2. Түске байланысты атаулар көшпелі қазақтардың өмірінде ерекше маңызды орын алып, олардың шексіз дала алқабы мен тау алды жайылымдарында көші-қон кезінде белгі қызметін атқарған. Топонимдердің басым көпшілігі тұрған жерінде бағыт-бағдарды оңай айқындайтын географиялық нысандардың айрықша белгісін білдіреді.
«Қоңыр» термині көбінесе жайылымдық термин негізінде қалыптасқан. Мысалы Қоңыр құдық, Қоңырша бейіт, Қоңыржайлау, Қоңырорпа, т.б. қарастыруға болады. «Қызыл» сөзі негізінде қалыптасқан атауларды біз тау жыныстарының түсімен және гидронимдердегі атаулардың су ішіндегі ағзалармен тығыз байланысты қойылған деген пікірдеміз. Қызыл құдығы, Қызыладыр қонысы, Қызыластау құдық, Қызыләскер ауылы, Қызылжар құдығы, Қызылжар қонысы, Қызылқұдық, Қызылқұм ауыл орны, Қызылқұм құмы, Қызылой құдығы, Қызылөзен ауылы, Қызылсай төбесі, кенті және жырасы, Қызылсор қонысы, Қызылсу ауылы, Қызылсуат құдығы, Қызылтам қыстауы, Қызылтас бұлақ атауларын кездестіруге болады.
«Сары» сөзі оронимдер мен гидронимдер, жайылымдық атаулардың құрамында жиі кездеседі. Бұл түспен байланысты атаулар гидронимдерде судың түсін, оронимдерде көбінесе тау жыныстарының түсін білдіреді. Ресейдегі Саратов қаласы атауының негізінде қазақ тіліндегі Сарытау жатыр. Уақыт өте келе, Сарытау атауы өзгеріске ұшырап, Саратовқа (мағынасыз) айналған. Ал Волгоград қаласының бұрынғы атауы Царицын қазақша, Сарысу өзен атауының бұрмалануынан пайда болған. Қазақстанның құрғақ далалары мен шөл-шөлейттерінде аптапты, құрғақ жаз өсімдік жамылғысының тез қурап, жазықтың сары реңкке енуіне себепші болады. Бұл өз кезегінде қазақ топонимиясында Сарыарқа, Сарыдала, Сарыөзек тәрізді атаулардың қалыптасуына негіз болған. Осы ретте қазақ халқының ат қоюдағы айрықша бір ұстанымын да ескерген жөн: кей жағдайда халқымыз «ұзақ сонар», «кең-байтақ» деген ұғымды сары сөзі арқылы жеткізген. Сондықтан қазақ санасындағы Сарыарқа сары түсті ұсақ шоқылар ғана емес, кең байтақ аумақ болып табылады. Сарыбас бейіті, Сарыбұлақ, Сарыкеткен қыстауы, Сарынияз құдығы, Сарыой қонысы, Сарытақыр қонысы, Сарытас бұлағы және қыстауы, Сарытөбе қыстауы, Сарытөрткіл төбесі, Сарышоқы құдығы, Сарышоңай құдық атаулары Маңғыстау өңірінде көрініс тапты.
Е. Қойшыбаевтың көрсетуінше, сары сөзінің түп төркіні сар иран тілінен енген, яғни «кең», «басты», «негізгі» және «айқын» дегенді білдіреді. Қазақ оронимиясында кейбір түр-түстік сын есімдер семантикалық өзгеріске ұшырап, өзінің алғашқы түрдегі мағынасын басқа, екінші туынды мағынаға ие болып нысандардың әртүрлі физикалық-географиялық ерекшеліктер туралы белгі беруші, көрсетуші қызметін атқарады. Көру арқылы қабылдау түсті ғана емес, географиялық нысанның көлемі мен пішінін де белгілейді.
№
Достарыңызбен бөлісу: |