Монография оқытушы-ұстаздарға, студенттер, магистранттар, докторанттар мен ғылыми зерттеушілерге, тәрбиешілерге, спорт жаттықтырушыларына және жалпы ұлттық халық ойындары мен спорты туралы білгісі келетін көпшілікке арналған


Қазақтың ұлттық халық ойындарындағы салт-дәстүрлер, наным-сенімдер



бет15/151
Дата02.03.2023
өлшемі481,97 Kb.
#170766
түріМонография
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   151
Байланысты:
Е. алимханов
лекция жинағы (копия), Титулка СОЖ, Презентация (1) (1) — копия (2), асем жобаа
5. Қазақтың ұлттық халық ойындарындағы салт-дәстүрлер, наным-сенімдер
Жер бетіндегі барық халықтарда қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрлері көптеп кездеседі. Салт-дәстүр әдет-ғұрыптың жинақталған, көпшілікке ортақ қолданылатын түрлері мен рәсімдерін де қамтиды, оларға мысал ретінде әскери шерулер ұйымдастыру, әнұран ойнату, елтаңбаны, туларды іліп қою дәстүрлерін жатқызуға болады.
Әдет-ғұрып дегеніміз – белгілі бір қоғамда белгілі бір тарихи жағдайға байланысты адамдар арасында қалыптасқан қоғамдық тәртіптің түрі болып саналады. Әдет-ғұрыптар әлеуметтік өмірдің әртүрлілігіне және күрделілігіне қарамастан, белгілі ұқсастық жағдайда адамдардың біркелкі әрекет етуін қалайды және соған әсер етеді. Яғни бір қоғам ішіндегі адамдардың еңбек ету тәсілдері мен әдістерінің жалпыға ортақ қолайлы жағымды болуын іске асыра отырып, адамдардың саяси-қоғамдық іс-әрекеттерінде және күнделікті тұрмыстағы қарым-қатынастарында бірыңғайлылық әрекеттің болуын талап етеді. Осы көріністердің бәрі әдет-ғұрыптың, салттың жиынтық көрінісі болып табылады.
Ш. Уәлиханов халықтың салт-дәстүрлері мен діні, наным-сенімдерін зерттей отырып, қазақ мәдениетін өзбек, қырғыз, түрікмен, қарақалпақтардың өмір сүру әдісімен байланысты қарастырып, олардың бір-біріне тигізетін әсерін жан-жақты сөз еткен. Ол қай халықтың болмасын жалғыз өзіне ғана тән салт-дәстүрінің болмайтынын, шаруашылық кәсібі мен мәдени тұрмыс-тіршілігі аралас елдердің бір-біріне тигізер әсерінің сөзсіз болатынын дәлелдеген [159].
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде де салт-дәстүрлер көрнекті орын алады және ойындар мазмұнында да салт-дәстүрлер, сенім-нанымдар, ырымдар көптеп кездесетіндігін көруге болады.
Аса көрнекті этнограф, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықов туралы «Этнографпен әңгіме» атты кітабында Қасымхан Бегманов «Менің аталмыш кітапты жазуыма себеп болған негізгі жай – халқымыздың жылдан-жылға елеп-ескерусіз қалып бара жатқан салт-дәстүрін жинастыру. Ол үшін ескі сөзді білетін есті адамдарды ойша сұрыптадым. Этнограф-ғалымдардың тізімін жасадым. Еңбектерін зерттеп, зерделей бастадым. Міне, сол тізімнің басына ең бірінші жазылған есім – Жағда Бабалықұлы» болды, «Қағазға түспеген көп ойларым өзіммен бірге кетер ме екен?» деп іштей қобалжушы едім…» енді бірде: «Еңбегі еш, тұзы сор, қазақтың далада жатқан шалы едім» деп Жағда Бабалық айтқандай ел арасында аршылмаған қаншама сыр жатыр [89].
Халық арасында ұлттық ойындарға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлер, наным сенімдердің ойын кезіндегі көрністері, ойын ережесінде ескерілуі оны ойын арқылы тәрбиелеу жұмыстарында ұтымды пайдалануға жол ашады. Сонымен қатар наным-сенімдердің рухани әсері бар екендігін ескере келіп, олардың адам психологиясына әсері арқылы дұрыс шешім қабылдау, ата салтына берік болу, ұлттық ерекшеліктерді сақтау сияқты тәрбиелік жұмыстарда орынды пайдалануға болады.
Орыс халқының белгілі педагогі К.Д. Ушинский балаға берілетін білім ең алдымен, ойын арқылы іске асатынын нақтылап, оған үлкен мән береді: «ойын үстінде балалардың ұжымдық мінез-құлқы қалыптасады» деп, ойынның әлеуметтік-педагогикалық негіздерін көрсетеді. Өзінің пікірін дәлелдей келе ғалым былай деді: «Ойынның бала қабілетін дамытуға үлкен әсері бар, олай болса ойын баланың келешек тағдырына өз ықпалын тигізеді. Халықтың бала тәрбиесі сол халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты, тәрбиенің негізін халықтың жақсы-жаман дәстүрінен іздестіру керек» – деп жазады [156].
Ойын мазмұнында кездесетін салт-дәстүрлер адамдардың кәсіптік-шаруашылық еңбек ету ерекшеліктеріне, жыл мезгілдеріне, діннің ықпалына қарай бейімделген түрлерін көруге болады, оған мысал ретінде баланың тұсау кесу рәсімін айтуға болады. Мысалы қазақ-қырғыз халқы арасында тұсау кесуге арналып арнайы той өткізу рәсімі бар. Осы той кезінде жиналған адамдар ішінен тұсау кесемін деген үміткерлер арасында жаяу жарыс ұйымдастыру дәстүрі бар. Осы жарыс кезінде кім жүйрік болып бірінші келсе, сол адам бала тұсауын кесу құрметіне ие болады. Осы салттың басты мақсаты – бала өскенде сол жүйрік адам сияқты болсын деген тілектен туған ырым.
Балалар ойын кезінде немесе ойнау алдында ойын тәртібін өзара келісіп алулары жиі кездеседі, келісілген шарттың ойын үстінде орындалмауы ойынның тоқтатылып, кімнің дұрыс немесе бұрыс орындағаны туралы бір шешімге келгенше талқыға түсуі немесе ойынның мүлдем доғарылуына дейін әкелуі ықтимал кездері болады.
Қазақ халқы өткізілетін той, берiлетiн ас мейрамдарды алдын ала ақылдасып, жоспарлап, орны мен күнін белгілеген. Алдын ала өткiзiлетiн ойындар мен жарыстар түрлерiн белгiлеп қоятын болған. Жұртшылыққа хабарлайтын арнаулы адамдар тағайындалған. Тойға, мерекеге, асқа жиналған жұрт хабарлаушы адамдардың көрсеткен орындарына жайғасып, орналасу кезінде ер адамдар мен әйел адамдардың жеке топталып отыруларын байқауға болады.
Қазақ халқы арасында балуандарды белдесуге шығарудың дәстүрлері әр жерде әртүрлі болған. Балуан шығарушы жақ өзінің балуанының жеңуін қалап ол туралы мақтау мен мадақтауды аямаған. Балуанды атқа, түйеге мінгізіп әкеліп, елді таңдандыру, қарсыласының мысын басу мақсатында ноқталап, шынжырлап алып шыққан. Қарсыласының үрейін ұшырып қорқыту мақсатында «түйе палуан», «өгіз палуан» атанған палуандарды кілем шетіне шынжырлап ұстайтын болған. Күжірейген дәу перілер аузынан көбік шашып, жер тарпып, аруақ шақырып, ақырып бақталасының мысын басуға тырысқан.
Жеңілген балуанның «Басынан аттау» қазақ халқының көне ырымдарының бiрiне жатады. Негiзгi мағынасы жеңілгеннің басынан аттауы арқылы оның «күшін» өзіне алуы. Бұл түсiнiк бойынша жеңiлген адамның «күшi» жеңген адамға өтуi қажет.
Кей жерлерде палуандарды атқа, түйеге мінгізіп, топ аралатып ел көзіне көрсетіп мақтап, мадақтап, ауылдың сыйлы адамы балуанға бата беріп шығарады. Балуандар аттан түсіп жерге отырып, қарсы жақтан балуан шығуын күтеді. Кім күресемін деп шықса, оның жасының үлкен-кішілігіне, салмағының ауыр-жеңіліне қарамай күреседі. «Күш атасын танымас!, Әлі жеткен алып та жығады, шалып та жығады» деген сөз осыдан қалса керек.
Балуандарға жеке жасырын ат беру дәстүрі де болған. Күресетін балуанның кім екенін жария етпес үшін, көбіне беттерін бояп немесе бетперде кигізген. Жеңген балуан қарсыласының бетпердесін шешуі арқылы өзінің жеңгендігін мойындатқан.
Балуандар арасында бір нәрсені пір тұту, аруаққа сыйыну сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай ырымдарды жасау оған сену, өздеріне қосымша күш береді деген оймен орындалады.
Қазақтар балуандарын ел ішіндегі қадірлі адамдар қатарына санайды. Олардың күшіне таңданып, бас иеді, пір тұтады, үлгі етеді, үлкен-үлкен сыйлықтар беріп мадақтайды.
Қазақ халқы арасында жылқы малына байланысты салт-дәстүрлер өте көп кездеседі. Жылқының жал-құйрығын дәстүрге сай күзейді, ал ата мал айғырдың жал-құйрығын күземейді, ол оның төлдері жал құйрығы төгіліп өссін деген ырым-сенімнен пайда болған. Айғырдың маңдайына бие байлағанда сары май жағады, ол сүт мен қымызы мол болсын деген ырым.
Жылқы атасын Қамбар ата деп санап, жылқы малы желден жаралған деп санайтын сенім бар. Жүйрік жылқыны адамдар көзінен тасада ұстап, үстіне сәндеп жабу жауып алып жүреді, ондағы мақсат сырт адамның «көзі түседі», көзінің сұғы бар адамдар көрсе, жүйрік атқа зиян келеді деп одан сақтанудың жолы.
Жүйрік аттың кекіліне, құйрығына қара бас үкі тағады, үкінің артқы сабағын қызыл матамен орап буып байлайды. Бұл ырымның мақсаты сұқтана қараған адамның көзі үкіге түсіп жануарға зиян келмесін дегенді білдіреді.
Жылқының құйрығын шолтыйтып күземейді, олай болған жағдайда жылқы тұқымсыз қалып өспейді деген сенімнен туған.
Сырттан келген бөтен кісі әдейілеп барып жылқы мен құлынды өзі барып көрмейді, ондағы ойы жылқы иесінің көңіліне келіп сақтануынан болады, жылқыны иесінің еркімен рұқсат сұрап көреді. Жүйрік ат пен сиырды бірге айдамайды, жаймайды, ол сиырдың жолы ауыр деп есептелетін сенімнен туған. Жүйрік атпен жоғалған малды іздемейді, жоқ табылмаса «ат жасып, асылы қайтады» деп есептейді, себебі жақсы аттың сезімі күшті болады, ол да иесі сияқты ренжиді деп саналады. Түйе, сиыр малдарының терілері «ауыр, қатты» терілер саналып, жүйрік жақсы аттар денесіне қатты тиеді деп, тек жылқы терілерінен жасалған қамшыларды пайдаланады. Жылқы иесі өлсе жылқыны мінбей, өлген адам жылына «тұлдап» сояды.
Жүйрік жарату кезінде ат пен арқанды аттамайды, ондағы ойлары «ала жіпті аттамаған тазамын» дегенді білдіреді. Жүйрікке күл бастырмайды, жүйрік аттың жабдығын ұрламайды. Аттың басынан, көзінен ұрмайды, шідер, тұсамыс, өре қамшымен ұрмайды егер адам ұрса өзі жаяу қалады деген ескертпе бар.
Белгілі этнограф қазақ халқының ұлттық дәстүрін насихаттаушы Жағда Бабалық «Қазақ халқы бүкіл өң-түсті қылаң, баран деп екі топқа жіктейді деп бөліп көрсетіп, қылыңға – ақ боз, шаңқан, шаңқан боз, тарлан, ақ тарлан, боз тарланды жатқызады.
Баранға: қара, қоңыр, көк, жасыл, қызыл, қүрең, жирен, торы, сұр, күлгін, құла, шабдар, сары, т.б. түстерді таратады. Халқымыз баранға жіктеген өң-түстері табиғаттағы кемпірқосақ түсі негізінде аталғандығын көрсетеді. Әр түстердің өздерінің де көптеген өңдерге бөлінетіндігін көрсетеді, мысалы, көк түсті – қара көк, теңбіл көк, көк сұр, қызыл көк, көк бурыл, ақ көк, ақ көктеу, тарлан көк, көк сұрлау, қызыл көктеу, көк бурылдау деп таратады. Әр түстерді көптеген өңге бөле келе, осы түстерді мал, жылқы жануарына да қолданады [51].
Қазақ халқы аттарды өзіндік жүрісі, жылдамдығына қарай – сәйгүлік, тұлпар, ұшқыр, желтимес, арғымақ т.б. сөздерді қолданады.
Аттарды қозғалу қасиеттеріне қарай – аяңшыл, желісқор, жортақ, жүрдек, жорға, текітек, ұшқыр, шығымды, шыға салма, тызетпе, құйын, қаршынды, жүйрік, бәйге, арғымақ, тұлпар, қазанат тағы басқаша атаулармен атаған. Аттардың осы ерекшеліктерін ескеріп қазақ атбегілері, бапкерлері ат ойындарының түр-түріне таңдай білген.
Жылқыны тани білу, оны іріктеп-сұрыптап баптай білу тек ат спорты үшін емес, сонымен бірге шаруашылыққа қыруар пайда келтіретін игілікті іс.
Саятшылыққа байланысты сенім-нанымдар, әдет-ғұрып, ырымдар көне дәуірден бастау алады. Жан-жануарларға, аң-құсқа, заттарға табыну түркі ұрпақтарында қазірге дейін сақталған. Саятшылыққа байланысты сат дәстүр аңшыға айтылатын «қанжығаң майлансын, атар көбейсін, жолың болсын» деп бата беріп шығарып салудан басталады. Адамдар аң-құстардың мінез құлқыларын зерттей келе, олардың ауа райының ерекшелігіне қарай жайылатындығын, тығылып жасырынатындықтарын білу, аңшының олжалы болуына үлкен әсері барын есептеген. Осындай ерекшеліктеріне қарай аң ұстауға қажетті құрал-саймандарды дайындаған. Аңға сейсенбі күні жиі шығу «сейсенбі сергелдеңі» осы күні аң-құс сергелдеңге түседі деген сенімнен туған. Кей жерлерде біздің ауыл «бұл аң-құсты атпайды» деген сөздерді есуге болады. Оған себеп аң-құстардың сол жерде азайып кеткендігін ескеріп сақтау, көбейту ниеттерінен туған. Әдетте ауыл маңын мекендейтін аң-құстарды атпайды. Көктем кезінде “бетің шұбар болады» деп балаларға құс жұмыртқаларын жарғызбайды. Аң-құс, балықтардың көбейіп, ұрпақ өсірер кезінде саятшылық етуге тыйым салынады. Ел арасында «қасиетті жерлер» деп аталатын орындарда мекендеген аң-құстарды ауламайды, оларды сол жердің «иелері» деп санайды. Қазақ халқы дала аң-құстарын «адал және арам» деп бөледі.
Қазақ халқы ұлар құсын атпайды, тек дәрілік мақсатта қақпан құрып ұстайды, ел арасында себепсіз ұларды атқан кісі жамандыққа жолығып ұлып қалады деген сенім бар. Аң құстардың аттарын балаға қою қазақ халқының арасында жиі кездеседі, ондағы ойлары солар сияқты еркін, сұлу, күшті болсын деген ниеттен туындаған.
Ертеден келе жатқан көк бөріге табынушылық дәстүр бүгінгі күнге дейін сақталып келеді. Бөрі бейнесі қазақ туларына салынған. Бұл сенім біз көк түркілер көк бөрінің ұрпағымыз дегеннен тараған. Ертеде ауыл арасында ұрлық істеген адамды табу үшін «қасқырдың тарамысын өртегелі жатырмын» деп жар салатын болған. Ондағысы тарамыс өртегенде ұрының аяқ-қолы құрысып, шолақ болып қалады деген нанымнан туған. Аяғым осындай дертке шалдығады деп қорыққан ұры, ұрлаған дүниесін әкеліп берген. Қазақтар арасында қасқырды ырымдап «Ит-құс, Даладағы» деп айтулары жиі кездеседі. «Малың ит-құстан аман ба?» деу соны меңзейді. Дала аң-құстарының адамдар «иесі» болулары жиі кездеседі.
Қазақ халқы арқар, құлжа, тау ешкі, таутекені «қоңыр аңдар» деп атайды. Аңшы түзден үйіне келгенде мылтығын тексеріп далада қалдырады, мылтықпен бөгде үйге кіру жақсы ырымға жатпайды. Сақа аңшылар жас аңшыларға «қоңыр аңдарды жаппай қыруға болмайды, киесі атады» деп ескертіп отырады. Қоңыр аңдардың енесін атудан аңшылар аулақ болған, балаларының «жетімдіктерінен» қорыққан. Ауға түскен шабақты босатып жібереді. Ұстаған балықтарды санамайды, оны бөлуді жасы үлкен адамға тапсырады. Қазақ тілінде саятшылыққа байланысты мың жарымдай сөз бар екендігін белгілі этнограф Жағда Бабалық өз еңбектерінде келтіреді.
Саятшылық дәстүрдің ішінде бүркітшілік жер жүзіндегі басқа елдермен салыстырғанда қазақ елінде өте жақсы дамыған. Бүркітшілік өнері қазақ халқының төл өнері болып табылады. Егеменді Қазақстан туында бүркіттің бейнесі болуы осының дәлелі.
Ұлттық ойындар түрлерінде кездесетін салт-дәстүрлер, наным- сенімдер, жол-жоралғылар, дәстүрлер қазіргі күнге дейін сақталғандығын, оларды балалар мен жастар тәрбиесінде кеңінен қолдану қажеттігін айтамыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   151




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет