Мектепке дейінгі дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі пәнінен дәрістер жинағы


Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі процесінде гимнастиканы қолдану. Негізгі гимнастиканың маңызы. Жалпы дамытатын жаттығулар. Сапта тұру жаттығулары



бет120/202
Дата08.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#124557
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   202
Байланысты:
Мектепке дейінгі дене т рбиесі теориясы мен дістемесі п нінен д

Мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі процесінде гимнастиканы қолдану. Негізгі гимнастиканың маңызы. Жалпы дамытатын жаттығулар. Сапта тұру жаттығулары. Мектеп жасына дейінгі балалардың тәрбие жұмысында жоғарыда аталған гимнастиканың барлық түрлерінің ішінде мыналар қолданылады: негізгі гимнастика, емдеу (қалыптастыру) гимнастикасы және гимнастиканың негізі түрі ретінде массаж.
Негізгі гимнастиканың маңызы балалардың денесін жан-жақты дамыту, организміндегі функциялық процестерді жақсарту, денсаулығын нығайту үшін оның тиімділігінде болып табылады. Негізгі гимнастикаға кіретін жаттығу тұлғаның дұрыс қалыптасуына, дағдылы қимыл-қозғалысқа, қозғалыстың жалпы үйлесімі мен дене қасиетінің дамуына әсер етеді.
Негізгі қозғалыстар-жүру, жүгіру, секіру, лақтыру, өрмелеу және тепе- теңдікті сақтауды дамытатын жаттығу жасау. Бұл жаттығуларды алда тұрған міндетке байланысты үлкенді-кішілі дене тәрбиесі құралдарын (дөңгелек, құрсау, секіріп ойнайтын жіп, доп, өрмелейтін мінбелер, лақтыру үшін қажетті нысаналар, секіруге арналған бағаналар, т.б.) пайдалану арқылы жүргізуге болады.
Жалпы денені дамытатын жаттығулар бұлшық еттердің жекелеген топтарын дамыту және нығайту, тұлғаны дұрыс қалыптастыру мақсатында қолданылады. Жаттығу организмге жалпы физиологиялық ықпал жасайды және қозғалыстарды үйлестіруді, кеңістікте бағдарлай білуді жетілдіруге көмектеседі. Ол жаттығулар жалаушалар, таяқшалар, дөңгелек құрсаулар, ленталар, т.б.құралдармен және құралдарсыз да орындалады.
Сапта тұру жаттығулары - сапқа тұрғызу (шеңберде, тізбек-сапта, қатарлы-сапқа т.б.), сапқа қайта тұрғызу (бір тізбекті саптан екі, үш, төрт тізбекті сапқа, қатарлы сап­қа және с.с. тұрғызу), жан-жаққа бұрылу (оңға, солға, кері қарай), саптың созылып, сиректеуі және тұтасуы, кеңістіктегі барлық қозғалыс әртүрлі сапқа тұрғызуда және бытыраңқы (сабақтарда, ертеңгілік гимнастикада, көп қозғалысты ойындарда, қол ұстасып әндетіп билейтін ойындарда, мереке салтанатында, қыдыру, экскурсия кезінде) пайдаланылады. Кішкентайлар мен ортаңғы топ балалары кеңістік терминологиясын затқа қарай бағдарлау арқылы қабылдайды: «Tерезеге қарай оңға бұрылыңдар!» Ересектер тобында бағдарлаусыз: «Диагонал бойлап-марш!», «Қарама-қарсы жаққа тізіліңдер!», «Бірінші звено-оңға, екінші-солға марш» және с.с. 5-6 жасар балалардың кеңістік терминологиясын меңгеруінің қолайлылығы және өз бетінше пайдалануын эксперимент арқылы (Э.Я.Степаненкова) анықтаған. Осы жаттығуларды орындау барысында балалардың кеңістікте бағдар ұстауы, ұжымда әрекет ету үйлесімділігі (әртүрлі тапсырмаларды жалпыға ортақ қарқында және өзара байланыста орындау) қалыптасады. Сапта орындалатын жаттығулар балалардың дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ықпал жасайды. Олар әртүрлі заттармен орындалуы, әнмен, музыкамен, ұрып ойнайтын аспаптармен (даңғыра, барабан) сүйемелденуі мүмкін. Негізгі қозғалыстар, денені жалпы дамытатын және сап­та жүріп жасайтын жаттығулар дене шынықтыру және музыка сабақтарында, сондай-ақ ертеңгілік гимнастикада жүзеге асырылады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламасындағы гимнастика жөніндегі барлық матери­ал әрбір жастағы кезеңнің ерекшеліктерін ескере отырып, әр жастағы топтың өз ішіндегі, сондай-ақ олардың арасындағы қиындықты біртіндеп өсіру арқылы орналастырылған. Бұл жаттығулар арқылы әрбір бала балабақшада болған кезеңі ішінде бағдарламалық материалды дер кезінде меңгеру, өзінің жасына лайық қимыл-қозғалыс техникасын игеру және мектептегі оқуға дайын болу мүмкіндігі қатамасыз етіледі. Бұл жаттығулардың бәрі балалардың тұлғасын дұрыс қалыптастыруға, зейінділігін дамытуға, кеңістікте бағдарлай білуге, келісімді әрекет жасауға, тәртіптілікке көмектеседі.
