Меңсұлу РАХМАТОЛЛА, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті
Қарттарым аман-сау жүрсін
Ата-әже отбасының алтын діңгегі, оның дәнекері іспеттес. Әрбір қазақ отбасында қариялардың алар орны ерекше. Қасиетті шаңырақты шайқалтпай, отбасының берік іргесін қалаудың алғашқы баспалдағы да ата-әжелерімізден бастау алады. Басына бақ құсы қонып, ұрпағына ана емес, бүкіл айналасына ілтипаты мен шапағатын шашқан кеңпейіл қариялар жайында сөз қозғағанда өзімнің ата-әжемді де мақтанышпен айтқым келеді.
Ардақты атам мен әжемнің отау құрғандарына елу жыл толып отыр. Екеуі жарты ғасыр бойы бірге қол ұстасып, өмірдің қызығы мен қиындығына мойынсынбай, қарышты қадаммен алға басып келеді. Міне, бүгін халық арасында "алтын той" деп аталатын осынау күнге де қол жеткізіп, бізге, балалары мен немерелеріне үлгі-өнеге көрсетіп отырған жайлары бар. Ата-әжем 1964 жылы Есіл ауданындағы Жаңалық ауылында отау құрған екен. Бес қыз, екі ұл тәрбиелеп, қанаттыға қаққызбай, тұмсықтыға шоқыттырмай ер жеткізіп, ел қатарына қосты. Бүгінде бауыр еті балаларынан 12 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Ерсайын атам мен Зейнеп әжем - береке мен мерекеге толы шаңырақтың ақылшысы. Балалардың алды бүгінде өздері әке болғанына қарамай, қандай жағдай болмаса да ең бірінші кезекте атам мен әжемнен ақыл сұрап, оларды ден қоя тыңдайды. Жолға шықсақ та, жаңа бір іс бастасақ та, үлкен қариялардың ақ батасын аламыз. Олардың жүректен шыққан ақ лебіздері, жылы сөздері бізге күш-қуат беріп, үнемі алға жетелеп отырады. "Тәрбие отбасынан басталады" дегендей, ұлдың текті, қыздың қылықты болып өсуі ата-ананың тәрбиесіне байланысты деп ойлаймын. Бұл жағынан алғанда олар біздің барлығымызға қазақы тәрбие беріп, өмір жолында тек қана жақсылық жасап, біреудің ала жібін аттамауға үйретуден жалыққан емес.
"Бала балдан тәтті, немере жаннан тәтті" демей ме дана халқымыз. Мен өзім ата-анамның тұңғыш баласымын. Яғни, ата-әжемнің үлкен немересімін. Қариялар мені қазақтың салт-дәстүріне сай өз қолдарына алып, аялап, тәрбиелеп, қамқорлықтарын аяған емес. Ең алғаш рет мектепке қолымнан жетектеп алып барған да атам мен әжем. Содан бері де біршама уақыт өтті.
Отбасымыздың үйытқысына айналған ардақты ата-әжемнен мен бар жақсылықты үйренгім келеді. Олар өте сабырлы, бір-біріне қамқорлықпен, мейіріммен қарайтын жандар. Бала кезімнен солардың қолында өстім. Олардың бір ретте бір-біріне дауыс көтеріп, қатты сөз айтқанын естімеппін. Әжем атамды ер-азамат, балалардың әкесі ретінде құрметтейді, қадірлейді. Ал атам болса әжемнен қамқорлығын аямай; оны әрдайым сыйлайды. Мұның бар-лығы біз үшін үлкен өнеге, өмірлік сабақ болары сөзсіз.
Саналы өмірлерін еңбекпен өткізіп, балашағаны жеткізіп, оқытып, ел қатарына қосқан қариялардың бүгінде сол арманы орындалды. Ұл-қыздары ержетті. Біреуден кейін, біреуден ілгері дегендей қатарластарынан қалмай, өмір жолында алға басып келе жатқан жайлары бар. Жапырағын жайған мәуелі бәйтеректей ата-әжемнің ендігі көз қуанышы - біз, немерелеріміз. Олар біздің жеткен жетістігімізге қуанып, әрдайым биік белестен көрінуімізге тілектес болып отырады. "Баланың да, немеренің де, тілегін тілеп, ұрпақ пен ұрпақты жалғап отырған қадірлі қариялардың жас кезінде қандай арманы болды екен?"- деп ойлайтын шығарсыз, оқырман. Иә, ол ойыңыз орынды. Адамды алға жетелейтін арман емес пе? Олай болса, менің ата-әжемнің де арманы болған екен. Ол жайында әңгіме арасында аяулы әжем: "Өмір бойы атаң екеуміз балаларымыз бақытты болса екен деп жұмыс істедік, қиындықтан қашпадық. Мен жас кезімде жоғары оқу орнында оқып, білімімді одан әрі шыңдауды армандадым. Дәрігер, не болмаса мұғалім болғым келді. Бірақ өмір жолы мүлдем басқа арнаға алып кеткенін байқа-май да қалыппын. Тұрмыс қүрдым, үй, бала-шаға, күйбелең тірлікпен жүргенде жалындаған жастық шақ өтіп те кетіпті. Енді, міне, кәріліктің де ауылына келдік. Өкінбеймің тек балалар аман болса болғаны. Біздің тілек сол ғана...", - дегенді жиі айтып отырады. Осындай әдемі әңгімелердің әсері шығар, мен мектепті тамамдаған соң жоғары оқу орнына түстім. Әжемнің бір кездері орындалмай қалған арманын жалғастырғым келді. Қазір студентпін. Сәтін салса, білімімді ұштап, қолыма диплом алып, елімнің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткім келеді.
Елу жылдан бері өмірдің ащысы мен тұщысын қатар татып, отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтқан қымбатты қариялардың бұл қыры да жастарға үлгі бо-ларлықтай деп ойлаймын. Себебі, жарты ғасыр бірге тұру да үлкен өнер шығар. Әжемнен бірде: "Атам екеуіңіз бір шаңырақ астында сон-ша жыл тату-тәтті түрып келесіз-дер, оның сыры неде?" - деп сұрағанымда. Ол маған: "Мінездің сабырлығында, балам, Кешірімді, мейірімді бола білу керек", - деген. Сол сөздерді еш уақытта үмытпаймын.
Атамның балалық шағы сүрапыл соғыс жылдарына тұспа-тұс келген. Сондықтан болар, ол еңбекке ерте араласып, қолынан келгенше үлкендерден қалмай жұмыс істепті. 10 жылдық мектепті тамамдап, Есіл ауданына қарасты бұрынғы "Тораңғыл" колхозында малшы болған.Содан кейін де атам бар өмірін еңбекпен өткізген.
// Cолтүстік Қазақстан. - 2014. - 10 шілде
Достарыңызбен бөлісу: |