Сергіту сәттері (физкультминутка) (қысқа мерзімді дене жаттығулары) естиярлар, ересектер және даярлық топтарында сабақтар арасындағы үзілісте, сондай-ақ нақ сабақ процесінде (сурет салу, жапсыру, ана тілі, т. б.) өткізіледі. Сергіту сәттерінің маңызы шаршағанды ұмыттыратын, психиканың эмоциялық-жағымды жай-күйін қалпына келтіретін қимыл белсенділігі жолымен баланың іс-әрекет сипаты мен дене қалпының өзгеруінде болып табылады. Егер сабақ процесінде бала ұзақ отырып қалса, онда бұлшық еттердің статикалық жағдайының салдарынан жүйке жүйесіне әсер ететін, шаршап-шалдығу сезімін туғызатын тоқырау құбылысы пайда болады. Бала «тықыршып қимылдай» бастайды, кейде қалыптасып келе жатқан тұлғасына қолайсыз қалыпты өзгертуге тырысады. Бақылау мынаны көрсетіп отыр: біртектес жұмысты істеу кезінде, сондай-ақ сабақты дұрыс мөлшерлеуді бұзу кезінде қажудың дендеуі күшейе түседі, мұның өзі баланың зейінін нашарлатады. Бұл ми қыртысындағы тежелудің күшеюімен және осыған байланысты рефлекторлық реакция жылдамдығының, баланың оқу материалын игеру қабілетінің нашарлауымен түсіндіріледі. Ол әр нәрсеге алаңдай бастайды, зейін белсенділігі кеміп, қабылдауы төмендейді. Осы белгілердің бәрі сол алаңдау кезінде әрекетті өзгерту қажеттігін көрсетеді.
Өз заманында К.Д.Ушинский былай деп жазды: «Баланың аздап қимылдауына мүмкіндік беріңіз, ал ол сізге тағы да ондаған минуттық зейін сыйлайды». Сергіту минуты зейінді, бүкіл организмнің әрекет ету жағдайын қалпына келтіруге бағытталған. Дене жаттығуларын орындау немесе қимыл-қозғалыс ойындары бұлшық еттердің ширақ жұмыс істеуін туғызады, ал бұл өз кезегінде қан айналысын жақсартады, сол арқылы жүректің жұмыс істеу, тыныс алу интенсивтілігін күшейтеді, симпатикалық жүйке жүйесінің әрекетін, тұтас алғанда миды қанмен қамтамасыз етуді жандандыра түседі. Осылардың бәрі қосылып бала психикасының эмоциялық-жағымды жай-күйін қалпына келтіруге, зейінін, ақыл-ой қызметін, жалпы дене жағдайын арттыруға әсер етеді. Шаршағаны басылып, бала тынығады, қайтадан құлшынып сабаққа кіріседі. Сабақтарды жоспарлау кезінде олардың сипатын ескеру керек. Зейін мен ақыл-ойдың өте күшті ширығуын туғызатын есептеу жөніндегі сабақтарды эмоциялық тонусты күшейтетін музыкалық немесе дене шынықтыру сабақтарымен кезектестіру тиімді болады. Әрекетті өзгерту кезінде баланың бірінші сабақ кезіндегі шаршағаны шығады. Сергіту минутын өткізу кезіндегі міндетті шарт таза ауа (фрамуганың, терезенің ашық тұруы, желдетілген бөлме) болып табылады. Сабақ процесіндегі сергіту балалармен сабақ өткізілетін үстелдің жанында отырып немесе түрегеп тұрып өткізілуі мүмкін. Ол бұлшық еттердің жұмысын жандандыратын және көкірек қуысын кеңейтетін кеудені төмен июге, орнында тұрып аяқ басуға құрылған 2-3 жаттығудан тұрады. Бұлардың бәрі 1-2 минуттың ішінде орындалады. Екі сабақтың аралығындағы сергіту қимыл-қозғалыс ойыны немесе жаттығу түрінде өткізілуі мүмкін. Эмоциялық тонусты ерекше күшейтетін ойындардың ішінде секіріп ойнауды, қуып жетуді, ұстап алуды әртүрлі нұсқаларымен пайдалану тиімді болады. Барлық балаларды ширақ қимылға тарта отырып, бұл ойындар қан айналымын күшейтеді, тыныс алуды тереңдетеді, құрсақ қуысындағы, бас сүйегі мен аяқтағы қанның ұю құбылыстарын жоюға көмектеседі. Жаттығулардың ішінде иық, белдеу еттерінің, кеуде, аяқтың негізгі топтарын интенсивті жұмыс істеуге тартатын, тұлғаны түзейтін, жүйке жүйесінің қызметін жандандыратын балаларға таныс жаттығулар қолданылады. Мысалы, қолдарды жоғары көтеру, оларды бұлғау, жан-жаққа созу, төмен түсіру; тартылу, жартылай отыру, отыру, аяқты тізеден бүгу; кеудені жан-жаққа қисайту, алға-төмен иіліп, ізінше бойды тіктеп түзеу, т. б. Жаттығу аяқталысымен, егер ұзаққа созылмайтын қимыл-қозғалыс ойыны өткізілсе, тәрбиеші балаларға немен айналысуы керектігін ескертеді, асықпай өзі орындарын табуды ұсынады.
Достарыңызбен бөлісу: |