Негізгі қозғалыстардың маңызы. Негізгі қозғалыстар-бұл адам үшін өмірлік қажетті қозғалыстар, адам бұл қозғалыстарды: жүруді, жүгіруді, секіруді, лақтыруды, өрмелеуді өзінің сан алуан қызметінде қолданады, бұл қозғалыстардың тұрақты, қажетті компоненті тепе-теңдік сезімі болып табылады. Негізгі қозғалыстар динамикалық сипатқа ие. Олар бұлшық еттердің көптеген бөлігін әрекет етуге қатыстырады және барлық физиологиялық процестерді жандандыра отырып, бүкіл организмнің тіршілік қызметін арттырады. Сөйтіп негізгі қозғалыстар баланың денесінің дамуына, денсаулығының жақсаруына жағдай жасай отырып, органимге тұтастай әсер етеді. Жүйке жүйесінің реттеуші қызметі негізгі қозғалыстардың жетілдірілуін айқындайды. Сонымен бірге кері тәуелділік жүйке жүйесінің қызметін жаттығудың әсерімен жетілдіру де байқалады. Мақсатты басшылық жасау жағдайында негізгі қозғалыстарды дамыту психикалық процестерді: таным процесін-зейінділікті, қабылдауды, ойша болжауды, көз алдына елестетуді, ойлауды; жігерлілік процесін-назар аударуының жинақтылығын, бала танып білген әрекеттердің мақсаттылығын, өз әрекетін үйлестіре білуін, жалпыға бірдей міндетті бірлесіп орындауын; эмоциялық процесін-жалпы өмірлік көңіл күйді өсіруді, сезімталдыққа, мүдделілікке және өз іс-әрекетіне белгілі бір көзқарасқа баулуды қалыптастырумен байланысты.
Негізгі қимыл-қозғалыстар баланы түрліше бағдарлай білуге тәрбиелеуге: кеңістікте-қозғалыс бағытын, заттың алыстығы мен тұрған орнын, заттардың кеңістіктегі арақатынасын бағдарлай білу, көзбен бақылап білуді дамытуға; уақыт жөнінде-жаттығулардың орындалу ұзақтығын және олардың жеке фазаларының дәйектілігін, қозғалысты белгіленген немесе жеке қарқынмен орындауды бағдарлауға; ұжым арасындағы қозғалыс кезінде бағдарлауға-қайта сапқа тұрғызу және барлық топты сапқа тұрғызу кезінде, балалардың арасында бытырап жүріп келе жатқан кезде өз орнын табуға көмектеседі. Мұның бәрі өзін қоршаған ортаны ескере білуге және соған сәйкес мақсатты түрде әрекет етуге тәрбиелеуге көмектеседі.
Негізгі қимыл-қозғалыстар эстетикалық сезімдерді тәрбиелеуде де маңызды: олар тұлғаның әдемі де дұрыс қалыптасуына, қозғалыстың дәл, әсем әрі үйлесімді болуына, ұжымда әрекет ете білуге және кеңістікті толық пайдалануға көмектеседі.
Негізгі қимыл-қозғалыстар-тәрбие және үйрену процесінде біртіндеп пайда болатын күрделі шартты рефлекстер. Мектеп жасындағы бүкіл кезеңде негізгі қозғалыстар дамиды, жетіледі және қозғаушы стереотиптер қалыптасады. Қозғалысты белгілі бір жүйелілікпен, мысалы, жүру, жүгіру, лақтыру және басқа да жаттығулар кезінде сан рет қайталау осы қозғалыстардың әрбірінің жекелеген элементтері арасында уақытша байланысты тудырады. Буын-бұлшық еттің алғашқы қозғалысты орындаудан басталатын сигнал беру жүйесі тікелей барлық, келесі сигнал беруді туғызады, олар сол жүйеде қалыптасып автоматтанады. Осы кезде балаларда пайда болған динамикалық стереотиптер тамаша тұрақтылыққа ие болады. Алайда негізгі қимыл-қозғалыстарды балаларға үйрету және олардың бойында дамыту процесінде икемді қозғалыс стереотипін, қозғалысты тез өзгерту қабілетін, қоршаған ортаның өзгермелі жағдайына бейімділікті біртіндеп қалыптастыруға ерекше назар аудару талап етіледі. Бұл тапсырмалар қозғалыс қарқынын, қозғалыс шартын өзгертетін жаттығулардың әртүрлі нұсқаларын орындау жолымен жүзеге асырылады.
Негізгі қимыл-қозғалыстар циклді және ациклді бо­лып бөлінеді. Біріншісі үнемі біркелкі циклдерді (айналымдарды) орындау болып табылады, мұндайда бүкіл дене мен оның жекелеген мүшелері үздіксіз бастапқы жағдайына қайтып келеді (мысалы, жүру, жүгіру). Циклді типтегі қимыл-қозғалыс тез меңгеріледі және авто­маттанады. Мұның өзі бұл жүйеде осы циклдің қозғағыш элементтерінің дәйектілігін қалыптастыратын циклдерді қалыпты қайталаумен түсіндіріледі. Қозғалыстардың алмасуымен және олардың қайталануы кезінде тиісті бұлшық еттің сезінуімен байланысты циклдердің қайталанатын дәйектілігі осы қозғалыстың ырғағын қалыптастырады.
Ациклді типтегі қимыл-қозғалыста қайталанатын циклдер болмайды (лақтыру, секіру). Мұндай әрбір қимыл-қозғалыс қозғалыс фазалардың белгілі бір дәйектілігін сақтайды, жекелеген фазаларды орындаудың белгілі бір ырғағына ие. Циклді қозғалыс типіне қарағанда, ациклді қимыл-қозғалыс типі ұзақ уақыт бойы біртіндеп меңгеруді талап етеді. Оларды орындау кезінде қимыл-қозғалыстарды неғұрлым күрделі үйлестіру, барлық әрекетті бір мақсатқа шоғырландыру және жігерлі қимыл жасау қажет.
Жүру-адамды қозғаушы, циклді қимыл-қозғалыс типіне жататын, негізгі, табиғи әдіс. И.М.Сеченов жүру механизмінің барлық күрделі актісін ашты. Қозғалысты тікелей реттеуші нақты тері-бұлшық ет түйсіктері алғаш сигнал беретін тітіркендіргіштер болып табы­лады. «Әрбір қадам жасау барысында екі аяқ бірдей жерге тиіп тұрған кезде, мынадай бір сәт болады, осындай сәтте сезіну ақыл-ой үшін бір аяқтың табанын жерден көтеру және екінші аяқты тіреу сигналы-уақыт пен кеңістікте екі бірдей аяқтың қызметін дұрыс ауыстыруды реттеуші сигнал ретінде қызмет етеді». Жүрудің дұрыс дағдысын қалыптастыратын жаттығудың міндеті бала тұлғасының біркелкі өсуіне, аяқ басуын қалыптастыруға көмектесетін дұрыс жүруге, икемділікпен аяғын ілгері қарай басуға, қолдары мен аяқтарын үйлесімді қорғауға тәрбиелеу болып табылады. «Дағдылы жүріс кезінде ілгері басқан аяқтың өкшесі жерге тиеді, ал содан кейін дененің салмақ орталығының ілгері қарай жылжуы кезінде тірек өкшеден біртіндеп аяқтың ұшына ауысады. Бала жүрген кезде кеудесінің қандай қалыпта тұрғанын бақылау қажет: ол алға қарай бағытталуы керек, сондай-ақ оның төменгі бөлігіндегі тыныс алу қозғалыстары үшін кедергі жасайтын нәрсенің бәрін жою қажет. Бұл жағдайда бас еркін алға қарай бағытталуы керек, мұның өзі де дұрыс тыныс алуға көмектеседі». Жүру кезінде денеге түсетін ауыртпалық жүрістің қарқынына және сол кезде жұмсалатын күшке байланысты. Жүрістің дағдылы, қалыпты, жедел қарқыны көптеген бұлшық еттерді ширақ қимылға келтіре отырып, жүрек-қан тамырлары мен тыныс жүйелері қызметін күшейтеді, мұның өзі тұтас алғанда зат алмасудың жақсаруына көмектеседі. Бұлшық еттердің ширақ жұмыс істеуіне қарамастан белгілі бір мөлшерде жүру баланы шаршатпайды. Бұл жүрістің ырғақтылығымен және автоматтандырылуымен, бұлшық еттердің жұмыс істеу кезінде тартылу және босаңсу сәттерінің кезек алмасуымен, жүйке жүйесі жұмысының үйлесімділігімен түсіндіріледі. Мұндай кезде аяқ тірек ретінде бүкіл дененің салмағын көтеріп тұрады да, екінші жерден көтерілген аяқ жұмыс істеп, маятник сияқты қозғалыс жасайды, ал оның жұмысқа қатысы шамалы болады (П. Ф. JIесгафт). Жүріс қарқынын баяулатқан кездегі аяң жүріс шапшаң қозғалыстан — жүгіруден, секіруден және т.