Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.
Сорлы асық сарғайса да сағынса да,
Жар тайып жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табынса да.
Мен адамның ең асыл, ең асқар сезімдерін музыка ғана толық жеткізіп бере
алады деп ойлаушы ем. Әрине, сөз құдіретін білем, дегенмен де. Ал мына
сөз…
Шыдайды риза болып жар ісіне…
Шыдадым ғой мен де. Бақытты едім, сол кездердің өзінде. Әншейін ғана сенің
даусыңды естіп тұрудың өзі маған қаншама қуаныш әкелуші еді. Қорлық пен
мазағыңды көріп жүрсем де сенің сол даусыңды ести бергім келетін. Бірақ
амал бар ма… Осылай болуға тиіс шығар. Мен бұдан ары Алматыда қала
алмадым.
Осы соңғы айлардың ішінде сүйеніш іздедім, — таппадым. Маңдайымнан
сипайтын жан жоқ. Қайғы-қуанышымды бірге бөлісе ме деп едім сені. Ал сен
мені қиыншылық көріп жүргенде жебеудің орнына жерледің.
Өтіп кетті ғой соңғы ісің. Дәл бұлай аяқтаймыз деп еш уақытта да ойлаған жоқ
едім.
Сені алғаш көргенде-ақ арманым, аңсағаным өзің ғой деп ем. Сол ән саған
арналған еді. Өз әнімді сенің аузыңнан естігенде төбем көкке жеткендей болып
ем. Мен емес, сенің өзің шығарып, маған арнап айтып тұрғандай көріндің.
Содан соң бір сәт бақыт құшқандай да болдым…
Бірақ…кеудемнен итеріп тастадың ғой…қолыңның дағы әлі тұр. Алайда саған
өкпелеуге қақым бар ма… Кешір. Қазір ойлап отырсам сол кезде үлкен
бейбастақтық жасаған екем. Кешір мені…
Мені ұнатпаған шығарсың. Әйткенмен сен тым қатаңдық жасадың. Мінезің
қатты екен. Неткен қызсың! Мен сені жарым дер едім, жаным дер едім. Ал
сен…тасбауыр екенсің. Ән де, менің жүрегімді жарып шыққан ән де жібітпеді-
ау.
Бірақ…сезімнің шынымен-ақ соншама алдамшы болғаны ма?! Сен қаншама
теріс мінез көрсетіп жүрсең де ішкі бір дауыс маған үнемі сыбырлап тұрушы
еді. «Сен оған ұнайсың…ол сені сүйеді» деп. Мен көңіліме қатты сендім.
Сенің көзіңнен, кейбір қимылдарыңнан маған деген жылы сезімнің ұшқынын
аңғарып қалушы едім. Әлде солай болып қана көрінді ме? Солай болғаны ғой,
әйтпесе бүйтер ме едің.
Қатты соқтың. Қорладың ғой. Қайтейін… Бірақ алдамшы сезім құрғыр көзі
көріп тұрғанға әлі сенбейді, «Зия сені сүйеді» деп сыбырлайды. Дәл бүгін
онысына сене алар емеспін, осы уақытқа дейін сеніп ем. Алдандым ғой. Жат
біреудің құшағында кете бердің-ау…
Қош, сау бол. Сенің шексіз бақытты болуыңды тілеймін, одан басқа не келеді
менің қолымнан. Қош, сау бол, жаным. Ақ тілегіммен тілеймін тағы да,
бақытың тасысын.
Артық-ауыс кеткендерім болса кешірерсің, бәріміз де пендеміз ғой, әлсіздік
жасаған шығармыз.
Төлеген.
15.V951».
Бәтима хатты оқып болған соң Зия әңгімесін жалғастырды.
— Менің басыма алғаш оралған ой «қайда кетеді, неге?» болды. Бір
сұмдықтың келгенін білдім. Басым зеңгіп, айналып қоя берді. Трамвай
аялдамасына жүгірдім. Әлі тұрмын. Трамвай жоқ. Енді такси ұстамақ болдым.
