Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Колледж
МӘШҺҮР –ЖҮСІП КӨПЕЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ТӨРТ ТҮЛІК МАЛҒА ҚАТЫСТЫ ЗАТТЫҚ МӘДЕНИЕТ
Әдістемелік құрал
Павлодар
УДК 82(574)(07)
ББК 83.3(5Каз) я 7
К69
С.Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми кеңесінің шешімімен ұсынылған
Пікір жазған:
Тұрышев А.Қ. – С.Торайғыров атындағы ПМУ Мәшһүртану
ғылыми практикалық орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі
Құрастырған: Оразбаева Б.Қ.
К 69 Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларындағы төрт түлік малға қатысты заттық мәдениет: әдістемелік құрал. – Павлодар, 2007. – 33 б.
Бұл жинақта М-Ж Көпеев шығармаларындағы төрт түлік малға қатысты заттық атаулар мен олардың қолданысы туралы және төрт түлік малға байланысты халық ішіндегі қолданысқа еніп кеткен тұрақты тіркестер мен мақал – мәтелдер енгізілді.
«Мәшһүр-Жүсіп шығармаларындағы төрт түлік малға қатысты заттық мәдениет» - атты әдістемелік құрал жоғары оқу орындарының студенттеріне, жоғары сынып оқушыларына арналған.
УДК 82 (574) (07)
ББК 83.3(5Каз) я 7
© Оразбаева Б.Қ., 2007
© С.Торайғыров атындағы Павлодар
мемлекеттік университеті, 2007
Алғы сөз
Бұл еңбекте Мәшһүр – Жүсіп Көпеевтің өмірінінен қысқаша дерек келтіріліп, негізгі бөлігі төрт түлік малға, оның ішінде М-Ж. Көпеев шығармаларында кездесетін төрт түлік атаулары мен соларға байланысты зат атаулары және халық арасында қалыптасқан, қолданысқа еніп кеткен тұрақты, еркін тіркестермен қатар мақал – мәтелдер енгізілді. Және осы қарастырылған мәселелер тақырыпша болып, бөлімдерге бөлінген:
М – Ж. Көпеев өмір жолынан қысқаша дерек;
Төрт түлік мал турасында;
М – Ж. Көпеев шығармаларындағы төрт түлік малға қатысты заттық мәдениет;
4) Төрт түлік малға қатысты қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестері, тұрақты тіркестер;
5) Төрт түлік малға байланысты мақал – мәтелдер.
Мұнда келтірілген деректерді, мысалдарды, тұрақты тіркестер мен мақал – мәтелдерді оқу бағдарламасында оқушылардың пайдалануына болады.
1 М – Ж. Көпеев өмір жолынан қысқаша дерек
Аты әлемге мәшһүр болған Адам Жүсіп бабамыз қазіргі Павлодар өңірінде 1858 жылы дүниеге келген. Тарихта өткен қанша дана, ойшыл бабаларымыздың бәріне бірдей «мәшһүр» атағы берілмеген. Бұл ендеше Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы данамыздың даралығын танытса керек.
Дәлірек дерек алу үшін данышпан данамыздың ұрпағы
Л.Қ. Жүсіпованың «Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының шығу тегі туралы» атты деректемесіне жүгінсек. Онда былай делінген: «Мәшһүр – Жүсіп Көпеев әкесі Көпейдің 42 жасында, шешесі Ұлбаланың 18 жасында, Баянауылдың Қызылтау деген жерінде, қыс түнінде, қыстауда, 1858 жылында, қазақша жыл аты «қой», арабша ай аты «ережеп» деген айда, жұма күні, түс бесін уақытында дүниеге келді. Туғанда азан шақырып қойған есімі – Адам Жүсіп. Кейіннен 9 жасында қисса – дастандарды айтып, ел көзіне түскен кезде жиынды шақырып отырған М.Шорманұлы Адам Жүсіпті ұнатып, тақиясына үкі таққызып: «Өз заманында халқына Мәшһүр болатын бала екен», - деп, лепес қылуымен Мәшһүр Жүсіп атанып кетеді».
Сарыарқаның төсінде, қасиетті Баянаула, Қызылтау тауларының етегінде дүниеге келген Мәшһүр атамызға алдыңғы есімі қалай берілді? Ол жайға да осы деректемеден дәлел іздеп көрелік: «Сол уақытта бала аман – есен туып болғаннан кейін, бір тайпа ауыл – аймақтың басшысы, жақсысы өзінің өлген әкелерінің туысқаны – Ізден абыз деген кісі: - Бұл шырағым күндердің қожасы жұма күні туды. «Атамыз Адам ата жаралған күн» - деуші еді. Бұл шырағымның аты «Адамжүсіп» болсын! – деп, азан айтып, атын «Адамжүсіп» қойған екен».
Міне, сол данагөй абыз, аузы дуалы ақын аталарымыздың үкілеген үміттері ақталып, аты айдай әлемге тарап, Мәшһүр атанды. Сегіз жасынан көзге түскен М-Ж Көпейұлы өмірінің соңғы сәттеріне дейін өлең сөздің өрнегін өріп, ұрпағына ұлағатты ой, парасатты пікірлерін, даналық дастандарын өлмес мұра етіп қалдырған. Данышпан дана, ғұлама ойшыл деген асыра әспеттеу емес, ол кісі - әдебиет пен мәдениет, тарих пен этнография, философия сияқты бірнеше білім салаларын бір мақсатқа сая білген ардақты ақын, шежіреші, ағартушы, халық қазынасын жинап жеткізуші тарихи тұлға.
Тағы бір нақты мысал ақынның «Мәшһүрдің өзін таныстыруы» өлеңі. Онда былай делінген:
Тірлік пен денсаулықта – баста бағым,
Онан соңғы дәулетім – тіл мен жағым.
Құдай берген он екі мүшелерім,
Өз өнерім өзіме – алтын тағым.
Алты алашқа жайылып кеткен атым,
Жүрген жерім – ду базар, қылып хатым.
Ұстаз пірдің һүмматы болып жәрдем,
[ Бір]ұшсам, кете берем, бар қанатым.
Баянауыл: Қызылтау - өскен жерім.
Қалам, сия, қағазды қолыма алсам,
Келер қоршап бойыма ғайып пірім.
Айдабол мен Күліктен – шыққан затым
Мәшһүр деген – бір лақап, пітір(піти) мұртты,
Аққұба, бидай өңді қиапатым.
Жылым – қой, тоғыз беске келіп жасым,
Жарастықты, көрнекті сақал, шашым,
Жел қайықтай жел сөзге есуші едім,
Тұрған күнде: «домалап өрге тасым!»
Әкем Көпей – жетпіс үш жасында өткен,
Дін жолына жас күнде бізді үйреткен.
Өзі жастай тариқат жолын іздеп,
Әбілқасым ишанға қызмет еткен.
Бабамыздың аты екен – Шермұхаммед,
Құдайға - құл, нәуиеге (нәбиге) болған үмбет.
Балаларын оқуға сүйрейді екен,
Екі қолдап жетелеп, қылып һүммет.
Өзін таныстырған бұл өлеңін 1903 жылы 45 жасында жазған екен.
Ақын – дананың қаламынан туған өлеңдерінің өзі бірнеше түрге жіктеледі: аңыз өлеңдер немесе рауаяттар, тұспал өлеңдер, сапар өлеңдері, арнау – жоқтаулар, нақыл өлеңдер, ишарат өлеңдер, насихат өлеңдері, сын өлеңдері, жырлар, хат өлеңдері, айтыс өлеңдері, еркін үлгідегі өлеңдері, аңыз дастандары және жетпіс баптан тұратын рауаят – дастандары.
Бұл жұмыста сөз зергері Мәшһүр – Жүсіп атамыздың шығармаларында халқының рухани байлығы, ұлттық болмысының басты белгісі, тіршілігінің көзі болған төрт түлік малға қатысты сөз орамдары мен айшықты ойлары талданып, сараланбақ.
2 Төрт түлік мал турасында
Түйе, жылқы, қой, сиыр малын қосып төрт түлік деп атайды. Төрт түлік малды жеке-жеке атағанда түйе малы, жылқы малы, қой малы (ешкі малы), сиыр малы дейді. Әрі бұлардың сақтаушы иесі бар деп ұғынып, оларды ойсыл қара, қамбар ата, жылқышы ата, шопан ата, шекшек ата, зеңгі баба деп атаған. Бұлардың бәрін қосып аяқты мал деп атайды. Ал ірі, мүйізді малды – қара мал деп, төрт түлікті кейде жұп тұяқ, тақ тұяқ деп те атайды. [1, 3- б.]