б. кейін денеге түсетін ауыртпалықты біртіндеп бәсеңсітуге көмектеседі және қан тамыры соғуының жиілігін мөлшерге келтіреді. Бала бір жасқа толғаннан кейін жүруді игере бастайды. Бұл жасында және екі жасқа қараған кезінде де қозғалыстардың автоматтылығы мен үйлесімділігі нашар дамиды. Алғашында бала аяқтарының арасын кең ашып, қолдарын екі жағына сермеп, алға және жоғары созып, құлашын жайып жүре бастай­ды. Бұл тепе-теңдікті сақтау қажеттігіне байланысты: денесі тік тұрған кезде баланың бойындағы салмақ орталығы ересектерге қарағанда, салыстырмалы түрде жоғары болады, сондықтан ол тез құлайды. Адым жасаған кезде бала аяғын толық жазбайды, аяқтары тізесі мен белінен бүгулі тұрады, табандарын бір-біріне қатар қойып, тіпті аяқ ұшын ішке қарай сәл бұрып тұрады. Жерге аяқ басқанда бала жүрісті өкшесінен аяқ ұшына ауыстырмай табанымен тырп-тырп басады. Көпшілік балалар жан-жағына теңселіп тұрады, екі қолын бауырына басып немесе ептеп қана бір қолын ербеңдетеді, аяғын жер­ден әрең көтереді (тыпырлайды). Қимыл-қозғалыстың әркелкі қарқыны байқалады: бала бірде жүгірген сияқты тез жүреді, бірде аяқ алысын баяулатады. Екі жасқа қараған кезінде әр бала өзіне ыңғайлы қарқынмен жүреді. Қол мен аяқтың өзара үйлесімді қозғалыстары 2,5-3 жастағы балалардың шамамен 25%-нен, 4 жасқа келгенде олардың тең жартысынан байқалады. Табандарының жерге басылуы параллель қалпында қалады. Бала­лар бірінің артынан бірі тізбекпен, көрсетілген бағдарлардың бағытын сақтай отырып, екеу-екеуден, шеңбер бойлап жүре алады. Олар қимыл-қозғалысқа келтіретін тапсырмаларды жақсы қабылдайды және өз бетінше орындауға тырысады. Саналылық тапсырманы орындауға дұрыс қимыл-қозғалыс жасауға жеке-жеке, бірінің ізінен бірі жүруге, әр жерге қойылған заттардың арасымен бағдар ұстап, оларды айналып, аттап өтіп, қолына ұстап жүруге мүмкіндік береді. Балалар бастап жүруші болуға, кеңістіктегі көріністі қабылдауға және жүрген кезінде көрсетілген затқа (орындық, жалауша, ойыншық және т.с.с.) саналы түрде бағдар ұстауға үйренеді.
Жасы беске қараған, әсіресе, бес жарым жасқа толған бала үйрену процесінде біртіндеп дене тұлғасын дұрыс қалыптастыру, қолдар мен аяқтардың өте-мөте үйлесімді қимылын, кеңістікте бағдар ұстаудың, бағытты өзгертудің мол еркіндігін игереді. Дұрыс дағдылы жүріс төмендегі белгілермен сипатталады, кеуде тік қалпында, иық керілген, іш тартылған, бас сәл ғана (жолды бақылап көру үшін) аяқтан 2-3 м озыңқы болуы тиіс. Тыныс алу мұрын арқылы ырғақты, қалыпты. Адым белгілі бір қалыпта және ырғақта, аяқ пен қолдың үйлесімі дұрыс болуы қажет. Балалардың жас мүмкіндіктерін ескере отырып, тәрбиеші кимыл-қозғалыс қасиетіне неғұрлым жоғары талап қояды. Бұрынғы топта игерілген жүріс дағдылары нығаяды, жетіледі, жүріс аяқтың ұшына, өкшеге, табанның сыртқы жағына және т.с.с. кезекпен ауысады. Балалардың бәрі де бас­тап жүруші бола алады және кеңістікте тәрбиешінің тапсырмасымен де, өз бетінше де бағдар ұстай алады.
