Мезгілінен бұрын босану
Жүкті әйелдің 22-37-апта аралығында босануын мезгілінен бұрын босану дейді. Осы мезгілде туған нәрестені «шала» туған нәресте деп атайды.
Мезгілінен бұрын босану жиілігі 4-15% аралығында, ал 33-37-апталарда 75% дейін жетеді. Оның негізгі себептері жоғарыда айтылған жүктіліктің мезгілсіз үзілуінің себептерімен сәйкес.
Мезгілінен бұрын босанудың себептері: әйелдің жыныс мүшелерінен тыс аурулары; жүктілік гестоздары; жатыр қабырғасының созылуы; плацентаның мезгілсіз бөлінуі және оның төмен орналасуы; ана мен баланың иммунологиялық сыйыспаушылығы; түрлі инфекциялық аурулар.
Мезгілінен бұрын босану қаупінде жүкті әйелдің белі, іші ауырып, жатырдың көк еттері оқтын-оқтын жиырылып, жатыр қатаяды. Уақытында емдемесе, толғақ басталып, жүкті әйел мезгілінен бұрын босанып қалуы ықтимал. Дәрігерлік амал мезгілінен бұрын босанудың дәрежесіне, жүктілік мерзіміне, ана мен нәрестенің күй-жағдайына, жатыр мойнының ашылу дәрежесіне байланысты жасалады.
Мезгілінен бұрын босану қаупіндегі дәрігерлік амалдар:
1. Бірден босану үйіне жатқызу; 2. Төсекте жату ережесін сақтау; 3. Жоғарыда аталған түсік тастаудағы емдерді толық қолдану.
Мезгілінен бұрын босанарда жүкті әйелдің іші қатты ауырып, толғақтың басталуы да мүмкін. Қынаптық зерттеуде жатыр мойны қысқарып, ашылып, көбіне қағанақтың жарылғаны анықталады.
Мезгілінен бұрын босанудың ерекшеліктері:
Қағанақ суы мезгілінен бұрын кетеді (40% жақын);
Босану ауытқулары байқалады (толғақтың әлсіздігі, толғақ қарқынының күшеюі);
Жатырдағы нәрестенің тұншығуы жиі кездеседі;
Бала жолдасының бөлінуі кезеңінде қан көп кетеді;
Босанғаннан кейінгі кезеңде әйел ағзасында түрлі инфекциялық асқынулар пайда болуы мүмкін
Әйел мезгілінен бұрын босанғанда, аралықты тіледі. Толғақты қоздыру немесе жатырдың жиырылуын жылдамдату үшін окситоксин немесе простагландин сұйықтықтарын қолданады. Нәрестенің өкпесі толық жетілуі үшін алдын ала әйел ағзасына дексаметазон жібереді. Шала туған нәрестені анасынан бірден бөліп, реанимациялық көмек көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |