Қуыр, қуыр, қуырмаш(5 нұсқа)
Ойыншылар бас бармақтан бастап, шынашаққа дейін саусақтардың аттарын түгел қайталап береді, олар: бас бармақ, сұқ саусақ, ортан қол, аты жоқ қол, шынашақ. Бұдан кейін саусақтарға бас бармақ балалы үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек – деп түгел ат қойып шығады да, әр саусақтың атын айтқан кезде саусақтарды ретімен бүгіп отырады, сөйтіп бес саусақ түгел жұмылады.
Енді қайтадан бас бармақтан бастап төмендегі сөздерді айтып саусақтарды жазады:
– Сен тұр, қойыңа бар;
– Сен тұр, түйеңе бар;
– Сен тұр, жылқыңа бар;
– Сен тұр, сиырыңа бар;
– Ал сен кішкентай бөбек, әлі жас екенсің, қазанның қаспағын қырып же де, жыламай отыра тұр!
Енді ұстап тұрған шынашақтың өзін алақанның шұңқырына бүгіп, тұқырта ұстайды да:
Қуыр-қуыр қуырмаш,
Балаларға бидай шаш,
Әкең келсе, есік аш,
Қасқыр келсе, мықтап бас, – деп баланың алақанын қытықтайды. Алақанды қытықтағаннан соң:
– Мына жерде қой бар, – деп баланың білезігін саусағымен түртеді;
– Мына жерде түйе бар, – деп білегін түртеді;
– Мына жерде жылқы бар, – деп білектің жоғары жағын түртеді;
– Мына жерде түлкі бар, – деп, қолтығына барады да тездете түседі;
– Мына жерде күлкі бар "Қытық, қытық!" деп қолтықтан қытықтай бастайды. Қытықтаған бала неғұрлым күлмеуге, сабырлық танытуға тырысады.
141 Тең көтеру Жастар көгалды жазық жерге жиналып немесе дене шынықтыру бөлмесінде ойналады. Араларынан бір күшті деген жігітті ортаға шығарады. Ол көгалдың үстіне не кілемге етпетінен түсіп жатады. Енді «тең» болатын жігіттер әлгі жатқан адамның екі жақ бүйіріне келіп қарама-карсы отырады да, екеуі де аяқтарын жатқан жігіттің арқасына салады. Отырған жігіттер бірінің аяғынан бірі мықтап ұстап алып:
Тең-теңімен.
Тезек қабымен.
Ең алдымен сен көтер,
Екеумізді тең көтер –
дейді. Жатқан жігіт әлді болса, үстіндегі екі жігітті көтеріп алып, төрт тағандап жүре береді. «Тең көтеру» ойынына кейбір күшті жігіттер қатынасқанда, екі иығына екі-екіден төрт адамды отырғызып та ойнайды. Бұл дене күшін сынайтын қазақтың тұрмыс салтынан туған ойынының бір түрі болып саналады.
142. Дүмпілдек Өте көне халық ойындарының бірі – дүмпілдек. Ойын шилі, тобылғылы, қарағанды, жыралы жерлерде ойналады. Жиналған ойыншылар екі топқа бөлінеді, бір тобы «қойлар», екінші кішірек топ «қасқырлар» болады. «Қасқырлар» «қойларды» аңдиды. Ал «қойлар» «қасқырлардың» көзіне түспеуге, ұстатпауға тырысады. Ойын «қасқырлардың» «қойларды» түгелдей ұстауымен аяқталып, қайта жалғасып отырады. Ойыншылар орын ауыстырады. Ойын жер жағдайын бағдарлауға, қырағылыққа, байқампаздыққа баулиды.