«Қырсыққанда қымыран іриді» деген ғой, такси де табылмады. Өтіп жатыр,
өтіп жатыр, өтіп жатыр, бәрінде де кісі бар. Ақыры біреуі тоқтады-ау. Жол
бойы шоферді асықтырумен болдым. Бұл да бір жайбасар екен, ештеңемен ісі
жоқ, қалыпты жүрісімен тарта береді. «Бұдан жылдам жүруге тыйым
салынған, — дейді, — авария жасауымыз мүмкін».
Консерваторияның жатақханасы қай жерде екенін шамалағанмен, Төлегеннің
қай бөлмеде тұратынын білмейді екем. Енді кіріп-шығып жатқандардан
сұрауға тура келді.
«Төлеген деген жігітті білмейсіз бе, — деп сұрадым қорапқа салынған
флейтасын құшақтап, тық-тық басып келе жатқан әдемі қыздан, — қай
бөлмеде екен?»
«Төлеген…Ол қазір мұнда тұрмайды ғой!»
«Енді қайда?»
«Ім-м, осы жақында оны…а-а, не… пәтерде болу керек… анығын білмеймін.
Жетінші бөлмеге барыңыз, бірге оқитын балалары сонда жатады».
Бір қоңқақмұрын қаражігіт шықты.
«А… Төлеген кіміңіз еді?» — дейді ол менің сұрағыма жауап берудің орнына.
«Жай…танысым еді».
«Өте өкінішті, — дейді ол қолының сыртымен аузын көлегейлеп есінеп, —
кешіктіңіз. Төлеген кеше кетіп қалды».
Төбемнен жай түскендей болды. Қоңқақмұрын жігіттің бұдан соңғы айтқан
сөздерін естігем жоқ, үйге қалай келгенімді білмеймін.
Ертеңіне қайта бардым. Қайда кетті екен, адресін біліп хат жазбақпын.
Жеткенше не айтатынымды да ойлап алдым. «Төлеген,— дермін деймін, —
өзіңнен басқа ешкімім де жоқ. Сенсің менің қалғаным». Еркелей, наздана
жазғым келеді. «Төлеш, неткен төзімсіз жігітсің, менің шалдуар қалжыңымды
да көтере алмағаның ба? Қызғаншақ екенсің ғой. Кім ол сенің қасыңда!
Дүниедегі барлық жігітке сені айырбастармын ба?!» Қайғыны ұмытып, бір сәт
бақытқа қайта кенелдім.
Есік қаққанда кешегі қоңқақмұрын қара жігіт тағы шықты.
«А, — дейді ол, — алды-артыңызға қарамай тұра жөнеліп едіңіз, қайтып
келдіңіз бе?»
«Төлеген қашан кетті?» — деп сұраймын.
«Алдыңғы күні», — дейді ол жайымен.
Осы кезде менде күмән туа қалды. «Әрине, Төлеген кеткен жоқ, оқуын тастап
қайда барушы еді. Арманы емес пе еді композитор болу. Әзілдеп жазған ғой.
Қазір осы бөлмеде отыруы да мүмкін. Мені сынайын деген шығар».
«Кеше кетті деп едіңіз ғой!»
Қоңқақмұрын жігіт сәл аңырап қалды да:
«А, — деді тағы, кеңсірігінен мырс етіп, — мен ол сөзді айтқаннан бері бір күн
өтті емес пе?».
Арқамды ызғар қарып бара жатты. «Есімнен адасатын шығармын, — деп
ойладым. — Кетті деп тұр емес пе, демек, кеткен…»
Әйткенмен, әлі де үміт бар еді.
«Кетсе қайда кетті?» — деп сұраймын.
«Бейхабармын, — дейді қоңқақмұрын жігіт міз бақпаған күйінде, — өзі де
білмеді-ау деймін, қайда бет алғанын. Новосибирск жақтағы бір қазақ аулында
ағайындарым тұрады дегенін естігенім бар. Жалпы, тұйық жігіт еді, ешкіммен
сырласпайтын».
