Қазақстанда мыс рудасының аса бай қорлары бар. Мысты қүмтастардың ең ірі кен орны Жезқазган. Жезқазған кен орны ТМД бойынша бірінші, дұние жүзінде екінші орында. Қазақстан мыс өндіру жағынан дұние жүзінде жетінші орын алады. Өнімнің 92%-ы шет елге шығарылады.
Мысты кен орындарының ірілері Қоңырат, Бозшакөл. Бүлардағы мыс ашық әдіспен қазылып алынады, бірақ рудада металл мөлшері аз.
Жезқазған мыс кені, Қарағанды облысы Ұлытау ауданында, Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 25 км қашықтықта орналасқан. Кен орнында энолит заманында (б.з.б. 5000 — 6000 жылы) сақтар кен өндіріп, мыс пен қола балқытқан. Қазіргі заманғы алғашқы мыс кәсіпшілігін 1847 жылы Ушаков ашқан. 1904 жылы кен орны ағылшындардың “Атбасар мыс кентасы” қоғамына концессияға берілді. Жете барлау жұмыстары 1925 жылдан жүргізіле бастады. Бірінші отандық мыс 1928 жылы Қарсақбай комбинатында балқытылды. Академик Қ.И. Сәтбаевтың 1929 жылы қолға алуымен басталған геол. барлау жұмыстарын 1931 жылдан Жезқазған экспедициясы үздіксіз жүргізіп келеді. Жезқазған мыс кенінің геологиялық құрылысы таскөмір, пермь және кайнозой шөгінділерінен құралған. Таскөмір жүйесінің орта және жоғарғы бөлімдерін қамтитын кен қабаттары Тасқұдық, Жезқазған свиталарына жіктеледі. Қалыңдығы 250 — 300 м Тасқұдық свитасы 3 кенді горизонт құрайтын қызыл және сұр түсті 16 қабаттан тұрады. Қалыңдығы 350 — 400 м Жезқазған свитасы 7 кенді горизонт түзетін қызыл және сұр түсті 36 қабаттан тұрады. Бұл қабаттар литол. құрамы бойынша қызыл және сұр түсі аргиллит, алевролит, құмтастан және аз мөлшерде жұмыртас, жентектас, әктас қабаттарынан тұрады. Кен сұр түсті құмтас қабаттарында шоғырланған. Тектоникалық құрылымына шығыс жағын шектейтін меридиан бағыттағы Шыңғыс — Ұлытау, оңтүстікнен Теректі терең жарылымдары кіреді. Жезқазған синклиналі аумағында орналасқан кенді алаң Спасск мульдасы, Ақши күмбезі, Златоуст мульдасы, Кресто күмбезі, Анненск мульдасы және Анненск күмбезі атты бірінен бірі флексуралармен бөлінген құрылымдардан тұрады. Жезқазған мыс кені алты геологиялық-өндірістік учаскеге бөлінген: Ақши — Спасск, Оңтүстік-Батыс Покро, Солт. Покро, Златоуст, Кресто және Анненск. Кеннің минералдық құрамы: борнит, халькозин, халькопирит, галенит, бетехтинит, сфалерит, пирит, домейкит, арсенопирит, альгондит. Тереңд. 10 — 60 м, тотығу белдемінде азурит, малахит, хризоколла, куприт, элит және таза мыс түзіледі. Негізгі кен құрамдас бөліктері: мыс, мырыш, қорғасын, қосымша Au, Ag, Re, Os, Mo, Nі, Co, Cd, Ge, Se, Te, Ga, S, т.б. Кен денелері таспа, линза, кейде күрделі пішінді. Инженерлік-геол. жағдайлары бойынша кен алаңдары оңтайлы, орташа, күрделі және өте күрделі түрлерге бөлінеді. Кен өндіру ашық және жер асты әдістерімен жүргізіледі. [1]