1-БӨЛІМ Мектепке дейінгі ұйымында балаларды табиғатпен таныстырудың маңызы
1.2-тақырып. Балаларды табиғатпен таныстыру міндеттері Балалар әрқашан да және барлық жерде табиғатпен қандай да болсын белгілі бір қарым-қатынаста болады. Жасыл ормандар мен жайылымдар, әдемі гүлдер, көбелектер, қоңыздар, құстар, аңдар, көшпелі бүлттар, жапалақтап жауған қар, бұлақтар, тіпті жазғы жаңбырдан кейінгі шалшықтар – соның бәрі балалардың көңілін аударады, қуантады, олардың жетілуіне мол азық береді. Табиғатқа үңіле қараудан, балалар ойнайтын орындарға күштарлықтан өз өлкесіне, туған табиғатына, Отанына деген сүйіспеншілігі пайда болып, жетіле түседі, патриоттық сезімге тәрбиеленеді. Гүлдер мен жемістердің түрі, пішіні, иісі, құстардың сайрауы, бұлақтардың сылдыры, судың шалпылы, шөптің сыбдыры, құрғақ жапырақтардың судырлауы, қардың аяқ басқан сайын сықырлауы – осының бәрі балалардың табиғатты сезінуіне мүмкіндік береді және олардың эстетикалық сезімін, сенсорлық тәрбиесін дамытудағы бай материал қызметін атқарады. Табиғатты шын мәнінде қандай болса, сол қалпында көріп, еститін бала кездегі ептілік – балалардың оған деген қызығушылығын арттырады, білімін кеңейтеді, мінез-құлқын, ынта-ықыласын қалыптастыруға ықпал етеді.
Бағдарламаға сәйкес балаларды табиғатпен таныстыру үрдісінде өзара тығыз байланысты білімдік және тәрбиелік міндеттер жүзеге асырылады. Ақыл-ой тәрбиесінің негізгі міндеті – балаларға өлі табиғат туралы, өсімдіктер, жануарлар және балалардың сезіммен қабылдай алатын объектілері мен құбылыстарының арасындағы қарапайым байланыстар жөнінде білім беру. Ақыл-ой тәрбиесінің ажырамайтын бөлігі – сенсорлық мәдениет. Ол анализаторды (талдауларды) жетілдіруге, балаларда сезімдік тәжірибе жинақталуына бағытталған, ол келесі талдаулардың, табиғаттанудағы қарапайым ұғымдарды қалыптастырудың негізі болып саналады. Балалардың білімді меңгеруі – олардың танымдық қабілеттерінің, сенсорлық аппаратының, логикалық ойлауының, зейінінің, тілінің, байқағыштығының, білуге құмарлығының дамуымен тығыз байланысты болуы тиіс. Ойды дамыту және материалистік дүниетанымдылықтың негізін қалыптастыру үшін балаларды табиғаттағы заттармен және құбылыстармен таныстыру, байқаған құбылыстарына түсініктер іздестіруге үйрету және олардың арасындағы байланыстылық пен өзара қатынастарды жете түсінуге балаларды баулу. Ақыл-ой табиғат құбылыстарының арасындағы өзара себеп-салдарлық қатынасты түсіну үрдісінде жетіледі. Бақылауға, яғни табиғат құбылыстарына белгілі бір мақсатпен қарауға үйрете отырып, балалардың жалпы ақыл-ойының жетілуімен тығыз байланыста болатын және «балалардың оқуға дайындығының» елеулі шарты болып табылатын зейінін дамыту. Табиғатқа деген ынта-ықыласты да тәрбиелеу қажет. Тәрбиеші жануарлар мен өсімдіктердің сыртқы түріне, қимылына, қылықтарына балалардың назарын аударып, қалай бақылау керектігін көрсете отырып, балалардың табиғат жөніндегі білімін ғана емес, жануарларға деген көзқарастарын да қалыптастырады. Тек әрқашан да баланың жасын ескерту қажет және оның көңілін сол заттың немесе құбылыстың несі қызықтыратынын да білу керек.
Балаларды табиғатпен таныстыру үрдісінде адамгершілік, еңбек, дене және эстетикалық тәрбие беруді жүзеге асыру қажет. Баланың адамгершілігін жетілдіруде оны туған табиғатқа деген сүйіспеншілікке және тірінің бәріне ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу ерекше орын алады. Балаларға, әсіресе, өздерінің өсіргендері жақын әрі қымбат. Балабақша балалардың өздері бақылап, бағып-күтіп жүрген жануарлар мен өсімдіктердің болуы – оларды табиғатқа ұқыптылықпен қарауға, еңбекке деген сүйңспеншілікке және соған дағдылануға, тапсырылған іске жауапкершілік сияқты тәрбиелеуге көмектеседі