«Өте жақсы жігіт еді, деді менің бас-аяғымды көзімен шолып өтіп, — бірақ
қиқарлау болатын, өз айтқанынан басқаға көнбейтін. Соңғы кездерде шырт
етпе, ашуланғыш болып кетті. Дегенмен сөзге келісіп стипендиядан да алынып
қалды. Қыс бойы қалай күн көргенін білмеймін, сірә, жексенбі күндері әр
жерге барып қол жұмыс істеп ақша тауып жүрсе керек».
«Қабілетсіз жігіт емес еді, — дейді сәлден соң маған қадала қараған қалпы. —
Тек жазғандары… былай… і-і… нелеу келеді. Ақыл, кеңес ретінде достық сын
да айтып көрдік. Адам бір алжасса қайырылуы қиын ғой, көкке шапшып жерге
түсті… тыңдамады. Ақыры соның түбіне жетті».
«Сонша сұрайтындай кіміңіз еді, — дейді, — жерлесіңіз бе?»
«Жоқ, — деймін, — жігітім.»
«Жігітіңіз бола тұра жайынан ештеңе білмегеніңіз қызық екен!»
Аздан соң:
«Бүгінгі кеш әдемі екен, — дейді, — кино көргіңіз келмей ме?»
Рахмет айтып кетіп отырудан басқа ештеңе қалған жоқ. Мен сөйтіп жоғалттым
Төлегенді. Жоғалған нәрсе табылуы да ықтимал ғой, табам ба деген үмітте
болдым. «Алматыға әйтеуір бір келер, сонда маған қалайша соқпай кетеді».
Көшеде үнемі жан-жағыма қаранып жүремін. «Мүмкін кездесіп қалармыз».
Кездеспеді. Бірде кітапханаға бара жатқанда автобус аялдамасындағы жұрт
ішінен теріс қарап тұрған біреу жылушырап қоя берді. «Төлеген!» — деп
ойладым. Дауыстап жібере жаздадым. Жүрегім лүп-лүп соғып, қан басыма
шапшыды. Жақындап келіп қарасам, баяғы қоңқақмұрын жігіт екен.
Өстіп бір жыл өтті… Екі жыл өтті… Азаппен үшінші жыл тағы өтті. Осы үш
жыл бойы Арыстан менің соңымнан қалмады. Әйткенмен оған жылы шырай
берген емеспін. Енді маған келмеңіз, мен басқанікімін деп талай айттым. Міз
бақпайды. Көбіне сөзді басқа жаққа аударып жібереді, немесе бәрін қалжыңға
айналдырады. Өзінің жолдастары, лабораторияда бірге істейтін қыздар жайлы
ананы-мынаны айтып біраз тұрған соң киноға сүйрейді. Қанша дегенмен мен
де пендемін ғой, бірте-бірте жіби бастадым. Төлеген саған жоқ, оны ұмыт деп
өзімді-өзім азғыратынды шығардым. Бірақ мұным үшін Төлеген мені қатты
жазалады. Өзі жоқ болса да әндері соңымнан қалмады. Ара-тұра радиодан
айтылатын. Ал жастар жағы аузынан тастамайды. Кештерде де, жиын
тойларда да… Төлегеннің өзіме арнаған әнін естігенде не болып кеткенімді
білмеуші едім. Өткен күндер көз алдыма келе қалатын. Қар жауса үйде
отырмаймын. Жылы киініп алып сыртқа шығам да, баяғыда Төлеген екеуміз
қыдырған жерлерге барып жалғыз өзім жүрем. Сол арман болған түнге ұқсас
талай кешті өткіздім, бірақ қасымда Төлеген болған жоқ. Талай рет сол кезде
Төлегенге еркелегенім есіме түсіп, аспаннан жауған қар түйіршіктеріне
алақанымды тосып тұрдым, бірақ мені ешкім де құшақтап сүймеді.
Ақыры мен мединститутты бітіріп, іргедегі Жамбыл ауданына қызметке
кеттім. Уақыт озған сайын Төлегенді кездестірем деген үмітім жіңішкере
берген еді, енді үзілді. Бақытымды шынымен жоғалтқаныма көзім жетті. Адам
неге болсын көндігеді екен, көндіктім. Көндікпегенде не істейсің…
Арыстан маған жексенбі сайын автобуспен келіп қайтатын. Ақыры мен
Төлегенді ұмыттым деп өзімді өзім сендірдім. Аз уақытқа ұмытқандай
болдым. Арыстанның құшағына құладым. Той аяғы тарқар-тарқамастан
Арыстан кандидаттық диссертациясын қорғады да, Новосибирскіге ауыстық.
