Би Темірді хаж сапарынан тоқтатуға айтқаны
Қара бас күспен шалдырып,
Көк теңіздің үстінде
Көтеріп желкен аштырып,
Жүк тиедің кемеге,
Ниет еттің Тәңірінің үйі Кебеге!
Жүк тиесең, кетерсің,
Ниет етсең, жетерсің,
Жетсең, тауап етерсің, —
Етектеп жиған көп халқың,
Сұлтан ием, кімге асмар етерсің!..
Ашалай шалың ақталап,
Шемшірлігің ноқталап,
Шал сақалың жылаттың,
Атаңнан қалған көп халықты
Ер өзіңден соңратын
Тек бір жардан құлаттың!
Қара басты ақ құспен
Кендір баулы ақ желкен
Көк теңізді жал толқынға жектірдің!
Қара сия, ақ қағаз
Дестіге өнер төктірдің!
Бұ кеткеннен ұайтпасаң,
Ел, әйелің, сәбиің
Көзінің жасын төктірдің,
Қабырғасын сөктірдің!
Едігеден туған ұғылдың
Мырзасы өзің болғансың,
Атан қумас бурасың,
Һәр ісінде турасың.
Ер өзіңден соңратын
Емен салдай батар ол.
Алыс жерден мөһүлі шұбар хат келсе.
Күйбеңдескен көп жаман
Құлағын салып тұрар ол.
Ақ ала таудың алдында
Ақ ала жылқы жусайды.
Айналдырып қарасам,
Сол жылқының ішінде
Ат тапқандай бие жоқ.
Жолың да болсын, ау, ием,
Сен де кетіп барасың.
Енді өзіңден соңратын
Жұртқа бір лайық ие жоқ.
Темір еді биіміз,
Теңіз еді халқымыз,
Тебірлерге қалғанда
Теңселер сойды ауыр ноғай жұртыңыз!
Соқса бір жілік сындырған,
Көк қоянның қос құлағын тұндырған,
Көгілдірдің жез қанатын сындырған,
Тегеурінді болат темірдің
Тегеуріні өзіңсің!
Айдынды көлге қас шауып,
Тоғызын соғып ұшырған
Қу сұлтаны саһарсың!
Саһарыңды сайлап қаусырған
Боз сұңқарым өзіңсің!
Тебірдің жұртта не ісі бар,
Тепкісіздің сеніменен не ісі бар,
Сұлтан ием, жұрт иесі өзіңсің!
Соқса бір қурай сындырмас,
Құладын жаман қу алмас,
Құладын қудың теңі түгіл-ді, —
Тебіренсе ауыр жұртын тындырмас,
Тебір жаман жұрттың теңі түгіл-ді.
Тіленшіұғлы Шалкиіз
Иесі би Темірдің тұсында
Бұлтқа жете жаздады бұ мүйіз.
Иесі би Темірден соңратын
Тұқылдықтан тарсылдап,
Үзілер болғай сол мүйіз,
Әбсінде ғалым жидырып,
Ақ кітабын жайдырып,
Қайратымды білгейсің.
Ағбытпа, ханым, күннен соң,
Сіздің естен кеткенмен,
Біздің естен кеткен жоқ:
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Соқыр бурыл байталға
Сонда бір жайдақ мінгенсің...
Қалмақтың Бөрі ханы келгенде,
Қаланың қасы бүлгенде,
Хандар қалаға қылаған...
Достарыңызбен бөлісу: |