11-параграф. І жартыжылдық
189. Сурет салу.
Заттық сурет салу:
1) балаларды елестету және заттарға қарап гүлдер, көкөністер, жемістер, ойыншықтар, күрделі емес сұлбаларды өздеріне тән ерекшеліктерін бере отырып салу дағдыларын қалыптастыру. Серуен кезіндегі бақылаудан кейін - ағаштың күзгі жапырақтары, үй, трамвай, автобус; серуен мен саяхат кезінде алған әсерлерін суретте бейнелеу;
2) пішіндер туралы білімдеріне сүйене отырып, негізгі пішінін, заттар мен олардың бөліктерінің үйлесімділігін нақты беруге, бөліктердің салыстырмалы көлемі мен орналасуына, түстер туралы біліміне сүйене отырып, заттардың түстеріне, өз талғамымен түстерді таңдауға үйрету;
3) бірнеше біртекті заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін жеткізе білу іскерліктерін қалыптастыру.
Өздері білетін пішін жасау тәсілдерін бекіту:
1) бірнеше заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін жеткізе білу;
2) көкөністер мен жемістер, балық, жануарлардың суретін салу барысында дөңгелек пішіндегі бірнеше заттардың көлеміндегі айырмашылықты бере білу;
3) төртбұрыш пішіндегі бірнеше заттардың көлеміндегі айырмашылықты;
4) көлік құралдары, адамдардың тұлғасы сияқты күрделі пішіндегі бірнеше заттардың көлеміндегі айырмашылықты көре білуі.
Балаларды суретке қарап салуға және елестете отырып (жануарлардың, адамдардың және ойыншықтардың) суретін салуға үйрету, күрделі емес қимылдарды бере білу, бейненің айқындылығына, қимыл барысында қолдың, аяқтың қалыптарының өзгеруіне қол жеткізу. Заттардың шамасы мен үйлесімділіктегі айырмашылығын бере білуге үйрету. Бояумен жұмысты жетілдіру (бояудың қажетті қоюлығын алу үшін, акварель бояуын сумен араластыру).
Сәндік сурет салу:
1) түзу, ирек, жіңішке, жалпақ сызықтарды, түрлі көлемдегі дөңгелектерді, жақпаларды, нүктелерді ырғақты орналастыра отырып, қарапайым пішіндерде өрнектерді құрастыра білу іскерліктерін бекіту. Түрлі өлшемдегі өрнекті элементтерді үйлестіру, ақ және түрлі түсті қолдана отырып, түстерді таңдауды қолдану;
2) қылқаламмен қағазға басып салу тәсілдерін қолдануға; қағаздың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратуға үйрету.
Қарындаштармен сурет салу барысында саусақтарға күш түсірмей, көлбеу ұстау қажет, штрихтарды біркелкі жеңіл қимылмен бір бағытта әрі-бері сызу. Сызықты контурдың сыртына шығаруға болмайды.
Сурет салу барысында қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізіледі.
Балаларға түрлі материалдар: қарындаштарды, бояуларды қолдануды үйрету. Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың (1–2) өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндер мен сұлбалардың ортасы мен шеттеріне орналастыра білу. Қазақ оюларының көптүрлілігі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктері мен оларға тән элементтерін қолдана отырып, құрастыра білу іскерліктерін дамыту. Ұжымда жұмыс жасай білуге тәрбиелеу.
Сюжеттік сурет салу:
1) бейнелерді бүкіл параққа, бір сызықтың бойына, жалпақ жолақшаға орналастыру біліктерін қалыптастыру. Бейнені айқындау құралдарын, ересектердің еңбегін, қоғамдағы оқиғаларды қолдана отырып, балаларды табиғаттан алған әсерлерін көрсете білуге үйрету. Ертегі желісі бойынша сурет салу;
2) бір мазмұнға біріктіре отырып, бірнеше заттардың суреттерін бейнелей білуге үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
гүлдер, көкөністер, жемістерді шынайы бейнесінен және елестетуі бойынша суреттерін салады;
суретті салуда мәнерлеу құралдарын, қазақтың ою-өрнек элементтерін қолданады;
сюжетті суреттерді салады.
190. Мүсіндеу.
Заттық мүсіндеу.
Келесі дағдыларды қалыптастыру:
1) балаларды затқа қарап немесе көз алдарына елестету арқылы көлемі мен пішіні әртүрлі таныс заттарды, көкөністер мен жемістерге тән ерекше бөліктерді бейнелеуде барлық қол білектері мен саусақтарын дұрыс қозғалту техникасын сақтай отырып, мүсіндеуге;
2) қарапайым қатынастарды сақтай отырып адам мен жануарлардың пішінін мүсіндеуге үйрету;
3) көшеде, үйде және балабақшада көрген заттарын бейнелей отырып, елестету арқылы мүсіндеу.
Олар бақылау жасаған заттардың бейнесін жеткізе білуге, заттарды түрлі қалыпта мүсіндеуге, бейненің жеке шешімін өздігінен табуға үйрету. Сулы шүберекпен пішіннің үстінен тегістеуге және кескішті қолдануға үйрету.
Сәндік мүсіндеу.
Балаларды халық ойыншықтарымен таныстыру, ойыншықтарды мүсіндеуге үйрету. Халықтық ойыншықтар желісі бойынша бейнелер жасауға үйрету. Мүсінді бейнені безендірудің тәсілдерін өз қалауы бойынша таңдауды ұсыну.
Сюжеттік мүсіндеу.
Балаларды мүсіндеудің таныс әдістерін қолдануды және заттардың өлшемдік қатынастарын бере білуге жаттықтыру. Бейненің ерекше қасиетін, адамның қимылын анық көрсетуге, сырт келбетін әдемі безендіруге үйрету.
Кескішті қолданып, тұтас бөліктен мүсін жасауды жетілдіру. Затты тұғырға орналастыру техникасын қалыптастыру. Біртекті заттардан сюжеттер жасау, бірнеше пішінді бір тұғырға орналастыру.
Кейіпкерлердің өзіне тән бөлшектерін мүсіндеуге, композиция мазмұнын қосымша заттар мен элементтердің көмегімен мейлінше көркемдеп жеткізуге үйрету, біртекті заттардың бейнесін жасаудан, мазмұнға сәйкес әр қилы бейнелерді жасау білімдерін бекіту.
Күтілетін нәтижелер:
қарапайым үйлесімділікті сақтай отырып, адам мен жануарлардың пішінін мүсіндей біледі;
халық ойыншықтары мен керамикалық бұйымдардың желісі бойынша бейнелерді бере біледі;
заттармен және элементтермен толықтыра отырып, кейіпкерлер мен композицияларға тән бөлшектерді қолданады.
191. Жапсыру.
Заттық жапсыру.
Балалардың қайшыны қолдану біліктерін бекіту: жолақшаларды тікбұрыштар етіп қию, шаршыларды үшбұрышты етіп қию, шаршы немесе тікбұрыштың шеттерін қию арқылы дөңгелек пен сопақша пішіндерді қиып алу.
Келесі дағдыларды қалыптастыру:
1) екіге бүктелген қағаздан, түрлі қатпарлы бейнелерді қиюды;
2) қатпарланып бүктелген қағаздан бірдей бірнеше пішіндерді және екіге бүктелген қағаздан симметриялы пішіндегі заттарды қиюды;
3) елестету бойынша бірнеше бөліктерден заттар жасауды;
4) жырту тәсілімен жапсыруды.
Қағаздан дайындалған тікбұрыштардан дөңгелек пішіндерді қиып алу, заттарды бірнеше бөліктерден бейнелей білуді бекіту.
Сәндік жапсыру:
1) түрлі пішіндегі қағазда таныс геометриялық элементтерден өрнек құрастыруды үйрету; Бөліктерден бейнелерді құрастыру, мерекелерге арнап үй-жайды безендіру үшін ұжымдық жұмыстарды орындау;
2) ұлттық кілемдерді, ас тақтайшаларын, сүлгілерді, қуыршақтарға арналған ыдыс-аяқтарды, ыдыс-аяқ сақтайтын сөмкелерді, қымыз құятын ыдыстарды (торсық), бұйымдарды, шырша әшекейлері мен ойыншықтарын, жаңа жылдық құттықтау ашық хаттарын, топ бөлмесін безендіруге, қыс тақырыбындағы ұжымдық панно жасауға үйрету.
Сюжеттік жапсыру.
Балаларға қағазға заттарды орналастыру дағдыларын үйрету. Жапсыруларды құрастыру барысында объектілердің көлемі бойынша қатынасын, заттардың бөліктерінің пішінін, құрылымын, қатынастарын көре білу іскерліктерін меңгерту.
Келесі дағдыларды қалыптастыру:
1) әлеуметтік жағдайлар мен балалар өміріндегі оқиғаларды бейнелеу;
2) үлгілер және трафареттермен, дайын киім үлгісімен жұмыс істеу;
3) өзінің жұмысын композиция, перспектива ережелеріне сәйкес құру;
4) қайшыны, желімді дұрыс қолдану;
5) екі бүктелген қағаздан симметриялық пішіндер қию;
6) геометриялық элементтерден (дөңгелектер, шаршылар, сопақшалар) өрнектер құрастыру;
7) заттарды қазақ ою-өрнектерімен безендіру;
8) еңбек қауіпсіздігі және жеке гигиена ережелерін сақтау.
Күтілетін нәтижелер:
жұмыс тәсілдерін таңдайды және негіздейді;
қағаздан симметриялық пішіндерді қия алады;
бірнеше бөліктерден өрнек құрастырады;
дайын үлгілермен, шаблондармен, трафареттермен жұмыс жасайды;
геометриялық элементтерден өрнек құрастырады, заттарды қазақ өрнектерімен безендіреді;
еңбек қауіпсіздігі және жеке бас гигиенасы ережесін сақтайды.
192. Музыка.
Музыка тыңдау.
Шығармалардың эмоционалдық мазмұнын, олардың сипатын, көңіл күйін, әсерлі реңктерін ажырату. Музыкалық шығармаға өзінің қатынасын білдіру, оның мазмұны мен сипаты туралы пікірін айту.Қазақтың ұлттық аспабының дыбысталуымен таныстыру. Ұлттық, домбырада және қобызда орындалатын "күй" жанрымен таныстыру, күйші-композитор: күйші Құрманғазының, қобызшы Қорқыттың шығармашылығымен таныстыру.
Ән айту.
Дауысы мен есту қабілеттерін дамытуға арналған жаттығуларда қиын емес әуендерді 2–3 жақын үндестікте дауысын дәл келтіріп орындауға үйрету, септима мен терция дыбыстарын ажырату, қолымен бағытын (жоғары-төмен) көрсете отырып, әуеннің жоғарғы-төменгі қозғалысын ажырату.
Әннің сипатын қабылдау, дауысын дұрыс келтіріп орындау, ырғақтық бейнесі мен динамикасын дәл беру, әннің кіріспесін, басын, қайырмасын ажырату. Мерекелік әннің шаттық көңілін көңілді жеткізіп, жеңіл, ширақ дауыспен шумақтардың соңын жұмсартып айту. Қазақ халқының музыкасын қабылдау.
Музыкалық-ырғақтық қимылдар.
Музыка сипатын анық ырғақты жүріспен, музыканың ширақ сипатын жеңіл, ырғақты жүгіріспен беру жаттығуларын орындау.
Ойындар, хороводтар.
Музыка сипатына сәйкес ойын әрекеттерін орындау: қол ұстасып шеңберде айтылатын әндермен шеңберді айналып жүру, музыкалық тіркестерге сәйкес қозғалыстарды өзгерту, жылдамдық пен ептілікті білдіру, пьесаның аяқталуын белгілеу, ұлттық ойындардың көңілді сипатын бере білу, дауыстардың биіктіктерін ажыратып, үлкен шеңберден кіші шеңберге қайта тұру.
Билер.
Әуеннің би сипатын сезіну, би қимылдарының элементтерін орындау, халық биін үйрену арқылы көркем мұраның кейбір элементтерімен таныстыру.
Би шығармашылығы.
Таныс би қимылдарын қолдана отырып, ойдан би шығару іскерліктерін дамыту, мәтінге сәйкес әнді жеке сахналау мен шығармашылық тапсырмаларды орындауға баулу.
Балалардың музыкалық аспаптарында ойнау.
Ересектердің орындауындағы музыкалық пьесаларды тыңдау, жоғарғы регистр, аспаптың дыбысталу тембрін ажырату. Әуеннің ырғақтық бейнесін ұрмалы аспаптарда жеке және барлық топпен ойнау. Қазақтың ұлттық ұрмалы аспаптарында ойнауға үйрету.
Күтілетін нәтижелер:
қарапайым жанрларды ажыратады (күй, өлең, би, марш);
қарапайым музыкалық терминдерді, ән айту дағдыларын игерген;
пластикалық, ырғақты, мәнерлі қимылдарды орындайды;
балалардың музыкалық аспаптарының дыбысталуын тембрі бойынша ажыратады және оларды атайды, балаларға арналған музыкалық аспаптарда жеке және топтың құрамында ойнай біледі.
Достарыңызбен бөлісу: |