Арада төрт-бес жыл өтті. Күйеуге шыққаннан соң алғашқы айларда Төлегенді
қайта ойлап жүрдім де, бірте-бірте ұмыттым. Шындап ұмыттым. Арыстан жас
та болса атақ, абыройы зор, мәртебесі биік. Басына бақ, мансап үйірілген
ғұлама шалдардың өзі оны жоғары бағалайтын. Жас деп әлпештейді,
болашағы зор деп сыйлайды. Мұны мен де мақтан етемін. Тек араласып
жүрген, дос-жар саналатын адамдардың бәрінің де Арыстанға ұқсастығы мезі
қылған. Бұлардың көпшілігі дүние қызығынан бейхабар, есеп машиналарынан
басқа ештеңеде шаруасы жоқ, өз ісіне берілген фанатик жандар-тын.
Арыстан екеуміз бақытты сияқты едік. Жұрт қалай тұрса, біз де солай тұрып
жаттық. Адал жар болдым. Бір арманым сәби көру еді, тағдыр жазбаған екен.
Әйткенмен, бұл — Арыстанның ойына кіріп шықпайтын. Төлеген сияқты
оның да мен түсінбейтін мінезі көп еді. Бірақ бір ғажабы, нешеме жыл отассақ
та, шүйіркелесіп, сырласып сөйлесе алмаймын. Бойында әлденендей дүлей
күш бар сияқты, адамды езіп, жаныштап тұрады. Шынымды айтайын, мен
одан қорқатын едім. Обалы нешік, екеуміз өте тату тұрдық. Шыныаяқ
шылдырап көрген емес. Сөйтіп жүргенде бір күні…
Сен жындыхананы көргенің бар ма? Қаланың шет жағында тұратын
клиенттеріме бара жатып қасынан өтіппін. Дүниеде мұндай сұмдық болады
деп ойлаған да жоқ едім. Сыртқы ағаш дуалын жинап тастап, кірпіш қабырға
қалағалы жатыр екен. Аула биік шойын шарбақпен қоршалған. Ар жағында
адамнан гөрі тағы аңға көбірек ұқсас, үсті-бастары алба-жұлба кісілер жүр.
Біреулері отыр, біреулері киімдерін сыпырып тастап, тақыр жерде күнге
қыздырынып жатыр. Көбі беталды ыржалақтап, өздерімен өздері болып жүр.
Екі-үшеуі мені көріп атам заманғы частушкаларды айта бастады. Менің зәрем
ұшып кеткен-ді. Осы араға жақындамай, айналып жүретін болғам. Бірақ көп
ұзамай аңдаусызда тағы да үстінен шығып қалыппын. Тезірек жанынан өтіп
кетуге тырыстым. Кенет өзіме бүйірден біреудің қадала қарағанын сездім.
Жалт бұрылып едім, — үсті-басында сау тамтық жоқ, шашы ұйпа-тұйпа,
сабалақ біреу шарбаққа жабысып, қимылсыз сілейіп тұр екен, көзі өңменімнен
өтеді. Мен жалт қарағанда ол баж етіп, қолымен бетін басты да, теріс айналып
кетті.
Ес-түсімді білмей үйге келдім де, диванға құлай кеттім. Бұл — Төлеген еді.
Дегенмен, көзіме сенбедім, анығын білейін деп үш-төрт күннен кейін қайта
бардым. Бас дәрігері — қартаң адам — менің Төлегенге келгенімді естіген соң
үндемей аз тұрды да:
«Ол кіміңіз болады?» — деп сұрады. Кімім дейін, «Жай танысым еді» — дедім.
