МАХАМБЕТ
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Енку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шөл көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп түс қашпай,
Тебінті теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
Тарланым
Таудан мұнартып ұшып тарланым!
Саған ұсынсам — қолым жетер ме,
Арызым айтсам — өтер ме?
Арыстаным, көп болды-ау
Саған да менін арманым!
Кермиығым, кербезім,
Керіскідей шандозым,
Құландай ащы дауыстым,
Құлжадай айбар мүйіздім,
Қырмызыдай ажарлым.
Хиуадай базарлым.
Теңіздей терең ақылдым,
Тебіренбес ауыр мінездім!
Садағына сары жебені салдырған,
Садағының кірісін
Сары алтынға малдырған.
Тереңнен көзін ойдырған,
Сұр жебелі оғына
Тауықтың жүнін қойдырған,
Маңдайын сары сусар бөрік басқан,
Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан,
Айқайласа белдік байланған,
Астана жұртын айналған,
Атына тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,
Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен.
Атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен
Атқанын қардай боратқан.
Көк шыбығын қанды ауыздай жалатқан –
Арыстан еді-ау Исатай!
Бүл фәнидің жүзінде
Арыстан одан кім өткен?!
Мұнар күн
Мұнар да мұнар, мұнар күн,
Бұлттан шыққан шұбар күн,
Буыршын мұзға тайған күн,
Бура атанға шөккен күн!
Бұлықсып жүрген ерлерден
Бұрынғы бақыт тайған күн!
Қатарланған қара нар, —
Арқанын қиып алған күн,
Алма мойын аруды
Ат көтіне салған күн,
Бұландай ерді кескен күн,
Буулы тенді шешкен күн,
Сандық толы сары алтын
Сапырып судай шашқан күн!
Түс қыла көр, Құдайым,
Біздей мейманасы тасқанға,
Біздің ер Исатай өлгсн күн —
Он сан байтақ бүлген күн!
Орта белін сырлаған
Оқ жаңбырдай жауған күн,
Оң қанатын теріс жайып,
Лашын қуға төнген күн!
Желпілдеген ала ту
Жиырылып ойға түскен күн!
Жез қарғылы құба арлан,
Жез қарғыдан айрылып,
Қорашыл төбет болған күн!
Аса шапқан құлаша ат
Зымырандай болған күн!
Арқаулынын бойынан
Теріскей дауыл соққан күн!
Қас бәйтерек жығылып,
Жығылғаны естіліп,
Алыстағы дұшпанның
Қуанып көңілі тынған күн!
Достарыңызбен бөлісу: |