ҚАЗТУҒАН
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақала ордам қонғап жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,
Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт,
Қарағайдан садақ будырып,
Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Жанға сақтау болған жұрт.
Салп-салпыншақ анау үш өзен,
Салуалы менім ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалың бір тоқты
Жайылып — мың қой болған жер!
Жарлысы мен байы тең,
Жабысы мен тайы тең,
Жары менен сайы тең,
Ботташығы бұзаудай,
Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас.
Қайран менің Еділім,
Мен салмадым, сен салдың!
Қайырлы болсын сіздерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт!..
ДОСПАМБЕТ
Айнала бұлақ басы Тең,
Азаулының Стамбұлдан несі кем?!
Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағайын
Хан ұлынан несі жоқ,
Би ұлынан несі кем?!
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менім несібем!
Азаулыда аға болған ерлер коп сді,
Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді!
Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатса жібімес.
Мен көлікке қосымды артқанмын,
Көмбідей ару жаларға
Күректей мұзды тоңдырып,
Кірмембес ауыр қолға бас болып,
Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!
Дүниенің басы сайран, түбі ойран,
Озар сойды бү дүние
Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағадан.
Ағарып атқан таңдай деп,
Шолпанды шыққан күндей деп,
Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,
Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп,
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз —
Арғымақтың талдай мойнын талдырып,
Үйде қалған арудың
Ал иіндігін аудырып.
Арғымаққа оқ тиді
Қыл майқанның түбінен.
Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан.
Зырлап аққан қара қан
Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.
Сақ етер тиді саныма,
Сақсырым толды қаныма.
Жара бір қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарықшылар жоқ па екен
Жармай білте саларға?!
Жағдайсыз, жаман қалып барамын
Жанымда бір туғанның жоғынан!..
Қарағайлы көдік бойында
Қамшым қалды ойында:
Бүлдіргесі бұлан терісі,
Өрімі құнан білдің қайысы,
Шырмауығы алтын, сабы жез.
Бейазының бойында
Күзен, карсақ Жер ме екен?!
Алғаным Әли ағаның қызы еді.
Қас арудың өзі еді.
Маңдайы күнге тимеген,
Желге шашын үрмеген.
Серпіліп адам бетін көрмеген,
Қалай күні кешті екен!
Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы
Хан қызындай сұлтанның
Айдындықтай ақ білегін жастанып.
Ерең үйін тіктіріп,
Омыраудағы он түймесін ағытып,
Кейінгі қалған көпекке
Қалай да белін шешті екен!..
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып,
Дұспан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп.
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ал шымылдық ішінде
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!..
ШАЛКИІЗ
Алаштан байтақ озбаса,
Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!
Күлікке тастай болып тимесе,
Үстіме көбе сайлап кимен-ді!
Күмістен екі қолтық жоқ болса,
Сыпайшылық сүрмен-ді!
Алғаным ару болмаса,
Алдыма алып сүймен-ді!
Дулығамның төбесі
Туған айдай болмаса,
Батыршылық сүрмен-ді!!
* * *
Жапырағы жасыл жаутерек
Жайқалмағы желден-дүр,
Шалулығы белден-дүр,
Төренің кежігуі елден-дүр,
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,
Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,
Кешу кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр,
Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірі өзі біледі,
Ажалымыз қайдан-дүр!
Достарыңызбен бөлісу: |