Мұхаметжан Сералин 1872 жылы қазіргі Қостанай облысы, Комсомол ауданында дүниеге келген. 1919 жылы КПСС мүшесі болған. Мұхаметжан Сералин 1880 жылы Троицкідегі медреседе оқып, 1891 жылы Қостанайдағы екі кластық орыс-татар мектебін бітірген. Ол 1911 жылы Троицкіде демократиялық бағыттағы «Айқап» журналын шығарды. Ол «Айқап» журналының бетіне сұлтанмахмұд Торайғыровтың, Сәбит Дөкентаевтің, Бейімбет Майлиннің, Сәкен Сейфуллиннің және орыс жазушыларының шығармаларының аудармалары, өзі аударған шығармалар басылып шығарылды.
Мұхаметжан Сералиннің үш поэмасы бар. Олардың екеуін ақын өз жанынан жазған да, біреуін «Шаһнамадан» үзінді етіп аударған, М.Сералиннің бірінші поэмасы «Топжарған» поэмасының тақырыбы қазақ халқының өмірінде ХІХ ғасырдың отызыншы, қырқыншы жылдарыда болған оқиғаға байланысты: Кенесары, Наурызбай бастаған феодалдық-монархиялық қозғалыс жайында.
«Топжарған» поэмасында М.Сералиннің тілі таза: ақын бұрынғы діни кітап сөздерін, татарша сөздерді аз қолданған, тіпті қолданбаған десе де болады. Тарихи шындық негізінде жазған. Поэмада Кенесары төңірегіндегілер ұры-қарылар, ел тонаушылар, кісі өлтірушілер еді; кісі өлтірген, елінен қашқан ұры жігіт сол ұрылар, кісі өлтірушілер, ел тонаушылар тобына қосылды деген пікір айқын аңғарылады. Поэманың сюжеті мен композициясын құруда да ақынның орыс әдебиетінен нәтижелі үйренгені байқалады. Өйткені ол поэмасын, бұрынғы ертек, қиял-ғажайып қиссалардағы сияқты, кейіпкедің туғанынан бастап, ерлік ісін түгел баяндап, ақырында оны мұрат-мақсатына жеткізіп аяқтамаған; басқасын шегіну, жалтару, кейін аңғарту ретімен баяндаған, қызықты қиыстырған. Яғни, «Топжарған» адай жігітінің қолға түсуінен басталады; тез өрбіп кетеді, Ал ол жігіттің кім екені, н қылып жүрген адам екені, ниеті – бәрі поэманың ақырына дейін жұмбақ болып отырады; тек ақырында бір-ақ ашылады.
Поэманың бас кейіпкері жас адай жігіті өз елінен ғашықтық жөнімен немере ағасын атып өлтіріп, қашып шығады; бір екі жыл Теке маңын, Жайық бойын кезіп жүреді, тама, шекті, шеркес руларын аралайды; ұрлық істеп күн көреді.
Ақын поэмада Кенесарыны батыр деп дәріптемейді. Қайта оны сынап, мінейді, әшкерелейді. Мұхаметжан Сералин поэмада реалдық өмірді таза қазақ тілінде, нағыз реалистік сөздермен, реалистік, жарасты теңеу, салыстырулармен суреттеген.
«Топжарған» - тарихи реалистік, көркем поэма. Мұхаметжанның екінші поэмасы «Гүлкәшима» қазақ халқының сол кездегі өмірінен алынып жазылған реалистік-романтикалық сюжетті поэма. Оның негізгі идеясы – адамның бас бостандығы, әйел теңдігі, ізгі тілектеріне жете алмай арманда өткен екі жастың, бір-біріне шын ғашық қазақ қызы Гүлкәшима мен қазақ жігіті Баймағамбеттің әңгімесі.
Поэма үшке бөлінеді: бірінші бөлімі – жазушының көрген, білген бір оқиғасы; екінші бөлімі – Гүлкәшима мен Баймағамбеттің ғашықтық әңгімесі; үшінші бөлімі – автордың қорытындысы. Мұхаметжан «Топжарған» поэмасының да сюжеті мен композициясы, осы сияқты, қисынды, қызықты етіп, орыс әдебиетіндегі реалистік роман, поэмалардың сюжеті мен композициясы сияқты етіп келтірген еді. Тегі Мұхаметжанды шығарманың сюжеті мен композициясын құруқа шебер ақын деуге болады.
Мұхаметжанның үшінші поэмасы «Рүстем Зорапа». Ол орыс тілінен дәлме-дәл, сөзбе-сөз аудармай еркін аударған. Оның кей жерін кеңейтіп, кей жерін қысқартып отырған; кей жерін дәл аударып, кей жерінің мағынасын ғана берген деуге болады.
«Рүстем-Зорап» қиссасы парсы тілінде «Шаһнама» деген кітаптың бір саласы. Рюкерт деген немістің бір шайыры «Рүстем-Зорап» қиссасын «Шаһнама» деп алып, бір жағы тәжірибе, бір жағы ұйқастыру секілді қылып немісше жазған.
«Шаһнама» жыры дүниеге таралған соң мұның шайырларға зор әсері болған. Осы күнде қарасақ Фердоусидің астамдылықпен айтқаны:
Мен өзімнің жырымнан
Биік сарай салдырдым,
Жел, жаңбыр оған жетпестей,
Өлсем де тірі болармын,
Ақылы барлар оқылық
Жыр жазған кітап қылдырдым
Өмірге өшіп кетпестей,-
деген сөзі түп-түгел расқа шығып отыр. Мұхаметжан қазақ тіліне аударғанда тек бірінші кітаптың атын қойған да, басқаларының атын қоймаған, «Екінші кітап» , «Үшінші кітап» деген сияқты кітаптың ретімен атаған.