Жасы алтыға қараған баланың жүрісі неғұрлым орнықты, баяу қарқынмен, адымының кеңдігімен сипатталады. Тәрбиеші әрбір баланың тұлғасының дұрыс қалыптасуын, қолдары мен аяқтарының үйлесімін, тыныс алуының біркелкілігін (3 адым-мұрын арқылы терең дем алу; 4 адым ұзақ дем шығару) және жүрістің әдістерін өзгерте отырып, сенімді, байыпты мәнер жасауын (тізені бүкпей, жартылай отырып, тізені биік көтеріп және т. б.) бақылауға назар аударады. Жүрісті жетілдіру, сондай-ақ балаларды үйреткен кезде жалпақ табанды болдырмау мақсатында бірқатар арнаулы жаттығулар пайдаланылады. Аяқтың ұшымен жүру тірек алаңы тар жерде орындалады және балтыр мен табан бұлшық еттерінің ширығуын тудырады, сол арқылы табанның жерге тірелуін нығайтады. Бұл жаттығу қысқа адым жасап, қолды жай сермеуге мәжбүр етеді және омыртқаны түзетуге көмектеседі. Табанның сыртқы қырымен аяқты қисайтып жүру («маймақ қонжық»). Аяқты жартылай бүгіп, бұқпалап жүру. Жерде жатқан сатымен жалаң аяқ оның көлденең басқыштарын аяқтың саусақтарымен іліп жүру. Белгіленген ауыстыру арқылы өкшеден аяқ ұшына жүрісті ауыстыру. Жас өскен кезде арқаның, құрсақ шандыры мен аяқтың бұлшық еттерін нығайтатын, қолды кең сермеуді талап ететін, иық белдеуінің бұлшық еттерін дамытуға, байланыс және буын аппаратын нығайтуға көмектесетін жүріс-санды жоғары көтеріп жүру; әртүрлі тапсырмалар мен кеңістікте бағдар ұстауға, қарқын мен бағытты өзгертуге сигнал беру арқылы орындалатын, сан алуан өзгерістер мен, заттардың арасында жүру; ептілікті дамытатын шалыс жүріс, қосымша адым жасап жүру; қолды қосымша қозғалтып, зат ұстап жүру; жоғарыға біртіндеп көтерілетін, тарылтылған тірек алаңымен жүру, сондай-ақ тепе-теңдікті сақтау, төзімділік, жинақылық, ептілік, қимылды үнемдеу сезімін тәрбиелеуге көмектесе­тін әртүрлі биіктікте (белдіктің тақтайдың, бөрененің үстінде) жүру қолданылады. Иық белдеуінің, құрсақ шандырының, аяқтың, табанның бұлшық еттерін күшейтетін, аяқтың ұшына салмақ салып, қолды кең сермеп жүретін гимнастикалық жүріс. Жүріп жасалатын жаттығу жүрісті немесе аяқ алыс кезінде дене тұлғасын қалыптастыратын қозғалыс стереотипінің пайда болуына көмектеседі. Жүрісті жетілдіру мектеп жасына дейінгі бүкіл балалық кезең бойына жалғасады. Жасқа байланысты жүріс дағдысын игерудің сапалық қана емес, сандық көрсеткіштері де өзгереді: адымның ұзындығы 4 жасар балаларда 39-40 сантиметрден, 7 жасар балаларда 51-53 сантиметрге дейін өседі, тиісінше адым саны минутына 170-180-нен 150-ге дейін азаяды.
