Стильдік белгілер Әлеуметтік қолданысы шектеулі бейәдеби қарапайым элементтер Қарап. белгісі арқылы беріледі. Бұл белгі қарапайым сөз дегенді білдіреді. Мұндай сөздердің мазмұны төмен болады, бір нәрсе жайында баға бергенде, мағынасы тым оғаштау сезіледі. Бұлар әдеби тілдің шеткері айғағында болып, көбіне қарапайым тұрмыстық қатынаста қолданылады. Мысалы:
Көкмойын. Қарап. Арақ. Иісі танауыңнан таңдайға ұрып, Табақта ет, қазы жатыр қарны айрылып. Бес минутсіз он екі, әлі отырмыз, Атақты көк мойынға салмай құрық («Жыл әкелген жыр»). Атақты: 89.
Сөйл. деген стильдік белгі кәдімгі сөйлеу тіліне тән сөзді мағынаны білдіреді. Сөйлеу тіліне тән, яғни бейресми қарым-қатынаста, емін-еркін жағдайда, ауызша түрдегі тілдесуде қолданылатын сөздердің мағыналарын аңғартып тұрады. Бұлар көбінесе кітаби, бейтарап мәндегі сөздердің синонимі іспеттес болып келеді. Мысалы:
Ап. Сөйл. Алып етістігінің қысқарған формасы. Көктем келді. Өмірдің келешегі, Көкпен бірге дүркіреп тел өседі. Сағым қыздың ап қашып орамалын, Асыр сап тентек жігіт-жел еседі («Біздің көктем»). Ап: 55, 60, 67, 72, 76, 80(2), 90, 93(3); аппын: 93; апты: 83.
Сонымен қатар ақынның жеке өзіне ғана тән сөз қолданысындағы сөздерді Окказ. деген стильдік белгі нұсқап тұрады. Мысалы:
Ақ. Окказ. Арақ, ішімдік. Өмірің түлкі емес қой атпен қуған, Алда, ұлым, ойын-күлкің, бақ пен думан. Жылдарың ақ қой өзі кір шалмаған Жақсы ендеше ақ затты ақпен жуған («Жыл әкелген жыр»). Ақпен: 90.
Фразеологиялық тіркестер Лұғаттық мақалаға (сөзтізбеге) алынған сөздің барлық мағынасы түсіндіріліп болған соң, фразеологиялық тіркестер азатжолдан сөздік мақаланың дербес бөлігі ретінде алфабит тәртібімен беріледі:
Бәйге алды. Озып шығып жүлдеге ие болды. Шаппай бермен бәйгені ала ғой деп, Жүрмісің жүйрік емес, шалағай деп?! Ұл тапқанда ұлы анам боза ішіпті, Қалжасына бақандай қара қой жеп («Қарт ақынның дегені...»). Бәйгені ала ғой: 71.
Фразеологиялық тіркестер «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» негізінде беріліп, қосымша грамматикалық формалары көрсетілмек. Сонымен қатар ақынның өзі жасаған фразеологиялық тіркестеріне «Ақын бұл жерде пәлендей мағынаны бейнелеп отыр» деген түрде сипаттама түсінік берілді: