынуды насихаттау арқылы қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
22. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен автоматтандырылған ақпарат алмасуды және деректерді өзектендіруді қамтамасыз етеді.
Мамандандырылған білім беру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесімен ақпараттық өзара іс-қимыл регламентін бекітуді қамтамасыз етеді.
23. Мамандандырылған білім беру ұйымын басқару Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Қағидаларға, мамандандырылған білім беру ұйымының жарғысына және құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
24. Педагогикалық, оқу-әдістемелік, қамқоршылық кеңестер мамандандырылған білім беру ұйымының алқалық басқару нысандары болып табылады.
25. Тікелей басшылықты "Бiлiм туралы" Заңның 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес және қамқоршылық кеңесінің келісімі бойынша тағайындалатын басшы жүзеге асырады.
26. Мамандандырылған білім беру ұйымы басшысының жауапкершілігі "Бiлiм туралы" Заңның 45-бабының 3) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.
27. Мамандандырылған білім беру ұйымының басшысы "Бiлiм туралы" Заңның 45-бабының 5) тармақшасына сәйкес аттестаттаудан өтеді.
28. Материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз етуді, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша мамандандырылған білім беру ұйымы шарттық негізде өзінің қызмет бағытына сәйкес жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелермен өзара іс-қимыл жасайды.
29. Мамандандырылған білім беру ұйымдарын қаржыландыру "Бiлiм туралы" Заңның 62-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
30. Мамандандырылған білім беру ұйымының қызметін қаржыландыру:
1) мемлекеттік - жергілікті және республикалық бюджет қаражаты;
2) "Бiлiм туралы" Заңның 63-бабына сәйкес ақылы білім беру қызметтерін көрсетуден және басқа да қызмет түрлерінен алынған қаражат есебінен жүзеге асырылады.
31. Мамандандырылған білім беру ұйымы білім беру саласындағы уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар желісі бойынша, сондай-ақ өз бастамасы бойынша бюджеттен тыс қаражат есебінен халықаралық қызметке қатысады.
32. Мамандандырылған білім беру ұйымы оқыту, тағылымдамадан өту, тәжірибе алмасу, семинарлар, конференциялар, олимпиадалар, конкурстар жұмысына қатысу бойынша халықаралық қызметті жүзеге асырады.
33. Мамандандырылған білім беру ұйымын қайта ұйымдастыру және тарату "Бiлiм туралы" Заңның 6-бабының 6) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.


Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
20222 жылғы 31 тамыздағы
№ 385 бұйрығына
6-қосымша





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет