9. Қазақтың ұлттық халық ойындары мен спорттарының мазмұны мен ережелері 1. Екі аяз Ойыншылар санына шек қойылмайды.
Өткізетін орын: ойын бөлмесі, спорт алаңы
Ойынға дайындық: Алаңның екі жақ бетінде сызықпен екі үй салынады. Үйлердің арақашықтығы бір-бірінен 25-20 м болуы керек. Екі үйдің ортасында екі жүргізуші екі «аяз» болып тұрады. Қалған ойыншылар алаңның екі жақ бетіндегі үйге орналасады.
Ойын мазмұны: ортаға шыққан екі «аяз» балаларға қарап өлеңдетеді:
Біз аязбыз, аязбыз,
Балалармен аразбыз
Аяздың біреуі өзін былайша таныстырады:
Мен қызыл шоқ тұмсықпын,
Екіншісі әрі жалғайды:
Мен қырсық көк тұмсықпын.
Одан әрі екі аяз қосылып әндетеді:
Жүрексінбей, нық басып,
Батыл болсаң, сыртқа шық!
Бұған балалар:
Аяз бізге сөз емес,
Қорқатұғын біз емес! –
деп жауап береді де, қарсы беттегі үйге жүгіреді. Екі аяз қарсы жақтағы ойыншылардан неғұрлым көп ұстап алуға тырысады. Ойыншыларды ұстау барысында «Аяздың» қолы тигендер ұсталған болып табылады. Ұсталған ойыншылар шетке шығып тұрады. Ойын қайта басынан басталады.
Екі аяз 2 нұсқасы. Бұл ойында екі «аяз» ойыншыларды ұстап, «қатырып» тастауға тырысады, яғни «аяздардың» қолдары тиген ойыншылар ұсталған жерлерінде қозғалмай тұрулары тиіс. Аяздардың қолы тиіп кеткен ойыншы сол жерде «қатып» қалуға тиіс. Қолға түспеген балалар арғы бетке өткен соң, екі аяз тақпағын қайта бастайды. Ойыншылар енді кері жүгіріп, «қатып» қалған тұтқындарды құтқарып алуға күш салады. Бір ойыншының қолы тисе, тұтқын босанып қаша жөнеледі. Егер аяз құтылған ойыншыны қайта ұстап алса, әлгі босатқан ойыншы қайтадан «қатып» қалған тұтқын болады.
Ойын осы тәртіппен жалғасады. Қайта бастағанда «аяздар» тұтқынға түспеген ойыншылардан таңдалады. Қайсысының «қатырған» ойыншысы көп болса, сол аяз жеңіске жетеді.
Ойын ережесі: ойыншылар тақпақты айтып болған соң жүгіруі керек, ойыншылар «үйге» дейін жүгіреді, егер жүгірмесе ұсталған болып есептелінеді. Ойыншылар ұсталған жерінде міндетті түрде тұрып қалулары керек, «аяздар» оларды қорғауларына болады.