Мектептегі педагогикалық кеңес. Біліктілікті көтеру жұмыстары педагогикалық кеңестің жұмысын ұйымдастырудан басталады. Педагогикалық кеңесті құру үшін мектепте кем дегенде үш мұғалім болу керек. Ол оқу-тәрбие жұмысының негізгі мәселелері қарастырылатын, тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Педагогикалық кеңестің құрамына мектеп директоры (төрағасы), оның орынбасарлары, мұғалімдер, тәрбиешілер, кітапханашылар, дәрігер, ата-аналар комитетінің төрағасы, мектеп кеңесінің төрағасы енеді.
Педагогикалық кеңесте екі түрлі мәселе қаралады:
а) өндірістік, жұмыс бабына байланысты: мектептің жылдық жоспарын бекіту, мектептің бір тоқсанда істелген жұмысының қорытындысын шығару, емтиханға дайындық және өткізу жоспарын бекіту, оқушылардың бір сыныпты бітіріп, екіншіге көшуі, оқу жылының қорытындысы, оқушылармен істелетін жазғы жұмыстың жоспары;
ә) ғылыми-педагогикалық: басшы органдардың нұсқауларын және ғылыми зерттеулерді, озық тәжірибені талдау, мектептегі педагогикалық процестің нәтижелерін шығару және оған баға беру.
Егер педагогикалық кеңесте ғылыми-әдістемелік жұмыстардың нәтижелері қаралатын болса, онда педагогикалық ұжымның кәсіби біліктілігі жоғары. Мұндай мектепте өндірістік мәселелер тез шешіледі.
Педагогикалық кеңеске әзірлену және өткізудің төрт кезеңі бар:
• педагогикалық кеңестің жылдық жоспарын жасау;
• нақты педагогикалық кеңеске алдын ала әзірлену;
• педагогикалық кеңесті өткізу;
• педагогикалық кеңес шешімдерін орындау үшін жұмыс істеу.
Бірінші педагогикалық кеңес - тамыз айында.
Қаралатын мәселе:
1. Адамгершілік тәрбиесі бойынша мектептің алдында тұрған негізгі міндеттер.
2. Оқыту процесінде оқушылардың оқу әрекетін белсенді ету тәсілдері туралы ғылыми-педагогикалық еңбектер және озық иодагогикалық тәжірибе.
3. Мектептің жаңа оқу жылына арналған жұмыс жоспарын бекіту.
Екінші педагогикалық кеңес - қараша айында. Қаралатын мәселе:
1. Балалардың қабілетін дамыту;
2. "Қиын"балалармен жұмыс.
Үшінші педагогикалық кеңес - наурыз айында. Қаралатын мәселе:
1. Қазіргі сабақ қандай болу керек?
а) баяндама: "Қазіргі сабаққа қойылатын негізгі талаптар";
ә) сабақтарды талдау, іс-тәжірибе алмасу.
2. Мектептегі спорт жұмысы - баяндама және оны талқылау.
3. Мектеп пен отбасының адамгершілік тәрбиесі бойынша бірігіп істеген жұмыстары. Жекелеген сынып жетекшілерінің хабарламалары.
Төртінші педагогикалық кеңес – мамыр айында. Қаралатын мәселе:
4. Мұғалімдер мен оқушылардың өзара қатынасы – мектеп жұмысы туралы баяндама.
5. Емтихан мен балалардың жазғы демалысын өткізуге әзірлік.
Бесінші педагогикалық кеңес - мамыр-маусым айлары. Қаралатын мәселе: Емтиханның қорытындысы және оқушылардың келесі сыныпқа көшіру.
Педагогикалық кеңесті жоспарлау:
Әдетте бір оқу жылы ішінде бес педагогикалық кеңес өткізіледі; әр тоқсанда бір рет және оқу жылының аяғында.
Педагогикалық кеңесте түрлі пікірлер тыңдалып, мұғалімдерді толғандырып жүрген мәселелердің бәрі талқыланып, оларды шешу жолдарын белгілеу керек. Ұжым мәжілістерді, соның ішінде педагогикалық кеңесті өткізу ережесін келісіп алу керек. Ол ережелер: нақты регламент (уақытында бастау), педагогикалық кеңес уақытын 3 сағаттан асырмау, баяндамашылар мен сөз сөйлеушілерге белгілі бір уақыт бөлу, мәселелердің бәрін сабырлықпен, іскерлік жағдайда талқылау. Барлық сөйлеушілер көтеретін мәселені, құбылысты талдап, оны шешудің нақты жолдары туралы ұсыныстар айту керек.
Мектеп директоры педагогикалық кеңесті бастарда осы ережелерді еске салып, оны қатаң сақтауды талап етеді.