М.ҒАБДУЛЛИННІҢ «АТА-АНАЛАРҒА ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ КЕҢЕС»
АТТЫ ЕҢБЕГІНІҢ ӨЗЕКТІЛІГІ
Сәбит Жәмбек
Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-нің доценті,
филология ғылымдарының кандидаты
www.s_jambek@mail.ru
Кеңестер Одағының батыры, академик М.Ғабдуллиннің есімі дүйім жұртшылыққа мәшһүр тұлға. Оның қоғамдық қызметі, ғылыми еңбектері бұрынғы Кеңестер Одағы мен шетел жұртшылықтарына да белгілі. М.Ғабдуллиннің қоғамдық, ғылыми, қаламгерлік еңбектері туралы да көп айтылады, жазылып жүр. Арнайы зерттеу еңбектер де бар. Алайда біз М.Ғабдуллиннің ғылыми еңбектерін жіпке тізгенде оның педагогика саласындағы «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты құнды еңбегін толық мәнінде ескермей жүрміз. Сөз арасында ғана айтамыз.
М.Ғабдуллиннің КСРО Педагогика Ғылымдарының толық мүшесі, академигі екендігін ұмытып кетіп жатамыз. Әрине М.Ғабдуллин – үлкен фольклорист ғалым. Әйтсе де ол педагогика саласында да құнды ой-пікірлер, тұжырымдар айтқан ғалым. Бір ескерерлігі М.Ғабдуллиннің педагогикалық ой-тұжырымдарының оның сүйікті саласы фольклормен тығыз байланысып жататындығы. Оны біз тоқталғалы отырған «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты еңбегінен анық байқадық.
Мұның түпкі себебі – фольклордың үлкен тәрбие құралы екендігі. Ұлы бабалар тәрбиесі – фольклормен ұштасып жататындығы айқын заңдылық.
Адамзат қоғамының барлық негізі де, тетігі де тәрбиеде жатыр. Адамның кешкен өмірі де, алған білімі де, тоқыған ғылымы да тәрбиемен ұштасып жатпаса, құнсыз, мәнсіз сипат алмақ.
Отырардан шыққан ұлы бабамыз әл-Фараби тәрбиенің мәні туралы: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»,-деп адамзатқа ұлы ой саларлық лұғат қалдырған.
Әл-Фарабидің ұлы ұстазы Аристотель болса, оның ұстазы ұлы Сократ данышпан осы ойды былай деп тұжырымдайды: «Әділдік пен ізгілікке негізделмеген білім даналық емес, ондай білім сұрқиялық».
Сократ үшін басты нәрсе адамгершілік, ізгілік, әділеттілік болған. Осы ұстанымдары үшін ол бір кезде шешендік, риторика ірге ажыратып, софистермен өмір бойы ұстасып, күресіп өткен. Сократ софистер мектебіндегі шешендік, риторика өнеріне қажетті логика, силлогизм, дәлел, дәйек, уәждерді қабылдағанымен, тек полемикада жеңіп шығуды ғана көздейтін прагматикасын теріс көрген. Жөн санамаған. Софистердің ұстанымы: жеңіп шығу үшін «өтірікті шындай, ақсақты тыңдай, шынды құдай ұрғандай» қылу. Осы себептерден олар білімнің негізіндегі ізгілік, әділдік, адамгершілік, тәрбие дегендерді көрінеу елемеген, қажетсіз, маңызсыз мәселе деп қараған. Шындық, ақиқат категориялары софистер үшін мәнсіз дүние деп есептелген. Сократ олардың осы олқылықтарын біліп, ашына күрескен. Өздерінің осындай шынайы бет-бейнесін ел алдында айпарадай ғып жалаңаштап тастаған Сократты қас жауы санап, өлердей өшіккен. Сократтың философиясы білімді жалаң үйренбей оны өмір тәжірибесімен, ізгілікпен, әділдікпен, тәрбиемен толықтыру болған. Осы үшін де Сократтың бар өмірі азап, тозақ болды. Белгілі француз ойшылы Мишель Монтеньенің мынадай сөздері бар: «Сократша өмір сүріп, Сократша ойланғаннан гөрі, Аристотельше ойлап, Цицеронша өмір сүрген әлдеқайда оңай». Бұл сөзде терең мән мен сыр жатыр.
Әлемдік философия тарихында тәрбиеден гөрі дүниенің негізі таза ақыл-ойда, білімде, ғылымда деп еептейтін интеллигебельділік, сцентизм ұғымдары, категорияялары бар. Бірақ қазіргі өмірлік тәжірибе мен философия мұны терістеп отыр. Тіпті қазақтың талантты ақыны Шәкәрім мен Сұлтанмахмұт та өздірінің ХХ ғасыр басында жазған шығармаларында Еуропаның ғылым-білімді қанау құралына айналдырып, хайуандық, азғындық жолға түскенін айыптаған. Хиросима мен Нагасаки трагедиясы, Семей ядролық полигонындағы жарылыстарда атом аждаһасының әлемдік бас ауыртар проблема екенін көрсетіп отыр.
Үлкен педагог-ғалым ретінде М.Ғабдуллин «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты еңбегінде ерлік, батырлық, патриоттық тәрбиеге ерекше мән береді. Тәрбие ісінде ата-аналардың рөліне ерекше мән берген. Біздің дәстүрлі тәрбиеміз көп жағынан ақсап жатыр. Тәрбие деген атадан балаға, баладан немереге берілетін үздіксіз процесс (үдеріс). Біздің қазіргі көп жас отбасыларында ата мен әженің тәрбиесі үзіліп қалған. Оған бүгінгі урбанизация , бүгінгі өмір салты, ғаламдасу үдерісі де қатты әсерін тигізуде.
Американдық этнопсихолгиялық мектептің өкілі Ф.Баостың шәкірті Маргарет Мид қоғамдағы мәдениеттің постфигуративті, конфигуративті, префигуративті деп үшке бөледі.
Постфигуративті мәдениет қарапайым, дәстүрлі қоғамда не шағын діни қауымдастықтарда өріс жаяды. Бұл мәдениетте балалар тәрбиені үлкендер қауымынан, аға толқын буыннан қабылдайды. Үлкендердің өткені – олардың балаларының болашақта жүрер жолы, шамшырағы, темірқазығы іспеттес. Бұл мәдениетте шешуші орынды үлкендер иеленіп, ол осы өмірдің үлгісі, мәдениеттің символы болып табылады.
Конфигуративті мәдениетке адамдар үшін үлгі, тәрбие мінезді өткен буыннан емес, өз замандастарынан іздейді. Олар үлгі, еліктеуді өткеннен емес , бүгіннен табады. Бұл мәдениетте үшінші буын қариялар жетіспейді. Олар немерелерімен тұрып, оларды тәрбиелей алмайды. Өздері қалыптастырады.
Префигуративті мәдениет Мидтің көзқарасынша, ХХ ғасыр ортасында қалыптасқан. Бұл мәдениетте ұрпақ тәрбиені үлкендерден емес, өз замандастарынан да алмайды. Тәрбие мәселесіне балалар да араласып, олар үлкендерге де ықпал жасайды. Мысалға айтсақ, балалар шығармашылығының нәтижелері олардың қиялы, болжамы, бақылаулары, т.б. басты мәнге ие болады. Оларға рационалды емес, қарым-қатынстың оқыс (спонтанды) түрлері тән. «Жаман айтпай жақсы жоқ», Құдайым оның бетін аулақ қылсын. Біздер үшін ең маңыздысы бабалар мәдениетінен жеткен алтын үзік, алтын тін болған дәстүрлі мәдениеттің озық үлгілері.
Дәстүрлі мәдениеттегі тәрбиенің алтын өзегі, бастау-бұлақтары «Бесік жырында» жатқанын М.Ғабдуллин былай деп атап көрсетеді: «Қазақ халқының өткен тариыхына көз жіберсек, дүниеге келген жас нәрестені әрбір семьяда зор қуанышпен қарсы алғанын аңғарамыз. Бұған жаңа туған жас балаға арнап жасалған «шілдехана»» деп аталатын ойын-сауық кеші дәлел. Балалы болып, шатыққа жеткен ата-ана жүрегіндегі ең асыл, ең әдемі сезім-сөздерін жас сәбиіне арнайды. Мұны біз халықтың ғасырлар бойына ауызша айтып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген «Бесік жыры» деп аталатын өлеңінен көреміз» [1,19].
«Әлем халықтарының бесік жырлары, атқаратын функциясы, мазмұн байлығы, ішкі құрылымы жағынан тұтастай қарағанда желілес, үндес шығып отыратындықтан да жоғарыда аталған зерттеушілер еңбектерінде сол ортақ арналарға да байланысты туған жалпы заңдылықтар, желілес, тамырлас, өзектес пайымдаулар мол. Бесік жырының түп төркінінің тым көнелігі, оның алғашқы негізінің сөз емес, саз (музыка) болғандығы, басты атқаратын қызметі баланы тыныштандыру оның жан-жүйесімен санасына алғашқы эстетикалық нәр сіңіріп, тәрбие беру екендігі жөнінде ғалымдар пікірі бір мәреден шығады. Бұл сипатта сөз жоқ, қазақ бесік жырларының табиғатына да тән»[2].
Орыс бесік жырын тереңдей зерттеуші А.Н.Мартынова оның шығу тегін арбау өлеңдермен байланыстыра келіп, бесік жырларында екі түрлі арбау сарындарының бар екендігін атйыд. Оның бірі – тілек-арбау (заговоры-пожелания) да, екіншісі – арнай-арбау (заговоры-обращения). Осы екі сарынның да элементтеріне қазақ бесік жырларында кезігеді. Сөздерінің магиялық құдіретіне сеніп баланың болашағына тілек тілеу сияқты тілек-арбау сипаты бесік жырында басым әрбір құбылыс, зат барша дүние жанды құбылыс, онымен тілдесуге болады, өз өтінішіңді өткізуге болады деген алғашқы қауымдық түсінікке негізделген арнай-арбау сарыны тым көмескілене бастағанмен де қазақ бесік жыры табиғатынан қылаң беріп отырады.
Бесік жырының өте көне үлгілері бізге жетпеген, ал соңғы кездегі бесік жырларындағы мифологиялық ұғым-түсініктердің оға кейін жамалуы да мүмкін. Сондықтан оның алғашқы арбау функциясы жөнінде келсіп айтарлық бұлжымас дәлел жоқ. Белгілі фольклорист ғалым Б.Н.Путилов жаңа қауымдық құрылыс кезеңінен әлі ұзап кете қоймаған Папуас халқының да баланы бесік жырымен әлдилейтіндігін жазады, бірақ арбауымен элементтеріжөнінен ештеңе айтпайды[3].
Яғни, бесік жырының түп-тамыры арбау өлеңдермен байланысты болса, ол өте тереңде жатыр, демек әлі зерттей түсуді қажет етеді.
Ал Шығыстың ұлы ғұлама дәрігері Ибн Сина «Бөбекті ширата түсуге қажетті өмірлік құралдарының қатарына бірінші жеңіл тербеліс, екінші әлдилеу кезінде айтылатын ән мен жыр жатады», - деп жазады [4]. Яғни эстетикалық талғам нәрін баланы тыныштандырып, тәтті ұйқыға батырып, денсаулығын ширату бесік жырының алғашқы негізгі функциясы болуға тиіс.
Сәбиінің болашағына ақ тілек айту, бесік жырының сазына өз мұңын, тұрмыс-тауқыметін, тарихи оқиғалар әсерін қосып шерту бірте-бірте қосылған дәстүр деген пайымдаулар орын алып отыр.
Бесік жырының мазмұнына байланысты классификациялау ісіне ғалымдар әр түрлі пікірлер ұсынады.
О.И.Котица орыс халық бесік жырларын мазмұнына қарай балалар әлемін бейнелейтін, аналар сырын шертетін жырлар депекіге бөлсе, Н.М.Элиаш 1) бесіктегі бала күтіміне байланысты (колыбельная сберега), 2) тарихи, 3) тұрмыстық, 4) кеңестік кезеңдегі бесік жырлары деп төртке бөледі. Кеңес дәуіріндегі бесік жырлары дегенге қосылмағаны болмаса, Мельников классификациясы да осыған ұқсас. Өзбек ғалымы А.Сафаров та осыны қолдайды.
А.Н.Мартынова бесік жырларын «дәстүрлі және дәстүрлі емес» деп екі топқа бөледі. Татар зерттеушісі Ягафаров Р.Ф. да осыған қосыла отырып, оған, «қазіргі тақырыпқа арналған бесік жыры» дегенді қосады.
Қазақ бесік жырларының табиғатына А.Н.Мартынова классификациясы жақын келетіндей. Өйткені жоғарыдағы зерттеушілердің топтауы шындығында осы екі топқа сіңісіп кетеді. Дәстүрлі бесік жырының негізінен, «бесіктегі бала күтіміне» байланысты тілектерді танысақ, «дәстүрлі емес» жырлардан аналардың ішкі мұңын, халық тұрмысының, айтулы тарихи оқиғалардың ізін көбірек аңғарамыз.
Мартынова «дәстүрлі емес» бесік жырларының қатарына жазба әдебиетінен алынған немесе ауыз әдебиетінің басқа жанрларынан ауысқан жырларды жатқызады. Ал қазақтың дәстүрлі емес бесік жырларында жазба әдебиеттен алынғаны жоққа тән. Ауыз әдебиетінің басқа жанрларына үндес келетіндері болғанмен де, оларды жолма-жол қайталамайды, олар негізінен әртүрлі жағдайда импровизациялық тәсілмен шығарылып таралған. Сондықтан қазақ бесік жырларын: 1. Дәстүрлі бесік жырлары 2. Суырып салма бесік жырлары деп екіге бөлген жөн сияқты.
Дәстүрлі бесік жырына жылдар бойы айтылып әбден қалыпқа түскен мазмұндық – композициялық негізгі қаңқасы толық сақталып Қазақстанның барлық түкпірінде өзгеріссіз айтылатын жырлар жатады. Бұл жырлар негізінен тікелей балаларға арналған. Жыр құрылысында «әлди-әлди» немесе «жылама, балам, жылама» тәрізді қайырмалар қайталанып, жырдың басты мақсаты баланы ұйықтауға тыныштандыруға, оның жарқын болашағына ақ тілек айтуға құрылады. Бұл жырларда қазақ халқының дәстүрлі бала тәрбиелеу ісінің, халық тұрмысының, ұғым-түсінігінің, арман-мақсатының көріністері мол.
Суырып салма бесік жырлары адамның жеке басындағы, тұрмыстағы, тарих пен қоғамдағы түрлі оқиғалардың әсерінен туып отырған. Ол жырларда сол кезеңдік оқиғалардың бедерлері мол. Бала тербетіп отырған адам бесік жырының дәстүрлі формасын пайдалана отырып, өз ой-толқынысын, күйініш-сүйінішін сыртқа шығарады.
Қазақтың бесік жырларында «жілік шағып берейін», «қой тоқтысын сой бөпем, қуырдағына той бөпем», «үстіңе тоқым жабайын», «астыңа терлік салайын», «быламыққа шай құйып, төңкерме ғып берейін» деген сияқты нешеме этнографиялық детальдар мен баланы жақсы көру, еркелету, аймалауға байланысты айтылатын теңеулер мен өрнекті сөздерден қазақы тұрмыстың иісі аңқиды. «Қозы жүнді көрпешім», «Қойдың жүні қалпағым», «Көлге біткен құрағым», «Жапанға біткен тірегім», «Жағамдағы құндызым»,
«Әуедегі жұлдызым», «Әлди-әлди тайлағым, өрістегі шаңдағым», «Құлынтайым», «Серке балам», «Отбасындағы ойнағым, сүт бетіндегі қаймағым», «алты қарын майымыз, жеті қарын жентіміз» тәрізді айшықты сөздер, төрт түліктің еті мен сүтін тамақ, жүні мен терісін киім етіп, ен табиғатты кең жайлап, жүрген жұрттың тұрмыс-тіршілігінен сыр беретін өрнектер.
М.Ғабдуллин бесік жырының осындай өміртанушылық, танымдық қасиеттерін баса көрсетеді. Бесік жырында баланың болашақ кәсібі де ана тілегі арқылы көрініс табады. Баланы әлдилей отырып:
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?
Қолымыздан іс алып,
Бақымызға жан балам,
Бізді бағар ма екенсің? – деп,
халық өз арман-тілегін жырға қосады.
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырып жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?
Кең балағың түрісіп,
Ойға, тауға жүрісіп,
Балуан болар ма екенсің?..
-деп келетін жолдардан арман мұратының әр қырын тануға болады.
Әуедегі жұлдыздай,
Суда жүзген құндыздай,
Өзім қалап сүйгендей,
Ұжмақтағы қор қыздай, - деп сұлулық, әсемдік жөніндегі
толғам танымдарын да жыр жолдарына қосып отырады.
Осы арман-тілектердің барлығында да халықтың сөзге деген үлкен сенімі жатыр. Қазіргі кезде зерттеушілер бата, қарғыс сөздерінің сугестиялық сипатын айтып жүр. Сугестия ұғымы психология мен лингвистикада қолданылып жүр. Лингвистикада сугестивті лингвистика деген ұғым да бар. Қазақша мағынасы – сенім болып табылады. Бесік жырындағы арман-тілектерде сугестия бар. Яғни олардың орындалуына деген үлкен сенім. Айтылған сөздің магиялық қуатын сезіну. Болашаққа деген жарқын үміт. Жапон мәдениетінде котодама деген ұғым бар екен. Оны жапон тілінен аударсақ, «сөздің рухы, жаны» болып шығады екен. Яғни айтылған сөздің әлдебір таңғажайып болмысына, күшіне сену. Тіпті жапон зерттеушісі Масару Ешото 20 жыл бойы жақсы арман-тілектерге толы сөз айтылған судың қасиетін зерттеп, ғажайып нәтижелерге қол жеткізген.
Біз жоғарыда М.Ғабдуллин тәрбие ісінде ереше мән берген бесік жырын бүгінде өшпес мұра ретінде жаңғыртып, бала тәрбиесінде қолданылса деген көзқарасты қуаттаймыз.
Өткеннің мұрасы жайында академик Сейіт Қасқабасов былай деп жазыпты: «Көне қазақ фольклорының қазіргі заманда өмір сүруі оның өңделуіне, немесе жөнделуіне байланысты емес. Ең алдымен, ол – өмір сүріп отырған, тірі, өміршең мұра.
Мұра дейтініміз – халық оны бұрынығ өткен дәуірлерден қабылдап алып, өткеннің ескерткіші деп бағалаған, әрі сол арқылы өзінің тарихи және мәдени салт-дәстүрлерін сақтап келген. Өміршең болатыны – ол музейде тұрған жоқ, халық өмірінің қайнаған ортасында жасап жүр; тіпті сол өмірдің бір бөлшегі, сол себепті оның заңы мен әсеріне тәуелді. Өміршең болатындығы – ол осы заманның адамдарына керек, себебі халықтың көптеген идеялық және эсттикалық кәдесіне жарап жүр» [5].
М.Ғабдуллин «Бесік жырынан» басқа өткен дәуірлердегі халық тәрбиесіндегі «Төрт түлікті сүю» жырларындағы еңбекқорлыққа шақыру сияқты тәрбиелік мәні бар қасиеттерін ерекше атап өтеді.
Ерлікке, батырлыққа тәрбиелеуде қазақтың «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер тарғын» жырларының үлкен тәрбиелік маңызын баса айтады.
Өткен тарихымыздағы осы тәрбиенің орасан тәрбиелік мақсаттарын айту арқылы бүгінгі тәрбиенің мақсатын айқын түсіну үшін және соған сәйкес жүргізілетін тәрбиенің жұмыс түрлерін білу үшін керек болады дейді.
Бүгінгі бала тәрбиесіндегі ата-аналардың орны өте маңызды екеніне баса тоқталады. «...Жастарды тәрбиелеу ісі мектептің, ондағы қоғамдық ұйымдардың ғана міндеті емес, бұл ата-аналардың да міндеті. Сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеу жұмысы мектепте немесе өндірістік коллектив көлемінде ғана жүргізіліп қоймайды, ол әрбір семьяның, әрбір ата-ананың белсене қатысуын керек етеді. Сондықтан жас жеткіншектің, соның ішінде өзінен туған баланың болашақта жақсы адам болып шығуын көздейтін, соған жаны ашитын ата-ананың бала тәрбиесінен сырт қалуға, қол үзуге ешқандай да моральдық қақысы жоқ. Олай болса, жастарды тәрбиелеу ісін ата-аналар мен мектеп және ондағы қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып қолға алуы керек, ол – бүгінгі таңдағы басты міндеттің бірі болып саналады [6].
Бұл ой тұжырымдардың педагогикалық мақсат маңызы өзінің құндылығы күні бүгінге дейін жоғалтпаған өзекті мәселе болып табылады.
Осы еңбекте оқушыларды саналылыққа тәрбиелеудегі сенімнің үлкен тәрбие құралы екендігі айтылады. Бұл әдістің қазіргі кезде де маңызын жоймағанын айту қажет. Біздің көп мектептерімізде тек үздік, жақсы оқушылармен ғана жұмыс істеп, тәртібі нашарлау, сабақ үлгерімі төмендеу оқушылар назардан тыс қалып жатқанын өкінішке орай жасыра алмаймыз.
Ғалым осы сенім әдісі жөнінде былай дейді: «Қалай болған күнде де оқушыларға сенім көрсетіліп берілген тапсырманың тәрбиелік мәні зор. Мұндай сенім жастардың тәртіп, сабаққа үлгеруін, тапсырылған жұмысты зор жауапкершілікпен орындау сезімін арттырады. Сенімді осылай сезіну, осылай ұғыну келе-келе адамның жақсы қасиетіне, үлгі етерлік дәстүріне айналады» [7].
Осы еңбекте әле де басшылыққа алатын тәрбиелік мәні бар үлкенді сыйлау, шыншылдыққа үйрету, көпшілдікке тәрбиелеу, баланы дұрыс сөйлеуге үйрету сияқты педагогикалық әдіс-тәсілдер оқу-тәрбие үдерісінде күн тәртібінен түспейтін, өскелең ұрпақты білімге, адамгершілікке, саналылыққа, миандылыққа тәрбиелейтін алтын қазық болмақ. М.Ғабдуллиннің «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» атты еңбегі ерлікке, отансүйгіштікке, патриотизм тәрбиесін жас ұрпаққа үйретуде өзінің мәнін күні бүгінге дейін жоймаған құнды еңбек саналмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
М.Ғабдуллин.шығармашылық және эпистолярлық еңбектер. ІVтом. Көкшетау-2005,19 б.
Кенжехан Матыжанов. Бесік жыры және халық мұрасы. Кітапта // Фольклор шындығы. Алматы. «Ғылым» баспасы. А.,1990,102 б.
Путилов Б.Н. В Бонгу звучат окомы // Глазами этнограф. М.1982. С.202.
Ибн Сина Канон врачебной науки. К.1. Ташкент, 1954. С. 300
С.Қасқабасов. «Фольклордың қазіргі өмірдегі орны. Кітапта \\Фольклор шындығы. А., 1990. 156-157 б.б.
М.Ғабдуллин «Шығармашылық және эпистолярлық еңбектер» 4 том, Көкшетау, 2005. 80-б.
М.Ғабдуллин. «Шығармашылық және эпистолярлық еңбектер» 4 том. Көкшетау, 2005, 110-б.
Достарыңызбен бөлісу: |