Түйе малы тұқымына қарай бірнеше түрге бөлінеді. Әуелі бір өркешті, қос өркешті болып бөлінеді.Қос өркештілерді: айыр өркеш, айыр түйе, айыр өркеш түйе дейді. Бір өркешті түйеге: нар түйе кейде оны жалпы мая деп, ұрғашысын аруана деп атаған.
Жалпы түйе малының аттары:
Атан – айыр түйенің ақтасы;
Інген айыр – түйенің бес жасқа толғаны;
Атанша – айыр түйенің бес жасқа дейінгі ақтасы;
Інгенше – інгеннің бес жасқа дейінгісі;
Нарша – нардың бес жасқа дейінгісі;
Тайлақ, тайлақ түйе, нар тайлақ – түйенің екі жастағысы;
Бота – түйенің бір жасқа дейінгісі;
Бура – таза айырдың келеге түсетін еркегі;
Нар бура – қоспақ не бір туманың келеге түсетін еркегі;
Лөк (үлек) – нардың таза тұқымды бурасы;
Буыршын – жас бура;
Нар – бір туманың ақтасы мен ұрғашысына ортақ ат.
Түйені өскен жеріне, өсірген еліне, тұқымдарына, күшіне, дене бітіміне, түр – түсіне, жасына және басқа ерекшеліктеріне, сондай – ақ тұқымдарына қарай әр түрлі атаған. Олар: бекбойша нар, қолбатша нар, қылағай нар, үлкен нар, оқпақ нар, жамбоз нар, жардай нар, ләкір нар, қызыл нар, кез нар, қалбағай нар, бір туар нар, ара қоспақ, мырза қоспақ т.б. атаса, ал жасына қарай: атанша, бесті атан, дөнен атан, құнанша, құнан атан, бура, буыршын, інген, інгенше, бесті інген,нар мая, қоспақ,кердері, дөнежін, інген, тайлақ, бота, т.б. деп атайды да, жыныстарына қарай: атан, бура, боталы інген, еркетайлақ, ұрғашы тайлақ, еркек бота, ұрғашы бота деп бөледі [11,498-б.]
Адам: «Жақсы мінезді қайдан үйренем ?» - демесе керек. Түйе деген малдан ғибрат алуға керек. Түйе сондай зор биіктігін (биіклігін) ойына алмай, бір тышқанның құйрығына байлап қоя берсе, еріп жүре береді. Өзі қырық күн шөлге шыдайды, көзіне көрінгенді қорек қылып, еш нәрсені талғамай жеп, қанағат қылып жүре береді. Күштілікте қара жердің кемесі десе болады. Көнгіштікте сондай көнгіш: бала шөгерсе, шөгіп жатады.
Түн болса, байлап салған жерден қозғалмайды. Оның жалғыз – ақ құмар нәрсесі тұз болады: тұз жалата берсе, жаны кіре береді. Қазақ мақалында бар: «Түйе тұзға тоқтайды, жігіт қызға тоқтайды», енді бір мақал: «Тұз десе, түйе тоқтайды, төркін десе, қыз тоқтайды» - деген [2, 122 – 123 б.]
Мысалы, Мәшһүр Жүсіптің: «Ол түйенің шөгінде бесік бар екен» («Сарыарқа кімдікі екендігі?», 1907. – Б. 5.) – деген сөйлемдегі шөгі лексемасы жүгі деп жазылып жүр. Будаговтың сөздігіне жүгінейік: дж. шөк, шөке 1) окружностъ груди верблюда – деп түсіндірген (1871. – Б. 497). Демек, шөк жүк емес екен, бесікті түйенің екі өркешінің арасына орналастырған болып шығады. [3,126]Осындай мағынасы көмескі тартқан сөздерге қарап, түйе малын жай ғана момындықтың, бейбіт, мамыражай өмірдің белгісі ретінде ғана емес, қазақ халқының ең басты күш көлігі болғанын да білуге болады. «Ат пенен атан байлатып, Қоралап қойды айдатып, Кіре – кіре малменен Керуендей қылып жөнелткен» деген өлең жолдарындағы керуен сөзіне назар салсақ, «керуен тарту», « керуен жолы», « керуенге жүк арту» деген тіркестерді жиі кездестіреміз. Бұл керуеніміз аптап ыстыққа да, азабы мол ұзақ жолға да, неше күндік шөлге де шыдамды түйе малы емес пе, ендеше түйе малының тағы бір қасиеті осы.
Төрт түлік малдың ішінде қай халықтың болса да құрмет тұтқандарының бірі – жылқы малы. Жылқы малы тұқымына, жүріс, тұрқына, т.б. қарай бірнеше түрге бөлінеді:
Жылқы малын жалпы ат деген мағынада қолданады. Қазақ шабыс атын яғни жүйрігін:
жүйрік тұлпар, бәйге ат (бәйгеге қосатын ат), тұлпар ат (асқан жүйрік, дүлдүл ат), арғымақ, қазанат, пырақ, дүлдүл, күлік, сәйгүлік, саңлақ, тұйғын, көк тұйғын, құмай, арда, арда күрең деп атаған.
Қазақта сән – салтанатқа арнайы мінетін аттары бөлек болған:
жорға ат (тайпала, ырғатыла, теңселе жүретін ат), жорғаның өзін өз ішінде жорға ат, су жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға деп бөлген.
Күнделікті тұрмыста пайдаланатын, мініс аттары да бөлек
болған.
Мысалы, мініс ат, аяқ ылау, жетек ат, қосақ ат, түп ат, көсем ат, пар ат, ерулі ат, жайдақ ат, төл ат, ұрыншақ ат, шабан ат, асау ат делінсе, жортуыл – жорыққа, жаугершілік заманда жаушылыққа мінілетін аттарды ереуіл ат, жарақты ат, жарау ат, тарлан ат деген сияқты жүрісі мен жаратылуына байланысты жіктеген.
Жылқы малы жасына қарай да бөлінеді: құлын, жабағы, тай, құнан, дөнен, бесті, ат, байтал, бие.
Ат әбзелдері мен жылқы малына қатысты зат атаулары да әр алуан. Мысалы, ер – тұрман, сыртқы бітім ерекшеліктеріне, жасалу жолдарына қарай ердің «қазақ ері», «шошақ бас ер», «үйрек бас ер», «құранды ер», қозықұйрық ер», «қазық бас ер» деп келетін түрлері бар.
Ертоқымды ал – аунайын, жүгенімді ал – қуанайын. Ат күміс ер тоқымды болды [5,159 б.]. Алтынды ермен жүгенді, Тоқымымен салдырып [5,172 б.].
Тоқым (ер — тоқым) көне атауы йо:на ~ жота // жона // жон // уun (жүн) сөзінен шыққан болуы керек. Севортян: жона — ердің астына салынатын киіз тоқым, ердің үстіндегі жастық, жүннен жасалған жай ғана киіз, ыңыршақ ер сияқты мағыналарын көрсетеді [5, 222 - б.]. Тоқым жабағыдан (киіз болып қалған жүн, қырқылатын мезгілінен асып кеткен жүн) жасалады. Мына дерек те маңызды саналады. Бір қабат жүнін «жабағы» - деп атайды. Бір түлеген жүнін қозының қарын жүні - дейді. Одан текемет басып, қызға жасау қылады. Үшінші түлегенін күзем жүні дейді [Мәшһүр - Жүсіп, 100 б.]. Ұлбикенің өзін жүн жеп жабағы тышқан бір байдың баласы қатындыққа алған екен [М-Ж.70 б.]; Алтынды ер мен жүгені, Тоқымымен салды [М-Ж.,172 б.]. Қазақ тілінде *жауырды жаба тоқып; тоқым қағар деген фразеологизмдер бар. *Жауыр–тоб., йаұр // яуръ, қыр., жауұр//джаууръ, алт. Іууръ (= түрк. жауыр) ссадина на спин животныхъ, жауыр, жауыр болу имть ссадину [Будагов, 344б.].
Ат әбзелдерінің бірі – жүген.Мысалы, «Қос жүген, қос атпенен өткен өмір» [7,36 б.], «Астында ғират ойнатып, Сулығы жүген шайнатып» [2,197 б.] Жүген – жылқыны жөнге бұру, байлау үшін қолданылатын әбзел. Қазақ шебері жүген жасауға да көп көңіл бөлген. Оны былғары мен қайыстан т.б. жасаған. Жүгеннің қайыс, түйме, былғары, өрме жүген деген бірнеше түрлері бар. [11, 34 б.]
Кісен. Салғанмен қанша кісен арыстанға [6,68-б.]; Кісендеулі жүргенің кемдігіңде [8,124 б.]; Байлаулы атқа пышағым Матаулы атқа кісенім [10, 38 б.];
Кісен, тұсамыс, шідер қолданылуы бірдей заттық бұйымдар қатарына жатады. Кісен мен кісе түбір тұлғалы сөздер. Кісен мен кісе~кісі шығу генезистері бір сияқты. Жалпы, кіс түбір тұлғасы негізінде пайда болған сөздер екендігі байқалады. Кісен мен кісе, кісі түбірлес сөздер. Жүсіп кісен лексемасын тұсамыс, шідер сияқты қолданған. Кісен > бұғау > бұғалық > құрық.
Құрық. Жылқы ұстауға құрығым, Үй тіреген сырығым [9, 38 б.]; Үйде бақан, сырығым ат ұстайтын құрығым [9,92 б.]; Сүп-сүйкімді кезінде құрық салды [9, 232 б.]; Жақай ахунды қоянға құрық жіберген жаман Рамазаннан осындай бала туушы ме еді? Бұл Қойсары Балтабай төренің баласы ғой, - деуші еді [11, 59 б.]
Құрық лесемасын құр түбір тұлғасы және -ық жұрнақ. Түркі тілдеріндегі «арқан» мағынасын беретін «уқруқ» - қырғыз тілінде қазіргі кездегі құрық мағынасында қолданылғанын көреміз, «курку», «укрук» қалпында жарыса айтылады Қорық > құрық (шұрайлы арнайы қоршалған жер) болған сияқты. Кейіннен екінші заттың атауына ауысқан. Арқан, жіп, қайыс сияқты әрқайсысы қолданылған зат болған да кейіннен жеке мағыналы сөздерге айналған. Құрық, керме, желі құрылу етістігі жағынан екінші мағыналы сөзге ие болған. Күрке-қараңыз. Құрық > құрсақ > белбеу. [3, 238 б.]
Қамшы – ат әбзелдерінің бірі. Таспадан өріліп,тобылғы сапқа немесе басқа бір затқа сапталып, көлік жүргізетін құрал. Ал керек болған жағдайда оны қару ретінде де пайдаланады. Ондай қамшының сабы салмақты, өрімі жуан және ұзын болып келеді. Қамшы бүлдіргі сап, алақан және өрімнен тұрады. Оның әрқайсысы әр заттан жеке – жеке дайындалып біріктіріледі. [11, 34 б.]
Қамшы да көне дәуірде пайда болған.Қамшының түрлері де көп.Әсіресе, дойыр қамшы ұрыстарда қолданылған. Өрімнің басында қорғасын құйылған, арнайы соғысқа дайындалған қамшылар да болған. Басқа қамшы тиген соң жаман састым,Қорғаларға жер таппай, әбден қаштым! [5,115 б.]; Күндердің бірінде салт атты, сабау қамшылы, бір бөрі тонды, бөрте атты жігіт келіп, бала болыпты [6,51 б.]; Алып міндік аласын, Қамшыдай қылдың қарасын [3, 181 б.]
Ат - әбзелдеріне: ауыздық, өмілдірік, жүген, айыл, тізгін, делбе, кежім, үзеңгі, тебінгі, тепкіншек, таға-доға, құйысқан, сақ ер, ыңыршақ, ершік, ашамай, ноқта-бұйда, тоқым, шылаушын, арба, қамшы (бүлдірге), қайыс-таспа-тарамыс, шылбыр, шынжыр, жіп (шыжым жіп), арқан, желі, керме, тұсамыс, шідер, бұғау (егеу), кісен, құрық, құрсақ-белбеу жатады.
Ғират сонда ауыздығын шайнапты,
Азу тісін шықыр – шықыр қайрапты. [10,153 б.]
***
Ғиратының мойнына арқан байлады:
-Мен қозғалмай, тырп етпе! – деп, қайрады [2,153 б.]
***
Арқаннан атын алдырды,
Алтынды ер мен жүгені
Тоқымыменен салдырды [2,162 б.]
***
-Ашамайға мінгізіп,
Көш алдына жүргізіп [2,176 б.]
***
-Құлыным қамшы астында болды,- дейді,
Еркін өсіп жетпеген көркің,- дейді. [2,176 б.]
***
Жан сақтап қайың құрық, сойылменен,
Бұзау тіс, дырау қамшы, дойырменен
Сиыр да қазақ халқының тұрмысынан еркше орын алатын төрт түлік малдың бірі. Сиыр- осы түліктің жалпы аты, әрі үш жастан асқанын, бұзаулайтынын да осылай атайды, көбінесе сауынды сиыр деп те атай береді. Сиыр малын жасына қарай: бұзау (бір жасқа дейінгі), торпақ тана (бір жастан асқаны), тайынша (екі жасқа келгені), құнажын (екі жастан асқаны, төл беретіні), екі, үш жастан асқанын - сиыр, еркегін - өгіз, бұқа деп бөледі. Сиыр малын ірі қара деп те атайды. Мысалы, «Ысқатына (расходына) байлапты он бес қара».
Төрт түліктің бірі – қой малы. Қой жуастықтың, бейбіт жағдайдың баламасы ретінде алынып, тілде осы мағыналарды білдіретін көп – көп сөз тіркестері жасалған. Осыған байланысты адамның момынын: қойдан қоңыр, жылқыдан торы; қой аузынан шөп алмас деген.
Ғұлама дана Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қой мен оның көл – көсір пайдасы туралы былай дейді: «Жуастықта қойдан қоңыр болу керек. Араб (ғараб) жұрты (иұрты) һәм хош құлқың сипатлығы (ұсығатлығы) адам ініге (неге) ағыным дирлар екен. Оның мағынасы: «қой сықылды» - дегені. Біздің қазақ жұрты һәм мақтаған адамын: «Қойдан қоңыр» - деп сөйлейді. Қойда жуастық (жуаслық) мінез бар. Сол себептен басқа хайуандардан қасиеттігі (хасиатлығы) бар. Қой жылына жалғыз – ақ қозы табады. Сонда да төрт аяқтыда қойдан көп жануар жоқ. Өзі бір жылда үш түлейді: бір қабат жүнін «жабағы» - деп атайды. Қазақ халқы оны қанша пайдасына жаратады: өзіне – киім, малына жабу; артығын сатып, керек – жарақ алады. Қазақ жұртын бірсыпыра көтеріп, берекелендіріп тұрған – осы қой деген мал. Құрты, майы; қыс болғанда, қазақ деген жұрттың отыны – қойдың барлығынан табылады. [2, 124 б.]
Қойды жасына, еркек – ұрғашысына қарай: ұрғашы қой (төлдейтін қой), саулық қой (сауылатын, көбіне бес жастан асқан қой), дөнен қой (төрт жастағы қой), құнан қой (үш жастағы), ісек қой (екі жастағы еркек қой), тұсақ (екінші көктемге шыққан, былтырғы қозы), кебе,кебе қозы, көпей, көрпеш, көрпелдес, көбе, көбеген (ерте туған қозы). Сол сияқты бағлан, марқа қозы, сырбаз қозы – «жетілген», «піскен» деген мағынада аталатын қозы түрлері де бар. Еркек қойды азбан, қошқар деп атайды.
Ешкі малын көбінесе қоймен қоса айтады. Ешкінің серкесін қой бастаушы ретінде бағалап, қазақ халқы «Серкесіз қой болмайды» деп бағалаған.
3 М – Ж. Көпеев шығармаларындағы төрт түлік малға қатысты заттық мәдениет
Мақал бар: «Бай жұмақты алар сатып».
Онан соң көзге түсер, таңдай атып.
«Қыздың байы – жылқың,-деп айтпады ма,
Жылқы жоққа-күлкі жоқ: қалар жатып. [7, 23 б.]
***
Жүйріктің алу үшін ащы терін,
Тер шыққан соң тарқатар іштің шерін. [2, 23 б.]
***
-Етіңе қамшы өтті ме, балам! – дейді,
-Мен айтсам, тамұқ оты жаман! – дейді.
-Құтылсаң қамшы бірлан, жақсы болар,
Тез соғың, сөйлетпей жылдам! – дейді. [2, 360 б.]
***
Қамшымен Апылық отызды ұрды,
Етіне қызыл алма қамшы кірді. [2, 360 б.]
***
Естіген бір сөз еді құлын жастан,
Таңбадай, жоғалмайтын, тасқа басқан. [2, 107 б.]
***
Атандым жұртқа Мәшһүр құлын жастан,
Сөзім бар алты алашқа болған дастан. [2, 45 б.]
***
Жан сақтап қайың құрық, сойылменен,
Бұзау тіс, дырау қамшы, дойырменен.
Жылқы – жалпы атауы. Ал жүйрік – жылқы малының ұшқыр, шабысы мықты түрі.Өлең жолдарындағы «құлын» сөзі адамның жас мөлшерін білдіріп, яғни жас, кішкентай, бала шағы дегенді меңзеп тұр.
«Мәшһүр – Жүсіптің Мұса Шормановты оның келіні атынан жоқтауы» деген өлеңінде мынадай жолдар кездеседі:
Өзгеше болған бағыңды Айта алман, ата-ау, шамалап!
Жетіп бір келдің тіріңдей,
Қақ жарып дуан аралап.
Жолдағы көрген жан біткен,
Қозыдай шулап маңыраған:
«Қазақтың ханы кетті!»-деп,
Баршасы бірдей зарлаған [2, 75 б.]
Азаматынан айырылып, шулаған елді енесінен айырылып маңыраған қозыға балап және бір ғана адамның зары емес, көптің зары екенін байқатады.
Қара атының үстінде
Неше түрлі ойын қып,
Өнерін жұртқа білдірген! [5, 298 б.]
***
«Бозінген, Бозайғырдай» - бұ да бір күй,
Баяғы қайда кетті «әліф» пен «би» ?! [5, 311 б.]
***
Алғаным – бір мырзадан сүлтік торы,
Жануар күрейсіге малдың зоры [5, 313 б.]
***
Шешеннің көпке ортақ қой тіл мен жағы,
Жүйрік ат, шешен жігіт – елдің бағы.
Мың – мың қылып айдаған
Торылы мен қылаңды! –
деген жолдарда жылқы малын түсіне қарай топтайтынын көруге болады.
Қара (қара ат, қара айғыр, қара жорға, қара дөнен т.б.) – сыртқы түгі түбіне дейін шымқай қара, ұшы жылтыр қылшықты болып келетін жылқы түсі. Мысалы, Қара арғымақ қартайса, Қарға адым жер мұң болар – деген қазақ мақалы да бар.
Боз (боз ат, боз айғыр, боз дөнен, боз жорға т.б.) – қылаң түсті жылқының бір түрі, яғни ол ақ пен сұр түстің екі арасындағы ақшыл қылаң түске жатады. Боз інген дегендегі боз шымқай ақ емес, ақшыл көкке жақын түс.
Торы (торы ат, торы тай, торы қасқа т.б.) - түк бітісі тобылғы түстес, жал – құйрық, сирақтары қара қошқыл болып келетін жылқы түсі. Торы түс қазақ жылқысында өте жиі кездесетіндіктен торы атауы да жиі қолданаылады. Қазақ тілінде торыға байланысты қара торы, құла торы, кер торы, тобылғы торы сияқты атаулар көп.
Қылаң – ден түгінде бозғылт, сұрғылт, көкшіл, ақшыл, сарғылт қылшығы бар жылқы түстерінің жалпы атауы. Дегенмен қылаң көбінеесе қылаң сары, қылаң боз, қылаң торы түрінде негізгі түстің реңкін білдіру үшін қолданылады. [4, 93- 94 б.]
Ат пенен атан байлатып,
Қоралап қойды айдатып,
Кіре – кіре малменен
Керуендей қылып жөнелткен! [6, 208 б.]
***
Келген бір қожа, молдалар
Ырғап, жырғап жөнелеген,
Қатарлап тізіп түйені.
Айғыр мен қошқар бір бөлек,
Үйірлеп салып, айдатқан-
Бауыры сүтті биені! [6, 128 б.]
***
Жіберді қос жүйрікті Мәдинадан
Сүйінші сұрау үшін падишаға! [6, 135 б.]
***
Алты ұғлының ішінде
«Тәті мырза» атанған
Ат – айғырын ниаз қып,
Қожалардан бата алған [6, 126 б.]
***
Тайында атқа қосылып [5, 104 б.]
***
Кедейге үлес болды құнан мен тай,
Теп – тегіс болып типыл құрыды бай [10, 104 б.]
***
Астына жорға мінгізіп,
Үстіне қамақ кигізіп! [10, 219 б.]
***
Той қылып неше күндей сауық қылды
Ат шауып Мәдинаның даласында [5, 342 б.]
***
Боталы түйе болды ғой күлігіміз,
Онан басқа бір болмай керігіміз [7,140 б.]
***
Шешеннің көпке ортақ қой тіл мен жағы,
Жүйрік ат, шешен жігіт – елдің бағы [7,142 б.]
***
Астына жүйрік беріп, адам қосып,
Апарып шаһарына салғызыпты [5, 142 б.]
***
Пырақ бар: бес жүз жылдық жолды басқан,
Ер тоқым өңшең абзал тастан [7, 110 б.]
***
Мінеді иманды құл пырағына,
Жеткізер желіп кетсе жырағына [7, 342 б.]
***
Дүлдүлі ыршып алға секіргенде,
Сыпырылып Ғалы қалды ор ішінде [8, 212 б.]
***
Дүлдүлдің кісінегені болды хабар! [8, 212 б.]
***
Дүлдүлдің құлағыма даусы келді [8, 212 б.]
***
Көкпары – құнан, дөнен; атын шауып,
Жиылысар қонақ болып, сойып қойын [9, 23 б.]
***
Жарасады жүк артса шалқұйрық нар,
Айыр өркеш түйе мен болмас бұл пар.
Шақталып шығып еді мүлтіксіз боп [8, 80 б.]
***
Бәйге атындай аштықтан әбден жарап,
Ақыл мен ой жан-жаққа кеткен тарап [8, 90 б.]
***
Жауырлықтан ер мінбей, мініп желқом,
Күнде бір ат мінбес пе ем болса жылқым ?!
Аяқ ақсақ болғанда, құйрық – шолақ,
Келе жатыр бір тұлпар жұлқым – жұлқым [8, 122 б.]
***
Күлік пен туған егіз Айдаболдан! [5, 84 б.]
***
Қорадан өлсе шықпас боталы інген,
Бір жанды көре алмадық күлік мінген.
Бет алып екі – үш күндік барсаң жерге,
Бұрылып, ботасына қайта келген [2, 22 б.]
***
Тауыпты бір жалғыз ұл патшадан
Адамнан артық сұлу бота көзді [2,128 б.]
***
Түйе боздап келеді ботасына,
Қыдыр болған, қонағым, жатасың ба ?! [2, 90 б.]
***
Қыз деген тұрушы еді көзі күліп,
Сырыңды ішіңдегі айтпай біліп.
Түйеше құр қаңқиған бойы бар да,
Ойы жоқ шөккен жерде қатады өліп [2, 23 б.]
***
«Ауырар!» - деп аяумен, мұрнын теспей,
Бота болған бойымен тұр ма өспей ?!
Үлек (лүк) болды, нар болды, бура болды,
Жата ма қыста онда бұл ел көшпей ?! [2, 23 б.]
Мысалдардағы мал атауларының бәріне түсінік беру артық болар, олар белгілі де және жоғарыда әрқайсысы туралы нақты айтылды.
Алайда, үзіндідегі «үлек (лүк)» сөзі Ә.Көпіш пен Р.Рахымбектің «Төрт түлік» еңбегінде «лөк – нардың таза тұқымды бурасы» деп кездеседі. Ал «үлек» сөзі тек М-Ж. Көпеев шығармасында ғана емес, Махамбет Өтемісұлының өлең жолдарында да келтірілген: «Қас үлектен туған қатепті Қара нар керек біздің бұл іске». Және «Шаңырақ» үй – тұрмыс энциклопедиясында да «аруананың тұқымдық аталығы – үлек» делінген, соған қарағанда «үлек» сөзі қолданыстағы дұрыс дыбысталуы деген түйін жасауға болады.
Сол сияқты «күлік» сөзіне де кеңірек түсінік беретін болсақ.
Мәшһүртанушы профессор А.Қ.Тұрышев «күлік» сөзіне мынадай талдау жасайды: Қыс шілдеде жілік жүгіреді, Жаз шілдеде күлік жүгіреді [2, 20 б.]. Құлбоды сол бабамыз әулие өткен, Айдабол, Күлік тұлпар онан біткен [5, 143 б.]. «Күлік» деп айтылған сөз қырғыз тілі, Күнде «Күлік» деседі қазақ елі, Мағынасы «Жүйрік» деген ұлағат екен (Аймауытовтың М-Жүсіпке жазған хаты). Күлік, күлік, жүрген жерің бүлік, атанған күлікке келейік; Күлік – қырғызша жүйрік делінген сөз [М-Ж-20 б.] дейді. Көне түркі тілінде kulig`- белгілі, атақты, әйгілі деген мағынада қолданылады. Қазақ тілінде «арғымақ», «сәйгүлік» деген мағынаны береді [3, 161-162 б.]
Құдай үшін бұрынғы бала сойған,
Мыңнан біреу тоқтыны зорға қиып.[2, 354 б.]
***
Ах ұрып, тақсыр Ғалы талды дейді,
Тамам жұрт қойдай шулап қалды дейді. .[2, 350 б.]
***
Жұма күн қонып шықтым Дауылбайдан,
Жүре алмай серке сойды жүрген жайдан.[8, 42 б.]
***
Естідім: жазғытұрым қылыпсың той,
Екі өгіз бен сойыпсың жетімек қой. [8, 138 б.]
***
«Өгіз өлер, болмаса арба сынар»,-
Деуменен айран – асыр таң қаласың. [8, 142 б.]
***
«Қалай маған бостан – бос құр келеді,
Біреу жетек, келер – деп,- біреу қоймен». [8, 145 б.]
***
Қонған жері той болып,
Қотан толған қой болып,
Мазардай болды ордасы. [8, 312 б.]
***
Ақтылы қой мыңғырған қора-қора.[7, 135 б.]
***
Бірде семіз көк дөнен, бірде арық,
«Бабы жоқ!» - деп, бас тартпай, жарысалық! [7, 136 б.]
***
Біз партия боп тұрмыз жылқы, қойға,
Қойсыз кісі кенелмек терең ойға. [7, 138 б.]
***
Ханның бұралған еркесі,
Арғынның болған серкесі,
Толған айдай толғаның! [7, 138 б.]
***
Қалыңсыз,дәнеңе алмастан қызын берді [7, 139 б.]
***
Қарақшы, ұры, залым қойдай ықты,
Қайда кетті бұрынғы батыр, мықты ?! [8, 295 б.]
***
Мың тоғыз жүз, міне, отыз бірінші жыл,
Жылқы кетті, қой келді, мұны ырым қыл!
Қойдан қоңыр заманды бір көрмексің!
«Қой анасы – бестен»,-деп,- бусайшы бел! [8, 265 б.]
***
Тірі кісі табыспақ бір – біріне:
Қойдай маңырап, қозыдай шулап, жамырап [8,152 б.]
***
-Тақсыр, сізден көп кәпір қойдай ығар,
Бабамнан сұрап па еді ғаділ Ғұмар [8,153 б.]
Ақынның «Мәшһүр – Жүсіптің Шабдар атпен айтысы» деген өлеңінен мал атауларынң біршамасын кездестіруге болады. Мысалы,
«Басым көп, менен артық кәріп (ғарыб) жоқ!» - деп,
Бір атын алған Байбек, өз ағасы [5, 31 б.]
***
Аттан – тайлық, тайыншадан – қойлық алып. [5, 32 б.]
***
-Саған бір тай байлаттым бедел салып,
Өзіме арзан сатып кетіңіз!- -деп... [5, 32 б.]
***
Құнан, дөнен, бесті өгіз – жануар деп,
Үркітіп бір тайыншаны зорға берген. [5, 35 б.]
***
Шықпаған кеудесінде жаны болды,
Жылқы емес деуге құйрық пен жалы болды [5,35 б.]
***
Мұнда ат, тайлақ, тайынша, құнан, дөнен, өгіз, жылқы сөздері кездеседі. Бұл өлеңінде ақын осы малдардың жүдеу кейпін, олардың мүшкіл халін атпен айтысы арқылы қөрсеткісі келген.
Құнан жаста ғиратқа
Көрген адам қарасты.
Дөнен жаста ғиратқа
Бейне пырақ атындай [10, 194 б.]
***
Көрмеген жан қайдан білсін жайымды,
Құнан, дөнен, құлын, бесті тайымды [10, 215 б.]
***
Боз жорға атты найқалтып,
Жылқының алдынан шықты шайқалтып [10, 218 б.]
***
Жорға менен жүйрікті,
Түн ішінде алалық
Сусыз шөлге бас қосып,
Біздер қашып баралық [10, 227 б.]
Бұл үзінділерде жылқы малының жас мөлшеріне қарай атаулары мен нағыз жүйрік аттардың атаулары келтірілген.
4 Төрт түлік малға қатысты қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестері, тұрақты тіркестер
Ат кекілін кесісті - этн. көне. Құныкер жақ пен құн талап етуші жақтың ешбір бітімге, тоқтамға келе алмауы.
Ағаштан ат мінді – сөйл. О дүниелік болды, көз жұмды.
Адам жылқы мінезді – адам мінезі құбылмалы,аумалы-төкпелі.
Ай мүйізді, аша тұяқты – төрт түлік малдың ішіндегі жылқыдан басқасы айтылады (жылқын айтұяқ деп атайды)
Құлын – тайдай айқасты – асыр салып ойнап – күлді
Ақсарбас айтты – діни. Ауырған кісінің айығуын, не сапар шегіп кеткен адамның аман – есен оралуын және т.б. тілеп, құрбандыққа мал атау.
Әулиге ат айтты, қорасанға қой айтты – этн. көне. Балаға (адамға) шешек шыққанда бозқасқа (ат), ақсарбас(қой) атап, құдайға жалбарынады.
Жолына боз қасқа айтты – этн. Жолы болсын деп садақа атап, құрбандыққа мал атауы.
Көк қасқа айтты – этн. Ірі тойға, қуанышқа құрбандыққа мал атауы.
Мүйіздескен сиырдай – жанжал – егес, өзара қастасу.
Сиыр бүйректеніп – ынтымақсыз, бөлектеніп.
Сиыр мінез – мінезі теріс, томаға -тұйық.
Құлындағы сақау, құнандағы тісеуін айтты – дәнеңе қалдырмай, бар кінәні жиып – теріп төкті.
Айылы бір босап, бір бекіді – тұрақсыз болып, өзгеріп тұрды.
Айылын жимады – жасқанбады, сескенбеді, қымсынбады.
Айыл – тұрман тартты,
Айыл – тұрман тағынды – жолға аттануға дайындалды, мықтап сайланды.
Тоғыз айып – түйе бастаған тоғыз мал не ірі тоғыз зат төлемі, айыптың ең ірісі.
Ақ адал мал – маңдай терімен, таза еңбекпен табылған мал – мүлік.
Ақ қойдың қаны мен ақ батаның заңын бұзбау – этн. Ақ қой шалып, баталасқан, уағдаласқан сөзде тұру.
Ақ түйенің қарны жарылды – молшылыққа, жақсылыққа кенелді.
Ақсақ қой түстен кейін маңырайды- мезгілінен кеш,дер уақытында емес, кеш қалу деген мағынада.
Алалалы жылқы, ақтылы қой – табын – табын жылқы, қотан – қотан қой.
Қой аузынан шөп алмас - өте момын, тым жуас.
Ала тайдай бүлдірді,
Ала қозыдай бөлінді – жік – жік болды, ыдырады, басы бірікпеді.
Бір биеден ала да, құла да туады – адамның бәрі бірдей емес, мінезі де, түрі де, ісі де әр түрлі болады.
Алдына келгенін тістеп, артына келгенін тепті – маңына жолатпады.
Алпыс күн атан болғанша – көптің бірі болғанша.
Ат басындай алтын – құймасы әуелде жылқы басының түрінде құйылған, тұяқ көлемінен үлкендеу алтын.
Ат шаптырым алыс – шалғай, біршама алыс, әжептәуір қашық.
Арық қойдан бағасы кейін – қадірі жоқ, беделі төмен.
Алыстан ат арытып – ұзақ жолдан арнайы шығып, шаршап – шалдығып.
Ат үсті – кенеттен, аяқ асты, жүрдім – бардым.
Аузы асқа, ауы атқа тимеген – жарымаған.
Асауға құрық салғандай - әуресі, машақаты көп, қиын.
Асауға тұсау – тентек, шайпау мінезді, іс - әрекеті шалт, мінез – құлықтарды жөнге салып, қалыпты қауымдық тәртіпке бойұсындыру.
Асаудың құлағында ойнайды – асауға бас білдірді, шеберлік, ептілік көрсетті.
Ат арып, тон тозды – азып – тозды, жадап – жүдеді, шаршап – шалдықты, ұзақ жүрістен қалжырады.
Ат аяғы жетер жер – атпен баруға болатын қашық жер.
Ат басына күн туды – қиын – қыстау заман болды, ер – азаматқа сыналар мезгіл жетті.
Ат басын бұрды (тіреді) – бағытын өзгертіп, тоқтады, бұрылды, межелі жерге келіп тоқтады.
Ат бауырына алды – атпен қуып жүріп, аямай сабады, сойып салды.
Ат бойы – ат бойының ұзындығындай қашықтықты білдіретін халықтық өлшем.
Ат жақты – бет әлпеті сопақша келген.
Ат жалын тартып мінді – ер жетіп, азамат болды, санатқа қосылды.
Атқа жеңіл телпекбай – жұмсағанға жүре беретін, тым ұшқалақ, қолды – аяқты баладай.
Ат құйрығын шарт түйді – белді бекем буып, іске белсене кірісті.
Ат құлағы көрінбейтін – түк көрінбейтін, көз ашқызбайтын, түтеген (боран).
Ат қылып мінді – ат сияқты пайдаланды.
Ат маңдайы аумады – қателеспеді, адаспады, тура келді.
Ат мінгізіп, шапан жапты – ерекше құрмет көрсетті, сый – сияпат жасады.
Атта жал, адамда қам жоқ – күйсіз, жайсыз жағдай туды.
Ат төбеліндей – азғантай, шағын көлемді білдіретін халықтық өлшем.
Ат тұяғы тимеген (Адам аяғы баспаған) – ешкім бармаған, аяқ баспаған.
Аттың жалы, түйенің қомында – асығыста, қарбаласта, тығыл – таяңда.
Ат үстінде күн көрді – көп уақытын жортуылда, жорықта, аттаныста өткізген.
Ат шалдырды – мінген атын жол үстінде аздап оттатып, әлдендіріп алды, тынықтырды, аялдады.
Атымның сыры өзіме мәлім – бірге жүріп, біте қайнасқан адамның сыры өзіме белгілі, өзім жақсы білем деген мағынада.
Ат ізін салмады – келмеді, қатынаспады.
Ат ізін суытпады – үзбей қатынасты, жиі келіп тұрды.
Аттай қалап, атандай сұрады – қоярда қоймай сұрап алды, өтінді.
Жүрегі аттай тулады – жүрегі қатты соқты, алып – ұшты, қобалжыды.
Ат – тонын ала қашты – азар да безер болды, басын алып қашты.
Аттыға еріп, жаяудың таңы айырылды – босқа әуре болды.
Аттыға жол, ауыздыға (аяқтыға) сөз бермейді – ешкімге бой бермейтін, адуын, сөзуар,сөзшең адам деген мағынада.
Аттыға қарап, жаяудың тәңірісі қалды – мәжбүр болды
Аттының аяғын, жаяудың таяғын алған – қу, сұм, айлакер.
Көлденең жүрген көк атты – кез келген, кім көрінген адам.
Көлденең көк аттыны құр жібермейді – сайқалдық, жезөкшелік істеді.
Салт атты, сабау қамшылы – жалғыз басты,бойдақ.
Байтал түгіл бас қайғы - әркім өз басының қамымен кетті, басқаға қарауға мұршасы болмады.
Тайға таңба басқандай – анық, көрнекті.
5 Төрт түлік мал туралы мақал – мәтелдер
«Мақал – мәтелдердің молдығы, олардың тамаша поэтикалық формасы, шебер түрде берілген терең, тіпті философиялық мән – мағынасы – осындай тамаша үздік шығармалар тудырған қазақ халқының өзінің де асқан ақындық дарынының, оның сарқылмас даналығының айғағы».
Мұхтар Әуезов
Төрт түліктің ішінде қазақтың аса бір қастерлеген түлігі – жылқы малы. Жылқы малына қатысты мақал – мәтелдер де баршылық. Бұл мақал – мәтелдерде жылқы малымен салыстырмалы түрде адам баласының мінез – құлық, жүріс –тұрысымен бірге олардың тұрмыс – тіршілігінде алатын орнын да ерекшелеп көрсеткен. Оған төмендегі мақал – мәтелдерді дәлел етуге болады.
Адам аласы – ішінде,
Мал аласы – сыртында.
***
Айғыр үнді келсін,
Қошқар жүнді келсін.
***
Айылың құйысқандайболсын,
Алашың туысқандай болсын.
***
Артқы аттың жеткенін
Алдыңғы ат білмейді.
Ас – аттынікі,
Той – тондынікі.
***
Ат айналып, қазығын табады,
Диірмен айналып, шүмегін табады.
***
Ат арыса, тулақ,
Ер арыса, аруақ.
***
Ат аунаған жерде түк қалады.
***
Ат баспайын деген жерін үш басады.
Ер көрмейін деген жерін үш көреді.
***
Ат – биеден,
Алып анадан туады.
***
Ат – ердің қанаты.
***
Ат – ерінді,
Ер мұрынды келеді.
***
Ат иесі алдына мінеді.
***
Жүйрік атқа мінген құдайын ұмытар.
***
Ат болатын тай саяққа үйір,
Адам болатын бала қонаққа үйір.
***
Қулық (байтал) құлын жанды.
***
Құлындаған биеден, құдықтағы су артылмайды.
***
Жақсы айғырдың үйірін ат жақтайды.
***
Байтал шауып бәйге алмас.
***
Мал аяған аттан құр,
Төл аяған ақтан құр.
***
Жабу астында жал қалады,
Жал қалмаса жан қалады.
***
Ер қанаты – ат.
***
Ат қадірін білмесең,
Жаяушылық көрерсің.
Ас қадірін білмесең,
Ашаршылық көрерсің.
***
Үш бие - бұлақ басы,
Екі бие – ел асы,
Бір бие – жоқтың қасы.
***
Жақсы ат жанға серік,
Жақсы ит малға серік.
***
Жақсы ат алдынан сүрінбейді, артынан сүрінеді.
***
Тай атқа жеткізер,
Ат мұратқа жеткізер.
***
Жалғыз аттың пайдасы көп,
Жалғыз ердің айласы көп.
***
Жылқы – малдың патшасы,
Түйе – малдың қасқасы.
***
Жолға салсаң – жорға,
Жонға салсаң – жүйрік.
***
Атының сыры иесіне мәлім.
***
Алдыңғы айылдың батқанын,
Иесі емес ат білер.
***
Арық атқа қамшы ауыр.
***
Жалғыз шапқан ат жүйрік.
***
Тістейтін жылқы тісін көрсетпес.
***
Қасқа айғырдың баласытөбел туады.
***
Аттың бәрі тұлпар болмас,
Құстың бәрі сұңқар болмас.
Атты ақысын жаяуға жібермейді.
***
Ат сүрінбей, жер танымас,
Ер сүрінбей, ел танымас.
***
Тай тулап үйірінен шықпас.
***
Құрық тимес құлын жоқ,
Қырықтық тимес қозы жоқ.
Жылқыны шұбырған тауысар,
Етті қуырған тауысар.
***
Арық атқа қамшы үйір,
Жыртық үйге тамшы үйір.
***
Жақсы аттың тісін ашпа.
***
Жылқыны бөгелек аздырар,
Ешкіні кебенек аздырар.
***
Жылқының етін жесең, тісіңе кіреді,
Жемесең түсіңе кіреді.
***
Арықты мінгенше аяғыңа мін.
***
Аттың аты үлкен,
Түйенің табаны үлкен.
***
Ат шаппайды, бап шабады.
***
Жортар аттың тоғы игі.
***
Саумал ішсең, қымыз жоқ,
Байтал мінсең, құлын жоқ.
***
Атты күнде мінсең – тулақ,
Аптада мінсең – қунақ,
Айына мінсең – ат,
Жылына мінсең – тұлпар.
***
Тайдың мінгені білінбес,
Баланың жүгіргені білінбес.
Жылқының көркі – құйрық,
Үйдің көркі – мүлік.
***
Тағасының күмісіне мақтанба,
Атыңның жүрісіне мақтан.
***
Өріске мал жарасар,
Атқа жал жарасар.
***
Айғырдан туған жампоз бар, нар демесең нанғысыз.
***
Көбік қарда түлкі ойнар,
Көк көрпеде жылқы ойнар.
***
Боларыңда болып өт,
Боз жорғадай желіп өт.
***
Қартайғанда кәрі боз жорға шығарыпты.
***
Боз жорға – байлықтың салты.
***
Аталастың аты озғанша,
Ауылдастың тайы озсын.
***
Аттан жығылғанды пері аңдиды,
Далада қалғанды бөрі аңдиды.
***
Аттыға – жол,
Ауыздыға сөз бермейді.
***
Байсалды айғырдың үйірін ат жақтайды.
***
Бір тай бие болмайды,
Екі тай түйе болмайды.
***
Жаман атқа жал бітсе,
Жалына торсық байлатпас.
Жаман адамға мал бітсе,
Жанына қоңсы қондырмас.
***
Жылқы кенжелемесе, өспейді,
Қой көбелемесе, өспейді.
***
Қой анасы бестен.
***
Қой асығы демеңіз,
Қолайыңа жақса, сақа қой!
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса, аға қой!
***
Төрт түліктің ішінде түйе малын байлық ретінде де, көлік ретінде де, азық ретінде де қатты қастерлеген. Ұзақ сапар, қиын асу бел, барар бағыты бағдарсыз жолды төс табаны төрт елі, атан жүрер жер екен деп суреттесе, түйенің ауыр мінезін тыныштықтың, бейбіт тірлік қалпына балап, оның мінезінде көрініп қалар «жеңілдікті» жамандыққа жорып, атан түйе ойнақтаса, жұт болар деп бағалаған, күштілігі – нар жолында жүк қалмас; атан жілік жігіт деп, сұлулықты – бота көз ару, бота тірсек деген баламаларды қолданған екен. Түйе түлігіне қатысты мақал – мәтелдерге де тоқтала кетейік.
Ат – биеден, аруана – түйеден.
***
Түйе баласы – төре баласы.
***
Қуырдақтың үлкенін-
Түйе сойғанда көресің.
***
Түйе – байлық,
Жылқы – мырзалық.
***
Көтерем деп түйеден безбе,
Салтанатың емес пе,
Тебеген деп биеден безбе,
Қос қанатың емес пе.
***
Қоныс ақысын түйе қайтарады.
***
Нар ботасын қарпып сүйеді.
***
Ашамай нарға жарасар,
Ақ түйе барға жарасар
***
Ақсақ түйенің аузына,
Жел айдаған қаңбақ түсер.
***
Түйе қашып жүктен құтылмас.
***
Түйенің үлкені көпірден таяқ жер.
***
Жебір түйе жабуын жер.
***
Түйені жел шайқаса,
Ешкіні көктен табарсың.
***
Түйенің танығаны жапырақ.
***
Жығылсаң нардан жығыл.
***
Боталы түйе боздауық.
***
Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол.
***
Көрмес - түйені де көрмес.
***
Екі аяқтыда – бажа тату,
Төрт аяқтыда – бота тату.
Қой – қазақтың ертеден көзін ашқалы кәсіп қылып келе жатқан малының бірі. Отар – отар қойын айдап, көшіп – қонған халықтың ен байлығы, тіршілігінің көзі болған. Қой – ешкі деп қосарлана айтылатын бұл ұсақ малдың қазақ халқы өмірі мен тіршілігінен алар орны да ерекше. «Есің кетсе, ешкі жи» немесе «Мал өсірсең, қой өсір, өнбегі оның көл – көсір» деп тегін айтпаса керек. Қойдай жуас, момын қазақ сияқты халықтың еншісіндегі қой – ешкіге қатысты айтылған мақал – мәтелдер де аз емес. Негізі мақал – мәтелдің өзі халықпен біте қайнасқан, оның басынан өткен өмір қуанышы мен тауқыметінен, көрген –түйгенінен алынған мыңжылдық мысалдары деуге тұрарлық туындысы.
Малды бақсаң қойды бақ,
Май кетпейді шарадан.
***
Қойдың сүті - қорғасын.
***
Қойдың іші – береке,
Жылқының іші – мереке.
***
Ешкі сойғанның екі малы бар:
Мүйізі пышағына сап,
Терісі балаңа жарғақ.
Тоқсан қабат торқадан,
Тоқтышағымның терісі артық.
***
Семіздікті қой көтереді.
***
Ешкіні құдай ұрарында,
Қойшының таяғына сүйкенер.
***
Күн батса, қойға соқпақ табылады.
***
Кәрі қойдың басы піскенше,
Тоқты қойдың басының арсасы шығады.
***
Ақсақ қой жатып семіреді.
***
Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
***
Қой семізі қойшыдан.
***
Қой тілегі – амандық,
Бөрі тілегі – жамандық.
***
Сүтсіз қой маңырауық.
***
Қой егіз туса, шөп басы айыр шығады.
Ақ серке қой бастайды,
Ақын жігіт той бастайды.
***
Қасапшыға мал қайғы,
Қара ешкіге жан қайғы.
***
Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды.
***
Мал баққан қошқардың жайын біледі.
***
Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды.
***
Қошқар болар қозының маңдайлары дөң келер,
Аға болар жігіттің етек – жеңі кең келер.
***
Жылқы кенжелемесе, өспейді,
Қой көбелемесе, өспейді.
***
Қой анасы бестен.
***
Қой асығы демеңіз,
Қолайыңа жақса, сақа қой!
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса, аға қой!
***
Қой үстіне торғай жұмыртқалағандай,
Жыланмен бала ойнағандай.
***
Қойдан қоңыр қойшының қоңыр өгізі.
***
Қойды – шартық,
Елді – қортық өлтіреді.
Төрт түліктің бірі – сиыр. Сүті мен еті азық боп, күш көлігі ретінде де пайдаға жараған бұл малдың маңызы ерекше. Тілімізде түрлі сөздер, сөз тіркестерімен қатар мақал – мәтелдер қалыптасқан.
Өгіз өлгенше өседі.
***
Сиыр су ішкенде,
Бұзау мұз жалайды.
***
Сиыр сауған шөлдемес.
***
Бас білген өгізге,
«Өк» деген өлімнің қарабасы.
***
Сүзеген сиырға құдай мүйіз бермейді.
***
Сиыр өз тілінен қыршаңқы болады.
***
Малды іріктемесең, тұқымы азады,
Қонысты жаңаламасаң, өрісі тозады.
***
Сиырдың сүті тілінде.
***
Сиыр сары болмас,
Түйе торы болмас.
***
Жаман адам – тақпақшыл,
Жаман сиыр – соқпақшыл.
***
Өгіз өлдім демес,
Арба сындым демес.
***
Өгіз өрге сүйрейді.
***
Өлеңді жерде өгіз семіреді,
Өлікті жерде молда семіреді.
***
Сиыр алсаң, танып ал,
Танымасаң, тарғыл ал.
Сиыр судан жерісе,
Су сиырдан жериді.
Әдебиеттер
1 Көпіш Ә., Рахымбек Р. Төрт түлік. – Алматы: «Өнер», 2001. – 44 б.
2 Мәшһүр – Жүсіп Көпеев. Рухнама. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 170 б.
3 Тұрышев А.Қ. М-Ж. Көпеев шығармаларының этномәдени лексикасы. – Павлодар: 2004. – 161 б.
4 Қайдаров Ә, Ахтамбердиева З., Өмірбеков Б. Түр – түстердің тілдегі көрінісі. – Алматы: «Ана тілі», 1992. – 154 б.
5 Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 1 том. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 389 б.
6 Жүсіп. ҒӨФ «ЭКО» -Павлодар: 2003 – 172 б.
7 Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 2 том. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 496 б.
8 Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 3 том. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 354 б.
9 Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 4 том. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 498 б.
10 Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. 5 том. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2003. – 408 б.
11 Шаңырақ. – Алматы: Қазақ Совет энциклопедиясының Бас редакциясы. 1990. – 98 б.
12 Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы: «Санат», 1994. – 71 б.
13 Тұрышев А.Қ. Мәшһүр Жүсіп шығармаларындағы заттық мәдениет лексикасы. – Павлодар, 2007. – 161 б.
.Кеңесбаев І. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1, 2-том. –Алматы, 1959. – 598 б.
15 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: «Ана тілі», 1992. – 443 б.
ҒабитовТ.,Мүтәліпов Ж., Құлсариева А. Мәдениеттану. – Алматы: «Раритет», 2005. – 5 - 8 б.
