Мобильді технологиялар арқылы сөйлеу әрекетін жетілдіру
Иманқұлова Салтанат Меркібайқызы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к.
Алматы, Қазақстан
isalta_69@mail.ru
Аннотация
В статье рассматриваются активные способы стимулирования учебной деятельности студентов при изучении казахского языка как второго посредством использования мобильных технологий. Авторы дают определение термина «мобильное обучение»; предлагает перечень мобильных технологий, которые можно использовать в обучении казахского языка; разрабатывают номенклатуру речевых умений и языковых навыков, формируемых у студентов нелингвистических направлений подготовки на основе мобильных технологий.
Ключевые слова информатизация образования; информатизация языкового образования; мобильное обучение; речевые умения; языковые навыки.
Аbstract
The article deals with the active ways of students' learning activity stimulating in the process of learning kazakh as the second language by means of mutimedia programmes use.
The paper addresses methodological potential of mobile technologies in teaching a kazakh language to non-linguistic students. The authors gives definition of the term «mobile education», suggests a list of mobile technologies used in kazakh language teaching, develops a list of non-linguistic major students’ language abilities and language skills, which can be developed via mobile technologies.
Key words: informatization of education; informatization of language education; mobile teaching; language abilities; language skills.
Қазіргі таңда еліміздің даму кезеңі қоғамның барлық саласындағы терең интеграциялық үдерістермен ерекшеленуде. Ал тілдік білім сол ақпараттарды жариялап, тұлғаның санасын қалыптастыруға, оның қоғамдағы өзгерістерге тез бейімделіп, ашық ақпараттық кеңістікке еркін кіру қабілетін дамытуға мол мүмкіндік беруде. Осы мәселеге профессор Р.С. Әмір: «Қазақ тілінің келешегі, болмысы қазақ халқының жаңа формацияға сай жаңаша өмір сүру дәстүрін игеруіне байланысты. Әлеуметтану ғылымында халықтың өрісі, өресі оның ой жұмысының, еңбектенуінің қажырлығына (ол еңбектерде «напряженность» деп аталған) тәуелді деген тұжырым бар. Ендігі тірлігіміз ғаламдану қатынас, жағдайына көшетіні анық. Осы байланысқа біз өзіміз де, тіліміз де түседі» [1, 177 б], – деп өз пікірін білдірген болатын.
Шынында да, қазіргі өмірімізге дендей еніп кеткен Интернеттің қарыштап дамуымен онлайн режиміндегі қарым‑қатынастың негізінде пайда болған виртуалды әлем, әлеуметтік қарым‑қатынастың жаңа модельдері тұтынушының тілдік біліміне, тілдік жағдайына елеулі әсерін тигізуде. Қазіргі таңдағы ең үлкен ақпараттар көзі – Интернеттің арқасында адамдар жаңа түр, жаңа мазмұнда виртуалды қарым‑қатынасқа түсіп, айналасына құндылықтары мен қызығушылықтары ортақ қолданушыларды топтастырды.
Электронды құралдардың көмегімен байланыс орнатып, шегарасыз ақпараттық кеңістікті қалыптастырды. Сөйтіп тілді жүзеге асыру аясының жаңа коммуникативті ортасы – Интернет – тілдің өмір сүру формасы мен қарым‑қатынас жасаудың жаңа әдіс‑тәсілдеріне жол ашты.
Тілді оқыту мен бақылау үдерісін ұйымдастырудың осындай бір түрі – мобильді оқыту болып табылады. Ол мобильді байланыс құралдарын (смартфон, планшетті компьютер және т.б.) пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Студенттердің аталған құралдар арқылы кез келген орында, қалаған уақытында тілдік дағдыларды, сонымен қатар сөйлеу шеберлігін дамытуына және жетілдіруіне болады.
«Мобильді оқыту» термині «қашықтықтан білім беру» ұғымымен тығыз байланысты. Мұнда оқытушы мен студенттің өзара қарым‑қатынасы қашықтықтан жүзеге асып, оқу үдерісіне тән компоненттер (мақсаты, мазмұны, әдіс‑тәсілі, ұйымдастыру формасы, оқыту құралдары) түгел қамтылады.
