Мезгілінен кеш босану
Жүктілікті 41-42 аптадан асып барып босануды мезгілінен кеш босану деп атайды.
Мезгілінен кеш босану анаға, әсіресе нәрестеге де өте зиянды, босану кезінде түрлі-түрлі асқынулар пайда болып, қағанақ суы мезгілсіз кетуі мүмкін. Босанудың әр түрлі асқынулары кезінде болады, толғақ әлсіздігі, ретсіз толғақ және нәрестенің қысылуы мен тұншығуы жиі болады. Бұл жүктілікте нәресте көбіне ірі салмақпен туады, оның басы үлкен, конфигурациясы нашар болғандықтан, босанудың ІІ кезеңі ұзаққа созылып, нәресте тұншығуы да мүмкін. Босану жолында нәресте зақымдалып, кейде миға қан кетуі мүмкін. Мезгілінен кеш босанғанда, баланың жолдасы (плацента) «ескіре» бастайды, «тозу» белгілері пайда болады. Плацента ұлпаларында дегенеративтік өзгерістер байқалады. Нәрестені оттегімен, тағы басқа заттармен қамтамасыздандыру қиындайды, сөйтіп, нәрестенің қысылуы мен тұншығуы басталады. Осыған орай, бұл босануда нәрестенің перинаталдық өлімі өте жоғары және босанудың ІІІ және одан кейінгі кезеңдерінде қан кету де жиі кездеседі.
Дәрігерлік амал
Әйел жүктілік мерзімі жетіп босанбаса, оны алдын ала босану үйіне жатқызып, ағзасын босануға дайындау қажет. Жоғарыда көрсетілген қосымша әдістермен нәрестенің жағдайын анықтап, гипоксияның алдын алу үшін тиісті емдерді жасайды.
Ағза босануға дайын болғанда, әйелдің өзін босандырады; ол үшін амниотомия жасап, жатырдың көк еттерін питуитрин, простенон, окситоцин дәрілерін қолдану арқылы қоздырады.
Ал, егер, әйелдің босану жолдары дайын болмай, нәрестенің жағдайы нашарлап, гипоксия белгілері пайда болса, онда кесар тілігі арқылы босандырады. Мезгілінен кеш босанған жағдайда жаңа туған нәрестенің өздеріне тән тым жетілгендіктің белгілері болады. Ол белгілер: нәресте көбіне ірі салмақпен туады, оның денесін майлап тұратын, майлы зат азаяды, терісі құрғап, жарылғыш болады, аяқ, қол терілері ісініп, бүріседі ( ыстық суда ұзақ кір жуған қол сияқты). Бас сүйегі қатайып, тігістері тарылады, терілері түлейді. Плацента бетінде майлы түйіршіктер, кальценоздар (петрификаттар) байқалады.
Ұзаққа созылған жүктіліктің диагнозы тек әйел босанғаннан кейін анықталады. Нәрестеде тым жетілгендіктің, ал бала жолдасына «тозу белгілері» пайда болады.
Ұзаққа созылған жүктіліктің алдын алу
1. Балалық шақтан бастап қыз баланың дұрыс өсіп-жетілуін бақылау керек.
2. Әйелдер кеңес орнында жүктілігі ұзаққа созылатын аналар «тобын» ерекше есепке алады. Олар: жатыры қабынған, етеккір айналымы бұзылған әйелдер, жас кезінде түрлі инфекциялық аурулармен ауырғандар, жүрек-қан тамыр, бүйрек ауруларымен ауыратын және алдыңғы жүктіліктері ұзаққа созылған аналар. Босану мезгілін түсіндіре отырып, бұл «топтағы» аналарды алдын ала босану үйіне жатқызу өте қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |