Керең, кереңдік – дыбыс есіту қабілетінің нашарлауы немесе мүлдем естімеуі. Құлақ мүкістігін кереңге жатқызуға болмайды. Керең туа және жүре пайда болған деп бөлінеді. Туа пайда болған кереңдік тұқым қуалап, ұрық эмбрионының іштегі дамуы кезінде есіту анализаторының немесе туу кезінде оның бөліктерінің зақымдануынан болады. Сондай-ақ, жүкті әйелдердің түрлі жұқпалы аурулармен науқастануы, улануы да әсер етеді. Жүре пайда болатын кереңдік адамның түрлі ауруларға (менингит, қызамық, мерез, құлақ аурулары, қан құйылу, кездейсоқ жарақаттану т.б.) шалдығуынан болады. Кейде жүрек қан-тамыр аурулары, атеросклероз, гипертония аурулары, ұзақ айқай-шу, т.б. құлаққа әсер етуі мүмкін. Мамандыққа байланысты (сүңгуірлер, қопарылыс жасайтын жұмысшылар) қауіпсіздік техникасын сақтамау да кереңдікке шалдықтыруы мүмкін (қ.Кәсіби аурулар). Бұл кеселден сақтану үшін оны туғызатын түрлі құлақ ауруларын асқындырмай дер кезінде емдеу керек, кәсіпорындарда санитариялық-гигиеналық ережелер сақталуы қажет. Құлақтың дыбыс қабылдауын қалпына келтіру үшін дыбыс зорайтқыш, есту аппараты пайдаланылады.
32
Достарыңызбен бөлісу: |