Шетел тілін оқыту практикасындағы мобильдік технологиялар: электронды пошта, блог-технология, викитехнология, подкаст, веб-форум, лингвистикалық корпус, электронды сөздіктер, ақпараттық-анықтамалық Интернет-ресурстар, синхронды видео-интернет-коммуникация құралдары мен навигаторлардың біразы қазақ тілін оқытуда да қолданылады. Оның әрқайсысы өзінің керемет дидактикалық ерекшеліктерімен, әдістемелік қызметтерімен танымал. Тілді үйретуде қатысымның: әлеуметтік‑тұрмыстық, әлеуметтік‑мәдени, кәсіби білім және т.б саласын және тілдік тұлғаның сөйлеу шеберлігі мен дағдысын қалыптастыруда таптырмас құрал.
Алайда осы заманауи технологиялардың бар екенін білгенімізбен, жеткілікті қолдана алмайтынымыз өкінішті. Ол үшін сабақ беретін аудитория заманауи құралдармен жарақталып, интернет‑ресурсқа жылдам қолжетімділік қажет. Профессор Р.Әмір айтқандай: «Қазақ тілінің бұдан былайғы өрісі оның ақпараттық мазмұнының құнарлығына, сол ақпаратты жеткізу, хабарлау, мәдениетінің дәрежесіне бағынышты» [1, 177 б]. Сонда «республикадағы білім беру жүйесінің сапасына көңіл толмайтын» көзқарастар өзгеріп, «қазақ тілінің позициясына нұқсан келмес» [1, 177 б] еді.
Бір мақала көлемінде аталған мобильді технологиялардың барлығына тоқталу мүмкін емес, сондықтан алғашқы үшеуін қарастырып, олардың тіл аспектісі мен сөйлеу әрекеті түрлерін дамытуға тигізетін ықпалына назар аударайық.
1. Электронды пошта – қолданушылар арасындағы жазбаша хабарламалар мен хат алмасатын Интернет‑қызметтің бір түрі. Қазір әрбір екінші тұтынушы ақпарат алмасу үшін электронды поштаның көмегіне жүгінеді. Еліміз mail.ru әлеуметтік желісін ең көп пайдаланушы елдер арасында Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орында тұр екен. Қазақстанда бұл сайтты аптасына 5 млн.-ға жуық адам қолданады. Осыншама көп тұтынушылары бар майл.ру‑дың бірнеше қазақша нұсқасы болғанымен, қазақ жастары ұялы телефонның көмегіне көбірек жүгінеді екен. Ал ұялы телефонда қазақ тіліне тән әріптер толық орналаспағандықтан, сол тілде хабарлама жазбайды. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің қолданыс аясын шектейді. Дегенмен бұл олқылықтың да шешімі табылыпты. Интернеттегі қазақ тілінің қолданысына мүмкіндік беретін UTF-8 деген арнайы кодтың арқасында сайттарды қазақша ашуға мүмкіндік жасалыпты. Сондай‑ақ nur.kz, www.yandex.kz және т.б. электронды поштаның қазіргі мүмкіндіктері жетерлік.
Электронды пошта арқылы хат алмасу әдетте екі адамның арасында жүреді, алайда адресат санын арттыруға болады. Тілдік тұлғаның жазылым әрекетін қалыптастыру үшін одан басқа да мүмкіндіктерін қарастыруға болады. Мысалы, телекоммуникациялық жобалар және т.б. елімізде, әлемде болып жатқан елеулі жаңалықтармен бөлісіп, пікір білдіру. Ол үшін студенттерге төмендегідей тапсырма беруге болады:
мәдени‑танымдық материалдарды талдау, салыстыру, салғастыру;
өз елі, туған жері туралы ақпараттармен бөлісу;
ұлттық құндылықтар туралы диалогке түсу және т.б.
2. Блог‑технология (ағылшынша «blog», «web log» сөзінен шыққан) – мәтін, көрініс немесе мультимедиадан тұратын, жиі ауыстырылып отыратын контенті бар веб-сайт. Блог‑технология – Интернет желісіндегі кез келген қолданушы күнделік не журнал түріндегі өзінің жеке блог‑парағын ашып алуға болатын Веб 2.0 технологиясының бірі. Оған мәтін де, сурет те, аудио‑ және бейнежазбалар да орналастырып, басқа Интернет желісіндегі ресурстарға сілтеме жасауға болады. Блогқа кірген қолданушы сайт мазмұнымен таныса отырып, ондағы жарияланымдарға, салынған суреттерге түсініктеме беруіне болады. Барлық жазбалар хронологиялық тәртіппен (бірінен соң бірі) беріледі.
Ақпараттық кеңістікте қазақ тілінде блогтар үлкен қарқынмен дамып, қазақ тілінде мәліметтердің көбеюіне мүмкіндік жасауға септесуде. Мәселен, блог әлемінде қазақ блогшылары өз еріктерімен «WordPress.com» блогтұғырын қазақ тіліне аудару арқылы интернетте қазақ тілінде мәлімет бөлісетін алаңдардың көбеюіне түрткі болды. Қазақ тілді блогшылар интернеттегі қазақ тілінің жағдайын ғана жақсартып жатқан жоқ, сонымен қатар ақпараттық технология саласында қазақ тілінің кең қанат жаюына, тілдік өзгерістер мен оның дамуына өз үлесін қосуда. Атап айтқанда, urimtal.yvision.kz/, Massagan.com, Zhastar.biz, zhasqazaq.wordpress.com, contentmaster.kz/, aitaber.kz, zhanaoi.kz, kerekinfo.kz, qazaqblogger.kz, massaget.kz және т.б. блогтардың саны да, мазмұны да күн сайын толығып келеді.
Блог‑технологияның тілді үйретудегі әдістемелік қызметі мен дидактикалық қызметіне назар аударайық:
Блог‑технологияның дидактикалық қызметі
|
Блог‑технологияның тілді үйретудегі әдістемелік қызметі
|
Жариялылық
(Блог бір‑бірінен қашықтықта орналасқан жобаға қатысушылардың барлығына қолжетімді)
|
Блог кез келген нүктедегі Интернет‑жобаға қатысушыға қолжетімді болғандықтан, аудиториядан тыс топтық жұмыстарды ұйымдастыруға, тіл аспектісінің (лексика, грамматика), сөйлеу әрекетінің (оқылым, жазылым) түрлерін дамытуға, сондай‑ақ әлеуметтік‑мәдени, мәдениаралық құзыретті дамытуға қолайлы.
|
Желілік
(өзгертулер мен толықтырулар хронологиялық реттілікпен орналасқан)
|
Блогта автордың (модератордың) ақпараты (мәтіндік, фото-, видео-, аудио-) хронологиялық тәртіпппен беріледі. Блогтағы бұрын жарияланған мәліметтер түзетілмейді, өзгерту жасауға болмайды. Модератор оны тек өшіре алады. Блог‑технологияның мұндай дидактикалық қасиеті тіл үйренушінің сөйлеу әрекетін дамытуға мүмкіндік беріп, әрбір тілдік тұлғаның жеке жұмыс жасауына және қолданушылар арасындағы желілік қатынасты ұйымдастыруға жол ашады.
|
Авторлық және модерациялау
(Блог авторы да, модератор да бір ғана адамнан тұрады)
|
Блог авторы бір ғана адамнан тұратындықтан, модератор қызметін де атқарады. Ол блогтың мақсатын, тақырыптық бағытын анықтап, басқа да қолданушылардың материалдарын (мәтіндік, графикалық, аудио-, бейне-) орналастыруды үйлестіреді. Қажет деп тапса, талапқа сай емес материалдарды өшіре алады. Сөйтір блог‑технология оқыту үдерісіне қатысушының әрқайсысының «үніне» назар аударады, жеке, топтық жұмыс жасауға ықпал етеді.
|
Мультимедиалық (блог контентін құруда түрлі форматтағы материалдарды (мәтіндік, графикалық, сурет-, бейне-, аудиоматериалдар) қолдану мүмкіндігі
|
Блог-технология түрлі форматтағы материалдарды (мәтіндік, графикалық, сурет-, бейне-, аудиоматериалдар) пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл – тіл байлығын арттыруға және әлеуметтік‑мәдени материалдарды пайдалануға, эссе, пікір жазуға, шолу жасауға берілетін мүмкіндік.
|
Кесте П.В. Сысоевтің «Блог‑технология в обучении иностранному языку» мақаласынан алынды.
|
Студенттер жеке блогпен жұмыс барысында төмендегідей сөйлеу әрекеттерін жетілдіреді.
Жазылым әрекеті:
жазбаша түрде өзі (блог авторы) туралы жеке мәліметтерді бергенде қажетті тілдік құралдарды пайдалану;
туған елі, жері, оқу орны және т.б. мәліметтерді бергенде қажетті тілдік құралдарды пайдалану;
пікір білдіргенде, келісім беру/бермеу кезінде (басқа қолданушылардың блогтарына пікір беруде) тілдік құралдарды пайдалану;
жеке сипаттағы хат жазуда;
түрлі типтегі эссе жазу барысында;
фильм мен кітапқа пікір жазуда;
өз пікірін білдіруде қажетті тілдік құралдарды пайдаланады.
Оқылым әрекеті:
3. Вики‑технология – белгісіз қашықтықта орналасқан бір немесе бір топ адамдардың ортақ жазба (мультимедиалық) құжаттарын құруға мүмкіндік беретін заманауи Интернет‑технологияның бірі. Вики қызметінің атауы гавай тілінен («wiki-wiki») аударылғанда «тез» – мәліметтерге жылдам, тез қол жеткізу дегенді білдіреді. Бұл жүйе материалдармен жұмыс істеу барысында өзін толық ақтады деп айтуға болады. Вики қызметін алғаш рет 1995 жылы мәліметтер базасы ретінде құрған бағдарламашы Уорд Каннингем (Ward Cunningham) екен. 2000 жылдан бастап алғашқы желілік (онлайн) «Википедия» (Wikipedia) www.wikipedia.org энциклопедиясы пайда болды. Оған кез келген адам автор болуға мүмкіндік алып, вики қызметі әлемге танымал болды.
Википедия да вики‑сервер сияқты танымал, оның өз қауіпсіздік қызметі бар, қолданушылар желіде орналасқан мақалаға толықтырулар мен өзгертулер енгізе алады. Мәтін, сондай‑ақ сурет және бейнематериалдар көпшілік қауымға бірден жетпейді, желілік әкімшілік рұқсат еткен соң ғана шығады. Сондықтан Википедияның бетінде жарық көрген мәліметтер жоғары деңгейде сенімді. Тілді меңгертуде Википедия тілдік практиканы мәденитанымдық тұрғыдан байыту үшін ақпараттық ресурстар ретінде тиімді пайдаланылады.
Ал Қазақстандағы «WikiBilim» Қоғамдық қоры – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мәдениет және білім беру саласын дамыту мақсатында ерікті жастардың бастамасымен 2011 жылдың мамыр айында құрылған коммерциялық емес ұйым. Мемлекеттік тіл, білім беру, мәдениет және инновациялық технологияларды дамыту, қазақтілді контент пен интернет жүйесін дамыту мақсатын және т.б. көздеген ұйымның «Қазақша Википедиа», «Қазақстанның ашық кітапханасы» және «Викимедиа» қорымен байланыс орнату т.б. жобалары бар. «WikiBilim қоғамдық қоры» дайындаған «Қазақстанның ашық кітапханасында» жиналған шығармалар саны 3000-нан асты. Жақын арада кітаптар мен аудиокітаптарды оқуға және тыңдауға арналған қосымшалар дайындалып жатыр. Ал kk.wikipedia.org, http://kazakh.ru беттерінде өзіңізге қажетті мәселелермен бөлісуге болады.
Тіл үйренушілерді оқыту мақсатында басқа вики‑серверлерді тегін пайдалануға болады. Мысалы, Pbworks (www.pbworks.com), MediaWiki (www.mediawiki.com), Wikihost (www.wikihost.org).
Вики‑технологиялар арқылы қалыптасатын сөйлеу әрекеттеріне назар аударайық.
Сөйлеу әрекетінің түрлері
|
Сөйлеу шеберлігі
|
Жазылым
|
Оқиғалар/факті/жағдайларды сипаттау;
мәліметтерді хабарлау;
жеке көзқарасын білдіру;
өз елінің және басқа елдің әлеуметтік‑мәдени келбетін көрсету;
өз көзқарасын айту және дәлелдеу;
оқыған/тыңдаған/көрген ақпараттардан өзіне қажеттісін белгілеп алу;
түсініктеме/толықтыру жасау;
түрлі дереккөздерден алған ақпаратты жинақтау;
әдеби кейіпкерлер мен тарихи тұлғаларға мінездеме беру. Қорытынды жасау.
қазіргі кезеңдегі факті/оқиғаларды бағалау;
түрлі сауалнамаларды (вики‑серверге тіркелгенде), үлгілемелерді толтыру;
шағын/толық жоспар (вики‑парақшаны жоспарлағанда) құру;
іскери хаттар жазу;
баяндама мен хабарлама жазу;
пікір жазу және шолу жасау;
эссе (сипаттама, хабарлама, дәйектеме, салыстырма түріндегі) жазу;
кәсіби және әлеуметтік тақырыптарға шағын мақала жазу.
|
Айтылым (вики‑құжаттармен жұмыс істеу барысында)
|
Әңгімеге қатысу;
оқиғаларды сипаттау, фактіні айту;
өз елінің және басқа елдің әлеуметтік‑мәдени келбетін айту;
өз көзқарасын айту және дәлелдеу;
мәлімет сұрау және алмасу,
қызықтырған ақпаратты нақтылау үшін әңгімелесушіден сұрау;
әңгімелесу барысында бастама көтеру;
түсініктеме/толықтыру енгізу;
түрлі жағдайдағы көңіл‑күйін білдіру;
оқыған/тыңдаған/көрген ақпараттардан қысқаша
толық айтып беру;
әдеби кейіпкерлер мен тарихи тұлғаларға мінездеме беру;
шешім жасау;
қазіргі кезеңдегі факті/оқиғаларды бағалау.
|
Қорыта келгенде, қазақ тілін екінші тіл ретінде меңгертуде заман көшінен қалмай мобильді технологияларды жиі қолданып отыру коммуникативтік құзыреттілік аспектілерін қалыптастыруға септігін тигізеді.
Пайдаланған әдебиеттер:
Р.С. Әмір. Егемендік және қазақ тілі. «Тіл таным», – 2002. №3.
Капранчикова К.В. Мобильные технологии в обучении иностранному языку студентов нелингвистических направлений подготовки// Язык и культура. 2008. № 1 (25). С. 85–94.
Сысоев П.В. Современные информационные и коммуникационные технологии: дидактические свойства и функции // Язык и культура. 2012. № 1 (17). С. 120–133.
Сысоев П.В. Блог-технология в обучении иностранному языку // Язык и культура. 2012. № 4 (20). С. 115–127.
Сысоев П.В., Евстигнеев М.Н. Технологии Веб 2.0: Социальный сервис блогов в обучении иностранному языку // Иностранные языки в школе. 2009. № 4. С. 12–18.
Сысоев П.В. Вики-технология в обучении иностранному языку // Язык и культура. 2013. № 3 (23). С. 140–152.
Достарыңызбен бөлісу: |