Балаларды табиғатпен таныстырудың маңызы Табиғат – органикалық (тірі) және органикалық емес (өлі) дүниелері бар бүкіл әлем. Тірі табиғат денелерінің өлі табиғаттан негізгі айырмашылығы – заттардың алмасу үрдісінде тірі дененің өсуі, дамуы, көбеюі болып табылады. Өлі дене сыртқы ортаның өзара әсерінен өздігінен қайта жаңармайды, бұзылады да, өлі материяның басқа бір түріне ауысып отырады.
Адамдар өмірінде табиғаттың маңызы зор және сан алуан. Табиғат – адамның материалдық және мәдени игіліктерінің қайнар көзі. Мектеп жасына дейінгі балаларды табиғатпен таныстыру – бұл олардың санасында қоршаған табиғат жөніндегі реалистік білімдерді себу құралы, мұның өзі сезімдік тәжірибеге және табиғатқа деген дұрыс көзқарасқа негізделген. Балаларда шындықты дұрыс көрсететін білімдердің болмауы – оларда жоққа сенушілік жиі пайда болуына әкеліп соқтырады. Балалардың жануарларға деген қатігездігінің, бақаларды, кірпілерді, пайдалы жәндікті т.б. өлтіруінің себебі – олардың жануарлар жөніндегі теріс түсініктерінен болады. Бұл тек табиғатқа ғана зиян келтірмей, балалардың психикасына да теріс әсер етеді, оларды қатігездендіріп жібереді. Ауялап қалған теріс түсініктерді түзеу жаңа, дұрыс түсініктерді сіңіруден анағұрлым қиын. Сондықтан, балалардың мектеп жасына дейінгі кездің өзінде-ақ табиғат жөнінде дұрыс мәлімет алуы өте маңызды. Табиғат құбылыстарын балалардың дұрыс қабылдауы үшін, олардың табиғатты қабылдау үрдісін бағыттау қажет.
Балаларды табиғатқа жақындастырмайынша және оны балабақшаның оқу-тәрбие жұмысына кеңінен пайдаланбайынша, мектеп жасына дейінгілерді ақыл-ой, эстетикалық, адамгершілік, еңбек және дене тәрбиесі жағынан жан-жақты жетілдіру міндеттерін шешуге болмайды. Балаларды еңбек сүйгіштікке, табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу үшін оларға өсімдіктерді өсірудің және жануарларды бағып-күтудің ең қарапайым әдістерін үйрету қажет. Балалар өз еңбектерінің үрдісі мен нәтижесінен қуанышқа жететіндей, жер учаскесінде істеген жұмыс олардың бұлшық еттерін өсіретіндей және нерв жүйесін шыңдайтындай болуы өте маңызды. Еңбек сүйгіштік қасиетті қалыптастыру үлкен адамдардың табиғаттағы еңбегімен балаларды таныстыру, олардың істеген істеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу қажет. Балалардың табиғатта болып, еңбек етуін олардың денсаулықтарын нығайту мен денелерін жетілдіру үшін пайдалану керек. Табиғат балаларға эстетикалық тәрбие берудің негізгі құралдарының бірі болып табылады. Табиғат сұлулығы ең кішкентай балалардың өзін де бей-жай қалдырмайды. Балалар әсемдіктің бәрін сезінуді үйренуі, сол арқылы өзінің алдағы өмірінде дүниенің бүкіл сұлулығын және алуан түрлілігін қабылдай білуі қажет.
Тәрбиешіге қойылатын талаптар Мектеп жасына дейінгі балалар ұйымның педагогынан, балаларды табиғатпен таныстыру үшін табиғат жөніндегі әр түрлі ғылымдар саласынан білімнің мол қоры болуы, оның даму заңдылықтарын түсіну, табиғаттағы заттар мен болып жатқан құбылыстардың арасындағы өзара байланысты материалистік диалектика тұрғысынан дұрыс түсіндіре білу талап етіледі. Әсіресе өзі тұратын жердің табиғатымен танысу маңызды: мерзімдік өзгерістерді бақылап отыру, күнтізбелік жасау, көбірек таралған өсімдіктер мен жануарларды анықтап, тануды үйрену, оларды қайдан кездестіруге болатынын білу. Балаларды табиғатқа белсенділікпен және ұқыпты түрде қарауға тәрбиелеу балабақшадағы жануарлар мен өсімдіктерді күтуге көмектеседі. Тәрбиешіден тірі табиғат мүйісін ұйымдастыра білу, өсімдіктер мен жануарлар табиғатта қалай өмір сүрген болса, соған ұқсас жағдайларды жасау талап етіледі. Мұнан басқа оның балабақша учаскесі мен тірі табиғат мүйісіндегі өсімдіктерді өсіруге агротехникалық әдістерін және жануарларды бағып-күтуді меңгеру керек. Тәрбиешінің өз үлгісі балаларды еңбек дағдыларына тәрбиелеуде шешуші ықпал етеді. Балаларда табиғат туралы білім мен эстетикалық сезімнің қалыптасу үрдісінде тәрбиешінің өзінің де табиғаттың сұлулығын тануға және оған сүйсінуге деген ынтасы мен іскерлігінің зор мәні бар. Табиғатты сүйетін тәрбиеші қажетті білімдер мен шеберліктерді, сондай-ақ жұмыстың негізгі әдістерін меңгере отырып, табиғатты баланың жан-жақты жетілуіндегі құдіретті фактор ете алады.