Резорбтивті әсері ұзақ уақытқа созылатын препараттар.Сульфапиридазин.Ащы дәмді, иіссіз, сарғыштау келген ұнтақ. Суда ерімейді, қышқылдар мен сілтілердің ертінділерінде жақсы ериді. Ішектен тез сорылады, көптеген ағзалар мен тіндерге тарайды. Терапевтикалық концентрациясы бір тәулік бойына сақталады. Бүйректер арқылы баяу бөлінеді. Организмде белоктармен байланысқан түрінде бактерияға қарсы әсері жоқ, тек белокты комплекстен босағаннан кейін барып әсер етеді.
Грамм оң және Грамм теріс микроорганизмдерге, кейбір қарапайымдарға әсер етеді. Ас қорыту, тыныс алу жүйелерінің ауруларында тағайындайды.
Осы препарат тәрізді әсер ететін сульфапиридазин-натрий, сульфамонометоксин, сульфадиметоксин препараттары бар.
Сульфален.Суда ерімейтін, қышқылдар мен сілтілерде жақсы еритін, ақ-сарғыш түсті ұнтақ. Басқа сульфаниламидтерге қарағанда өте ұзақ әсерімен ерекшеленеді – 7-10 күндей; қан белоктарымен аз байланысады, бүйректердің функциясын бүлдірмейді. Препаратты 7 күнде 1 рет жіберуге болады. Организмде жоғарғы концентрациясын ұстау үшін күніне бір рет жіберіп отыруға да болады.
Сульфален-меглюмин. Еттің ішіне, венаға сульфаленнің концентрациясын жылдам көтеру үшін қолданады.