Галогендеу. C60 фуллерендер фтормен әрекеттесіп түссіз немесе сары түсті C60Fn құрамды өнімдер жиынын түзеді. Сұйытылған фтор мен C60 фуллерендер бөлме температурасынан бастап-ақ әрекеттесе бастайды, ал тереңірек фторлау жүргізу үшін температураны 200-300 ºС дейін арттыру қажет. Фтормен ең қаныққан үлгілер C60F48 формуласына сәйкес келеді және ол 335 ºС температурада алынған.
C70 молекуласы да дәл осындай қасиеттер көрсетеді және фторлану 1,4- қосылудан басталады. Бұл кездегі түзілетін қаныққан күй C70F48формуласына сәйкес келеді, бұл кезде фторлану дәрежесі C60F48 жағдайындағыдай 80 % құрайды.
Фуллерендердің фторидтері тұрақтылығы және шығымы әртүрлі изомерлер түзе алады. Мысалы, дифторид C60F2 екі тұрақтылығы жоғары формалар түзеді: 1,4- изомер және 1,2- изомер. Фторланған фуллерендер ішінде көп бөлігі фтормен сақина түзіп байланысқан C60F16, C60F 18,C60F 20 тұрақты изомерлерінің құрылымдары қызықты болып келеді.Бұл кезде молекула күшті полярлы болады. Мысалы,C60F 18 молекуласының құрылысы 4.8-суретте келтірілген. C60F36,C60F48 молекулаларының құрылыстары бұдан да күрделі болып келеді.
4.8-сурет. Шлегель диаграммасы (а) және C60F 18 молекуласының (б) құрылысы
Фуллерендерге гидроксотоптарды жалғау реакциялары- радикалдарды жалғау реакциялары ішіндегі негізгісі болып табылады. Полигидроксильденген фуллерендерді фуллеролдар (фуллеренолдар) деп атайды. Мұндай фуллеролдарды синтездеудің қарапайым әдістері құрамында кем дегенде 12 ОН топтары бар молекулалар синтездеуге мүмкіндік береді. Фуллеролдардың ішінде суда ерімталдары да кездеседі, мысалы, C60(ОH)24. Фуллеролдар медицинада жұлдызды формалы полимерлердің сфералық ядролары ретінде немесе бос радикалдарды ұстағыш ретінде қолданылады.