Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделінің мазмұны мен күтілетін нәтижелері
Орындаған: Ерзат Жанбота
Тобы: МДОжТ магистранты
Қабылдаған: Байназарова Т.Б.
Жоспары:
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделінің мақсаты;
Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделінің міндеттері;
Модельді іске асыру барысында күтілетін нәтижелер.
МОДЕЛЬДІҢ МАҚСАТЫ – дені сау, дербес, білуге құмар, көпшіл, сын тұрғысынан ойлайтын балаларды қалыптастыру мен әлеуметтендіруге бағытталған тәрбиелеу мен оқыту жүйесін өзгерту арқылы мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамытудың бағыттары мен қағидаттарын айқындау.
қазіргі заманғы теорияларды ұлттық ерекшеліктермен үйлесімді ұштастыру негізінде баланы ерте дамыту процесінің тұтастығын қамтамасыз ету;
сапа өлшем шарттарын айқындау арқылы мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың сапасын арттыру және білім берудің сапасын бағалау құралын әзірлеу;
мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мазмұнындағы өзгерістерді нормативтік құқықтық сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
ғылыми негізде вариативтік оқу бағдарламаларының құрылымын әзірлеу және бағыттарын айқындау;
педагогтердің деңгейінде және білім беру ұйымдарының деңгейінде мектепке дейінгі ұйымдардың күнделікті жұмысында зерттеу жұмысының мәдениетін қалыптастыру;
педагогтердің кәсіби өсуінің үздіксіздігін қамтамасыз ету;
өзара әріптестік іс-қимыл орнату арқылы ата-аналардың білім беру қызметтеріне қанағаттануын қамтамасыз ету
инклюзивті білім беруді қоса алғанда, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының икемділігін қамтамасыз ету арқылы педагогикалық процесті ғылыми негізде жетілдіру жолымен мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың мазмұнын өзгертуге жағдай жасау;
МОДЕЛЬДІҢ МІНДЕТТЕРІ:
ДАМЫТУ, ТӘРБИЕЛЕУ ЖӘНЕ ОҚЫТУ ПРОЦЕСТЕРІ ТӘСІЛДЕРІН ӨЗГЕРТУ
Қазіргі әлемде білімге деген көзқарас балалар өмір сүріп, өсіп жатқан, жылдам өзгеріп отыратын болмыспен бірге өзгеруде. Білімді баланың туылған сәтінен бастап өмір бойы жалғасатын процесс ретінде қарау білім беру процесін ұйымдастырудың икемді стандарттарын қабылдауды қажет етеді. Балалар көп уақытын білім беру ұйымдарында өткізеді, бұл балалардың мәдени және этникалық әртүрлілікке құрмет көрсетілетін үйлесімді, мейірімді, дамытушы, инклюзивті, әділ ортада балалық шағын өткізуі үшін тиісті жағдайлар жасаудың маңыздылығын түсінуге әкеледі.
Мектепке дейінгі кезең – мектепке дайындық сатысы, баланың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту кезеңі. Демек, бала өміріндегі мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту тәсілінің ұйымдастырылған оқу қызметінен баланың жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, әр баланың әлеуетін барынша дамытуға жағдай жасауға қарай өзгеруі тиіс. Педагогтің алдын ала жоспарлаған әрекеттерін орындап қана қоймай, БАЛАНЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫНА КӨҢІЛ БӨЛІП, КҮНДІ ӨЗІ ТАҢДАҒАН БЕЛСЕНДІЛІК ТҮРІНЕ ҚАРАЙ ҚҰРУДЫҢ маңызы зор.
Бірге ойнау дағдыларын, еңбек әрекеті дағдыларын, тазалықты, тәртіптілікті, ұйымшылдықты, ойлауды, қабылдауды, сурет салуды және басқа дағдыларды меңгерту ойын нысанында іске асуға тиіс. Ойын – баланың негізгі әрекеті және дамытудың негізгі құралы.
Әлеуметтік-эмоционалды оқыту баланың дамуындағы маңызды компонент болып табылады. Ол өз эмоцияларын түсіну мен басқарудан, эмпатиядан және үнемі дамып отыратын қарым-қатынас дағдыларынан тұрады. Бала тәрбиешілермен және мектепке дейінгі ұйымның басқа да ересек адамдарымен қарым-қатынаста неғұрлым сабырлы болса, баланың психоэмоциялық аман-саулығының негізі болып табылатын оның эмоциялық және әлеуметтік құзыреті де сапалы дамиды. Мектепке дейінгі ұйымдар мен үйде балалардың әлеуметтік-эмоциялық дағдыларын дамытуға ерекше назар аудару қажет.
МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОЛДАУ
1) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың педагог қызметкерлеріне білім беру бағдарламаларын, әдістемелік материалдарды, оқыту әдістерін іске асыруда, мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеуде, білім беру процесін ұйымдастыру мен басқаруда, оны психологиялық қолдауда әдістемелік көмек көрсету;
2) жұмыс тәжірибесін жинақтауды, талдауды және жүйелеуді қамтамасыз ету, жұмыстың тиімді нысандары мен олардың нәтижелері туралы деректер банкін құру;
3) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту қызметінің бағытына сәйкес әдістемелік жұмыстың мазмұнын әзірлеу жөнінде шығармашылық топтар құру;
4) педагогтерге әдістемелік жұмысты ұйымдастырудың әртүрлі нысандары арқылы кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік жасау;
5) мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту педагогтеріне педагогикалық ұжымның және жеке педагогтердің жұмыс тәжірибесімен танысу үшін жағдайлар жасау.