Мазмұны
Алғы сөз ...................................................................................... 3
1 М – Ж. Көпеев өмір жолынан қысқаша дерек.....................…. 4 2 Төрт түлік мал турасында.......................................................….6 3 М – Ж. Көпеев шығармаларындағы төрт түлік малға
қатысты заттық мәдениет...............................................……...11
4 Төрт түлік малға қатысты қолданыстағы сөздер мен
сөз тіркестері,тұрақты тіркестер..........................................….19
5 Төрт түлік малға байланысты мақал – мәтелдер ............. .…23
Әдебиеттер ............................................................................….33
М .Ж. КӨПЕЕВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ЗАТТЫҚ МӘДЕНИЕТ
Б.Қ. ОРАЗБАЕВА
ПМУ колледжінің оқытушысы, Павлодар қаласы
Алдымен «мәдениет» дегеніміз не?- деген сұраққа жауап беру үшін бұл сөздің этимологиясына, яғни бір күрделі ұғымды білдіретін сөздің шығу тегіне тоқталсақ. Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият»- қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл орта ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланысты. Мәдениетке берілген көптеген анықтамаларды альтернативтік (қарсы қоюшылық) деп атауға болады. Бұл жерде алдымен көзге түсетіні – мәдениет пен табиғатты «культура» мен «натураны» қарсы қоюшылық. Уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағынаға ие бола бастады. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке төмендегідей анықтамалар берілген:
а) мәдениет – адамзат қауымының белгілі бір тарихи кеңістіктегі қызметі мен өзіндік ерекшеліктері (палеолит мәдениеті, критмикен мәдениеті, қазақ мәдениеті);
ә) мәдениет – белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығармашылығының жиынтығы;
б) мәдениет – адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті)
в) агромәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет)
19 ғасыр мәдениет мәселелерімен тығыз байланысқан ғалымдардың бірі – ағылшын ойшылы Эдуард Бернетт Тайлор «мәдениет жөніндегі ғылым - реформалар жөніндегі ғылым» деп тұжырымдай отырып, мәдениетті үздіксіз даму үстіндегі процесс деп қарастырады. Тайлор мәдениетке мынадай жалпылама анықтама береді. «Мәдениет пен өркениет кең әрі этнографиялық мағынада – білімнен, наным-сенімдерден, өнерден, адамгершіліктен, заңдардан, салт – дәстүрден және қоғамның мүшесі ретінде адамның игерген дағдылары мен түрлі қабілеттерінен құралады. [6, 4- б.].
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев – көрнекті ақын, шежіреші, фольклортану, тарихтану, тілтану салаларында соңына мол мұра қалдырған тарихи тұлға. Аты әлемге мәшһүр болған бабамыздың шығармаларында мәдени атаулар, оның ішінде заттық мәдениет атаулары қалай көрінеді, соған тоқталсақ.
Қазақ - төрт түлік малды ертеден қасиет тұтқан халық. Сөз зергері Мәшһүр – Жүсіп шығармаларында төрт түлік малға, мал шаруашылығына қатысты заттық атаулар көптеп кездеседі. Мәселен, «Тарбайыс» дастанынан төмендегідей дәйектер келтіруге болады.
Сыбақ қар қалың жауған қоңыр күзден,
Мал болмай келетұғын қонып түзде
Қой-ешкі, бұзау-торпақ шөпке тұрды,
Қарамал желтоқсанға қоңын үзген. [3, 5- б.].
Мұндағы қой, ешкі, бұзау, торпақ, мал, қарамал – бәрі де жалпы төрт түлік мал атаулары. Түйе, жылқы, қой, сиыр малын қосып төрт түлік деп атайды. Төрт түлік малды жеке-жеке атағанда түйе малы, жылқы малы, қой малы (ешкі малы), сиыр малы дейді. Әрі бұлардың сақтаушы иесі бар деп ұғынып, оларды ойсыл қара, қамбар ата, жылқышы ата, шопан ата, шекшек ата, зеңгі баба деп атаған. Ал бұлардың бәрін қосып аяқты мал деп атайды. Ал ірі, мүйізді малды – қара мал деп те атайды. [1, 3- б.]
Түр – түс атаулары – қазақ тілінде, басқа тілдер сияқты, біршама зерттелген категория (І.Кеңесбаев, Н,Сауранбаев, А.Ысқақов, М.Балақаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, Ж.Шәкенов). Олар қазақ тілі мамандары тарапынан негізінен сын есім категориясы ретінде қаралып, сапалық сын есімге тән лексика – грамматикалық табиғаты мен мағынасы, қолданылу аясы анықталған. Қара – бұл түсің анықтамасын түсіндірме сөздіктерде «ақтың қарама-қарсы түсі» деп беріп жүр. Қара – сиыр, жылқы, түйе сияқты ірі мал: ірі қара мал; Қара малдың түп-түгел бәрі де аман («Айман –Шолпан»); Қара сөзі қазақ тілінде кейде жеке тұрып та, дәл осы мағынаны білдіреді: Тоқсан мың екен қарасы, ноқта тимеген («Қаз. Эпосы»)
[2, 63- б.].
Үзіндідегі «қоң» сөзі – малдың сауыр еті, семіздігі. Қоңаю-қоңдану, мал оңалып, күйлену, семіру деген мағынаны білдіреді. ») [4,183- б.].
Күзекке тұрақтамай қыстау келіп,
Мұздаяқ ел сүреңсіз түрге еніп,
Малтығып ат баурынан аппақ жонда
Көрмейсің бір жылқышы жүрген желіп. [3, 5- б.]
«Күзек» - ел жайлайтын жер; Пішенін шапқызып болған ел, енді күзекке беттеп келе жатқан. (М.Әуезов)
«Қыстау» - қыстап шығуға арналған мекен, жай, тұрғын үй, қора-қопсы.
«Жон» - көтеріңкі тегістік, дөңестеу қырат жер.
«Жылқышы» - жылқы малының иесі, бақташы.
Жүгенсіз кеткен өңкей надан қазақ.
Заң білмейді, мал тәрізді...неткен ғажап ?
Есіріп қымыз ішіп, кердең қағып,
Қасқырдай ет жегені, соған мәз –ақ. [3, 8- б.]
«Жүген – құрық» - жылқышыға керекті құрал – сайманның бір түрі. «Жүгенсіз» - 1) жүгені жоқ. Ат жүгенсіз, басына тек ноқта кигізілген. 2) Ауыспалы мағынада, бетімен кеткен тәрбиесіз, өнегесіз, әдепсіз. «Жүгенсіздік» - 3) Бетімен, қалай болса – солай кеткендік.
«Қымыз» - Бие сүтінен ашытып істелетін сусын. Мысалы, Мінсең ат, ішсең қымыз, жесең қазы, Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан. (І.Жансүгіров)
Бір шана артып алды ағаш кесіп,
Шұлғауын сығып киді қайта шешіп.
Аяқта бурыл пима күрп-күрп еткен,
Келеді суға толып, батпақ кешіп. [3,19- б.]
«Шана» - қар үстінде сырғанап жылжуға ыңғайлап, ағаштан жасалған, екі табаны бар шаруашылық сайманы.
«Шұлғау» - аяқты орайтын шаршы шүберек мата.
«Пима» - жүннен басылған жылы аяқ киім.
Пәуеске тұра қалды алдындағы,
Алысып ауыздықпен арғымағы. [3, 30- б.]
«Пәуеске» - рессорсыз жеңіл арба, «ауыздық» - ат әбзелдерінің бірі, «арғымақ» - жылқы малын атайды.
Араптың арылмадым сойылынан,
Шорманның құтылмадым ойынынан. [3, 31- б.]
«Сойыл» - қолмен көтеріп жүруге ыңғайлап жасалған ұзынша сидам келген ағаш. Мысалы, Сойылын сүйреткен жүз қаралы адам бір бөлек тұр (М.Әуезов).
Жалғаннан былық-шылық тазармас –ау
Жапқанмен жылтыратып белден оқа. [3, 32- б.]
«Оқа» - жіпке күмістен, алтыннан орап тоқыған зер. Мысалы, Оқа жақ салған, қара мақпал кемзалы бар келісті келіншек дастархан жайып, асты жасауға кірісті (М.Әуезов).
Ет желінді, шәй ішіп әңгімемен,
Сан мәселе сөз болды мәнді деген. [3, 33- б.]
«Ет, шәй» - тағам – сусын атаулары. «Шәй» - мәңгі көгеріп тұратын техникалық өсімдіктің құрғатылған жапырағы. Сол жапырақтан дайындалған ішімдік.
Нұрғазы, бүгін теріп жеп жүргенің,
Бір кезде Шоң мен Шорман еккен жеміс. [3, 32- б.]
«Жеміс» - ағаштарға және сабақты өсімдіктер басына шығатын миуа. Мысалы, Жүз гектар шешек атқан жеміс бауы бар (Ә.Тәжібаев).
Мәшһүр – Жүсіп Көпеевтің бір шығармасындағы кездескен заттық атауларға тоқталдық. Көбінесе қазақ халқының тіршілік көзі болған төрт түлік малға қатысты атаулар мен шаруашылық құралдары, ас-тағамдардың қолданысы және олардың мағынасы түсіндірілді. Ғұлама дананың еңбектері қазіргі таңда көп зерттеліп, талданып жатыр, әлі де қарастырар сыры мол мұрасы көп, әрине. Ол алдағы уақыттың еншісіне жүктелер жұмыс.
Достарыңызбен бөлісу: |