Жүгіру-циклді қозғалыс типі. Ол да жүру сияқты циклдердің қайталануымен, тегістікте тіректердің кезектесу сәттерімен, аяқтардың алға қарай кезектесіп ауысуымен, қол қимылының үйлесімділігімен ерекшеленеді. Алайда, жүгірудің жүруден елеулі айырмашылығы бар. Жүгіру кезінде, жүгірген адамның екі аяғы бірдей жерге тимей кетіп бара жатқан кезде көтерілу фазасы болады. Көтерілуі сәті бұлшық ет босаңсып алға қарай екпінмен қозғалу мүмкіндігін бере отырып, адамның ілгерілеу тездігін күшейтеді, адымның ұзындығын ұлғайтады. Жұмыс істеп тұрған жүйке орталықтарының қызметінде осы кезде пайда болған тежеудің күшіне қарай олардың жұмыс істеу қабілетін, сондай-ақ бүкіл жүйке-бұлшық ет жүйесін қалпына келтіру қамтамасыз етіледі (E.Г.JIеви-Гориневская). Жүгіруге үйрену кезіндегі жаттығудың міндеті қол мен аяқтардың жақсы үйлесімімен жеңіл, тез, еркін, ілгері қарай ұмтылған қозғалысты қалыптастыру болып табылады. Жүгіру процесінде көптеген бұлшық еттер тобының кезектесіп қысқаруы және босаңсуы жүріп жатады. Жүгіру кезінде энер­гия шығыны күрт артады, сондықтан тыныс алу ауқымы, қан айналу жылдамдығы, газ алмасу ұлғаяды. Дұрыс мөлшерленген жүгіру жалпы денені дамытуға, орталық жүйке жүйесі қызметін жетілдіруге, жүрек-қан тамырлары мен тыныс жүйелерін тынықтыруға көмектеседі. Тез, екпінді жүгіріс денеге түскен күшті біртіндеп азайтумен-ізінше баяулайтын жүріске көшумен аяқталуы керек, мұның өзі тамырдың соғуының мөлшерге түсуіне көмектеседі. Тез қимылдан тұрақты жағдайға (тұруға немесе отыруға) бірден ауысу жүрек-қан тамырлары жүйесінің жеткіліксіз шынықтырылуына қарай жағымсыз құбылысты туғызады, мұны балалармен жұмыс істеген кезде ескеру қажет.
Жүгіру екі жасқа толған кезде қалыптасып, үш жасқа қарағанда жетіле түседі. 2,5-3 жасар баланың жүгіруіне қысқа, кібіртік адым тән. Көптеген балалар жерден аяғын әрең көтереді және табанын тегіс басып, балпаңдап жүгіреді. Бұл жаста балалар жүргеннен гөрі жүгіргенді жақсы көреді. Дағдыны игере бастаған кезде олар аяқтарын қинала басып, қалыпты ырғақсыз жүгіреді, бағытты дұрыс ұстамайды. Yйретуге қарай дұрыс жүгірудің белгілері: ұшқырлық-кеуде аздап алға қарай еңкеюі, бастың көтеріңкілігі, қолдың шынтақтан бүгілуі, қол мен аяқ қимылының үйлесімділігі қалыптаса бастайды. С.Я.JIайзаненің мәліметі бойынша көтерілу фазасы бір жас 10 айдан 2 жас 8 айға дейінгі балалардың 30%-нан байқалған, ал 8 айдан кейін көтерілу фазасының нысаналы әрекеті балалардың 92%-нан байқалған. Балаларды жүгіруге үйрету ширақ қимылдайтын ойындар, жаттығу ойындары арқылы жүзеге асырылады (тура бағытпен, ал кейінірек-бытырап және бірінің артынан бірі жүгіру). Қол мен аяқ қозғалысының жақсы үйлесімі балаларда жүруден гөрі жүгіру кезінде тез қалыптасады, бұл 3 жасар балалардың 30%-да, 4 жасар балалардың 70-75%-да, 7 жасар балардың 90%-да байқалады. 4 жастан 7 жасқа дейінгі балалардың жүгіру тездігі айтарлықтай өзгереді. 4 жастан 7 жасқа дейінгі балалардың жүгіру адымы ұзындығының тұрақты кеңейетіндігі олардың 28-30%-нан байқалады. Мектепке дейінгі жаста жүгіру адымының жиілігі аз өзгереді: 4 жасар ұлдардың жүгіру адымының жиілігі 4,45 адым (секундына, қыздардың—4,18 адым) секундқа, 7 жаста тиісінше 4,26 адым (секундқа және 4,24 адым) секундқа тең. Бұл мәліметтер мектепке дейінгі жастағы балалардың жүгіру тездігінің артуы айтарлықтай дәрежеде олардың жүгіру ады­мының кеңеюі есебінен келіп шығады деп есептеуге негіз жасайды (E. Н. Вавилова). 