дәріс №13
Модуль 3 Антимикробтық заттар.
Тақырыбы: Сульфаниламидтер және нитрофурандар.
Жоспар:
Сульфаниламид препараттары.
Нитрофурандар.
Әртүрлі топтардың препараттары.
Сульфаниламид препараттары.
Сульфаниламид препараттары медицина мен ветеринария салаларында кең тараған, кең спектрлі, бактерияларға қарсы қолданылатын химиотерапиялық заттардың ең алғашқысы. Г. Домарк 1935 жылы қызыл стрептоцидтің стафилококк індетінде тиімді екендігін хабарлады. Препарат сульфанил қышқылы амидының туындысы болып шықты. Оның емдік тиімділігінің жоғары болуы тәжірибеде жылдам еңгізуге өз әсерін тигізді.
Препараттар негізінен бактериостатикалық әсер етеді, ал бактериоцидтік әсері макроорганизмге зияны жоқ жоғарғы дозасында ғана білінеді. Механизмінің негізінде олардың парааминобензой қышқылымен (ПАБК) бәсекелестік қасиеті жатыр. ПАБК микроорганизмдер синтездейтін дигидрофолий қышқылының құрамына кіреді. Сульфаниламидтердің құрылысы ПАБК-ның құрылысына ұқсас, сондықтан да олар ПАБК-ның дигидрофолий қышқылының құрамына кіруіне кедергі жасайды. Дигидрофолий қышқылының синтезінің бұзылуы одан түзілетін тетрагидрофолий қышқылының синтезін төмендетеді, ал ол пурин мен пиримидин негіздеріне қажет. Пурин мен пиримидин негіздері микроорганизмдердің өмірі үшін өте қажет нуклеин қышқылының синтезіне қатынасады. Олай болса нуклеин қышқылдарының синтезі тежеледі, микроорганизмдер өсіп-өнбейді, препараттың бактериостатикалық әсері іске қосылады.
Сульфаниламидтердің әсерінен бұдан басқа да факторлар пайда болады: организмнің реактивтілігін қалпына келтіреді, дене қызуын төмендетеді, қабынуға, аллергияға қарсы әсер етеді, организмнің токсиндерге тұрақтылығын күшейтеді. Оларды ұзақ уақыт қолданғанда оларға микроорганизмдердің үйреншіктігі пайда болады.
Жанама әсерлерінен аллергия реакциясы, дисбактериоз, дерматиттер, невриттер, қан элементтерін түзетін ағзалардың, бұйректердің қызметтерінің нашарлауы байқалады. Сульфаниламидтер, олардың ацетил туындылары қышқыл реакциялы зәрде нашар ериді де кристалл түрінде зәр шығару жолдарында шөгеді, оларды бітеп тастауы да мүмкін.
Ауру малды емдеу үшін препаратты таңдаған кезде қоздырғыштың түріне, патологиялық процесстің орналасуына және препараттың фармакологиялық ерекшеліктеріне көңіл аудару қажет.
Барлық препараттар суда жақсы ериді, оларды қайнату арқылы залалсыздандыруға болады.
Сульфаниламид препараттарын төмендегідей жіктеуге болады:
Резорбтивті әсері қысқа уақытқа созылатын препараттар: стрептоцид, норсульфазол, сульфадимезин, этазол, сульфазин, уросульфан;
Резорбтивті әсері ұзақ уақытқа созылатын препараттар: сульфапиридазин, сульфадиметоксин, сульфален;
Ішек түтікшелерінің ішінде әсер ететін препараттар: фталазол, сульгин, фтазин;
Жергілікті түрде қолданылатын препараттар: сульфацил-натрий, стрептоцид.
Достарыңызбен бөлісу: |