«Е, онда жөн, — деді. — Өзінің туған-туысқаны жоқ жігіт еді. Осыдан алты-
жеті жыл бұрын-ау деймін, бір жамағайындары әкеп тапсырды. Шөп шауып
жүргенде далада ұйықтап қалған екен дейді. Содан ай туғанда бір-ақ
ояныпты… Алғашқыда айқайлап, өлең айтып тыныштық таппаған екен,
кейінірек мүлде тіл қатпайтын болыпты. Осында өткізген жылдарының ішінде
бірде-бір рет тентектік көрсеткен емес. Үндемейтін де. Тек кей-кейде қолын
ербеңдетіп, сірә, батыс классиктерінің шығармалары болу керек, әлденедей
бейтаныс әуендерді ысқырып кететін және бір бастаса, құдай сақтасын, жуық
арада қоймайтын. Біздің жұмыстың жайын білесіз, бірақ оған көп күш қолдана
бермейтінбіз. Сау кезінде өте ақылды жігіт болған сияқты… Дегенмен, сіз
кешіктіңіз, ол бүгін таңға жақын дүние салды».
Мен теңселіп кеттім білем, дәрігер қолымнан ұстай алды. «Бүйтіп жүргенше
өлгені жақсы болды, — деді ол, — сондықтан қуануыңыз керек.»
«Қапа болмаңыз, — деді тағы да дәрігер, мені бекіте түскісі келіп, — бұл
фәниге кімдер келіп, кімдер кетпеген, бәріміз де өлеміз. Бірақ байғұс соңғы үш
күн ішінде қатты азаптанды. Әлдекімдерді атап шақырып, әлде-біреулермен
күбірлеп сөйлесумен болды. Көптен бері қойып кеткен ескі әдетіне басып,
ыңылдап әлденедей бір мелодияларға салды.»
«Дегенмен, — деді дәрігер аздан соң, — танысыңызды ақырғы рет көріп
қалғыңыз келсе асығыңыз, әлі жерлей қоймаған шығар.»
Мен не өлі емес, не тірі емес, дәрігердің соңынан ердім.
Ол созылып, тыныш қана жатыр екен. Сол баяғы күйі, сол баяғы менің
Төлегенім. Бірақ түсі суық. Жағы сорайып, танауы қусырылған, сұп-сұр. Мен
жақындап, кеудесіне айқастырылған қолын ұстауға да қорықтым. Шап беріп
«Сенсің мені өлтірген!» дейтін сияқты көрінді.
Әйткенмен, Төлегеннің сүйегін алып, қолдан қоямыз деуге батылым жетті.
Үйге келген соң Арыстан екеуіміздің арамызда үлкен жанжал шықты. Мен өз
айтқандарымды істедім. Төлегенді жер қойнына тапсырған күннің ертеңіне
өзіме осыншама бақытсыздық әкелген қаланы да, Арыстанды да тастап,
Алматыға тартып отырдым.
Қара көлеңке бөлмені меңіреу тыныштық кернеді. Екі әйел біріне-бірі
тығылысып, қимылсыз, үнсіз отыр. Тек қабырғадағы ағаш қорапты үлкен
сағаттың бір қалыпты, самарқау соққан тықылы ғана естіледі.
— Сүйегіне барғанда алдым жаңағы суретті, — деді аздан соң Зия
тыныштықты бұзғысы келмегендей, сыбырға жақын үнмен. — Төс қалтасынан
шығыпты. Сірә, кезінде біздің қыздардың бірінен қалып кетсе керек. Өзім жат
біреудің құшағында жатқан кездерімнің бәрінде де суретім Төлегеннің төсінде
тыныстапты. Мен арам денемді сатып, алдамшы сезімге елітіп жүргенімде
оның осы жансыз суреттен басқа сүйеніш ештеңесі болмаған… Ал менде қазір
көңіл жұбатуға оның суреті жоқ. Тек бір жапырақ қағазға жазған хаты мен
әні…
— Әні… — деді Бәтима сұрауға да қорыққандай, тұтығыңқырап.
— Ол қандай ән?..
Зия сағат тықылына құлағын тігіп сәл отырды да, Бәтимаға студент кезінен
бері жақсы таныс бір әнді нәзік дауыспен жайлап бастап, қайырмасына
келгенде ары қарай соза алмай өксіп жылап жіберді.
Достарыңызбен бөлісу: |