4 жасқа қарағанда, жаттығудың ықпалымен жүгіру кезін­де қол мен аяқтың үйлесімі жақсарады, ұшқырлық, ырғақтылық жетіледі. Алайда, бала адымының ұзындығы әлі де жеткілікті болмайды. Сондықтан балалар жүгіру кезінде сызылған сызық, шеңбер арқылы, сондай-ақ қатты жүгіргенде жалтарып кететін және ұстап қалатын жаттығулар беріледі. Бала 5 жасында жүгіру техникасының дәлдігін, жеткілікті, дәрежеде толық болмағанымен, негізінен меңгереді. Yйрету кезінде жүгіру техникасының дәлдігін, оның жеңіл орындалуымен тездігін жетілдіруге назар аударылады. Балалар 6 жасында өздеріне қолайлы жүгіру техникасын меңгереді. Жеңіл, ырғақты, құштарлықпен, бір қалыпты, қимылдардың жақсы үйлесімділігімен, ұшқырлықпен, бағытты сақтап жүгіреді. Yйрету кезінде жүгіруді жетілдіруге, оның тездігін дамытуға басты назар аударылады (қашықтық 30 м). Балалар әртүрлі тапсырмаларды орындап, жалтара жүгіріп жаттығады. Балалардың жүгіру қасиетін жетілдіру мақсатымен, жүру кезіндегі сияқты жүгірудің сан алуан түрлерін: аяқтың ұшымен жүгіруді, адымды кең ашып жүгіруді, құрсақ шандыры, жауырын, табан бұлшық еттерін шынықтыратын санды биік көтеріп жүгіруді, қимылдың үйлесімі мен икемділігін тәрбиелеуге ықпал ететін музыка үнімен жеңіл, ырғақты жүгіруді, заттардың арасымен және қолына зат ұстап жүгіруді (секіргіш, шеңберлер), кедергілерді жеңе отырып және кеңістікте бағдар белгілеу мен қимыл үйлесіміне көмектесетін шектеулі тегістікте (сызылған шекаралар) жүгіруді, сигнал бойынша және кеңістіктегі бағдарға қарап, әртүрлі тапсырмалармен жүгіруді, жарыса жүгіруді, кеңістікте және ұжымда бағдар ұстау үшін жақсы жаттығу ретінде қызмет ететін ептілікке және баланың қоршаған жағдайды тез сезінуіне тәрбиелейтін жалтарып кетіп және ұстап қалып, бытырап жүгіруді пайдалану тиімді болады. Жүгіру кезіндегі жаттығулардың тәрбиелік маңызы, балалардың сан алуан пайдалы бағдар алуында.
Өрмелеу циклді қозғалыс типіне жатады. Өрмелеу және төмен түсу процесінде жүрумен ұқсас элементтердің кейбір қысқа мерзімдік қайталануы болады: әрбір аяқтың саты басқышына тірелген және екі аяқтың да басқышты басып тұрған сәтіндегі қол мен аяқтың кезек қимылы. Өр­мелеу кезіндегі циклдер қайталануының үздіксіздігі гимнастика жасайтын қабырғаның 1-1,5-2 м биіктігімен айқындалады. Мектепке дейінгі жаста өрмелеудің төмендегі түрлері пайдаланылады: көлденең және еңіс жазықпен еңбектеп өрмелеу, асылып түсу, еңбектеп өту, еңбектеп жүру (еденде, гимнастика отырғышында), тік биікке өрмелеу (гимнастика жасайтын қабырғада, жеңіл баспалдақта, арқаннан жасалған басқышта). Өрмелеу сан рет қайталау процесінде игерілетін күрделі шартты рефлекс болып табылады. Ол бұлшық, еттердің айтарлықтай бөлігін жұмысқа қосады және осыған байланысты баланың бүкіл организмінің әрекет ету қызметін арттыруға, сондай-ақ тұлғаны дұрыс қалыптастыруға көмектеседі. Өрмелеу бұлшық еттердің алма-кезек тартылуымен және босаңсуымен сипатталады, мұның өзі қимылдауға жұмсалған энергия шығынын қалпына келтіруге және дене күшімен неғұрлым ұзақ уақыт әрекет етуге мүмкіндік береді. Өрмелеу кезінде жасалатын жаттығу қимыл-қозғалыс үйлесімін жақсартады, тыныс алу және қан айналымы функциясын жетілдіруге көмектеседі, зат алмасуды жақсартады. Баланың 8-9 айлығында игеретін еңбектеу кезінде, өрмелеу кезіндегі сияқты арқаның, құрсақ шандырының, аяқтың бұлшық еттері нығаяды. Оның үстіне қол-аяқтың бірдей тірек болуының арқасында еңбектеу кезінде баланың омыртқасына түсетін күш азаяды, мұның өзі баланың өсу кезеңінде өте маңызды. Әуелі балалар жер бауырлап жылжиды, ал кейін алақанымен, тізесімен жер тіреп еңбектейді. М.Ю.Кистяковскаяның мәліметі бойынша, кейбір балаларда еңбектеудің неғұрлым жетілген формасы бірден пайда болады: олар қолдары мен аяқтарын бірінен соң бірін алма-кезек басады. Жасы өскен сайын жаттығу біртіндеп күрделендіріледі-көлденең және еңіс қалыпта тұрған тақтайдың, одан кейін отырғыштың, бөрененің үстімен жүргізеді. Мұнан да басқа балалар қақпаның, орындықтың астында еңбектеп жүру, жіптің, қақпаның астына еңбектеп кіру, бөрененің, отырғыштың үстінен асып өту кезінде жаттығады. Омыртқаны түзету мақсатында бұл жаттығулардан кейін балаларға допты лақтыру және ұстап алу, жалаушаны жоғары көтеру және т.с. ұсынылады. Бала жеткілікті дәрежеде дербес қимыл жасай алатын кезде жантайып қойылған және тік тұрған, биіктігі 1 метрлік сатыны бойлап өрмелейтін жаттығу ұсынылады. М.Ю.Кистяковская мен 3.С.Уварованың мәліметі бойынша өрмелеу екі жасқа қарағанда қалыптасады. Өрмелеу кезін­де қозғалыста циклдік біртіндеп байқала бастайды, бағдар және қол-аяқ қимылының ауытқу шегі айқындалады. Бастапқыда бұл көзбен көріп талдау, одан әрі кинестетикалық талдау арқылы реттеледі. Қосымша адым аттау әуелі аралас, ал кейін аяқтардың кезекпен аттауымен алмастырылады. Тіпті, үйреткеннің өзінде аяқтардың кезекпен аттауын жантайтып қойылған сатыға өрмелеу кезінде 2 жасар балалардың тек 20%-да, 3 жасар балалардың 60%-да және тік қойылған саты­ға өрмелеу кезінде 3 жасар балалардың 40%-да ғана қалыптастыруға болады. А.Д.Удаланың мәліметі бойынша, бес жаста аяқтардың кезектесіп адым аттауы іштей әсер етумен, үйретусіз пайда болады. Осылай адым аттайтын балалардың ең көп саны 6-6,5 жаста байқалады. Алайда, 7,5 жасқа дейінгі ұлдардың 40%-ы және қыздардың 47%-ы өрмелеу кезінде және әсіресе, сатыдан түскен кезде қосымша адымды көбірек жасайтын аралас адымды көбірек қолданады. Мұндайда қол мен аяқтың ерсілі-қарсылы қимылының үйлесімі көрінбейді. Өрмелеу ке­зінде тездіктің барынша өсуі 5-5,5 жаста байқалады, оның үстіне ұлдар тез өрмелеп, 7-7,5 жаста ең жоғары тездікке жетеді. Жүйелі түрде үйреткен жағдайда ересектер мен дайындық тобының балалары қосымша тапсырмаларды орындай отырып, трибунаға шығуда және оның екінші бөлігіне адымдап өтуде, трибунадағы алаңға жетіп, жалаушаны көтеруде, трибунаның ең жоғарғысына жүгіріп шығуда («Mаймылдар мен аңшылар», «JIентамен ұстау» және басқа ойындар) тез және ырғақты өрмелейді. Бұл жаттығулар барлық жастағы топтарда тәрбиешінің тікелей бақылауымен өткізілуі керек. Күн сайын өрмелеу жаттығуын жасау баланың бойында қажетті өмірлік дағдыны қалыптастырады және қозғалыстар үйлесімділігіне тәрбиелейді. Бұл үшін топ бөлмесіне ең болмағанда бір басқышты гимнастикалық саты, балабақша ауласына мұнаралы трибуна, шағын дуалшалар орнату ұсынылады. Өрмелеу процесінде бала қажетті дәрежеде қажырлыққа тәрбиеленеді (батылдық, табандылық, зеректік, ептілік). Мектеп жасына дейінгі балалар жүйке жүйелері кемелденуінің жеткіліксіздігіне, сүйек-буын сіңірі аппаратының әлсіздігіне, кеудеге қарағанда білезік бұлшық еттері күшінің аздығына байланысты бөрененің, арқанның үстімен жүру қиын. Мектеп жасына дейінгі балалардың қолымен асылып тұруына болмайды: бұл бұлшық етке ұзақ уақыт тұрақты күш түсіруді, буындар мен сіңірлердің уақытынан бұрын созылуын туғызады, жүйке жүйесін шаршатады.
Секіру-ациклді қимыл-қозғалыс типі. Онда циклдердің қайталануы болмайды және секіруді орындаудың барлық процесі бір-ақ рет жасалып аяқталатын қозғалыс болыл табылады. Секіруде қозғаушы элементтер мен ырғақтың белгілі бір дәйектілігі бар. Секіру үш фазадан: дайындалу-ұмтылу және тізе бүгу немесе жүгіру, негізгі-серпілу және көтерілу, соңғы-жерге түсуден тұрады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   116   117   118   119   120   121   122   123   ...   202




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет