278. Әріп таңдау Ойнаушы балалар дөңгелене отырады. Бір ойыншыны басқарушы етіп тағайындайды. Ойынды жүргізуші отырғандарға әріптерді өзінің қалауы бойынша таратып береді. Ойын шарты бойынша әр бала өзіне берілген әріп бойынша жүргізуші сұрақтарына жылдам, жаңылмай жауап беріп отыруы қажет. Мысалы «А» әрпі келген ойыншы тек «А» әрпінен басталатын сөздермен жауап береді.
Сенің атың кім?
Асан.
Фамилияң кім?
Ахметов.
Қайдан келдің?
Ауылдан.
Қайда барасың ?
Алматыға.
Немен барасың?
Автобуспен.
Онда не өседі?
Алма.
Тағы не өседі?
Алмұрт, асқабақ, алша.
Сені кім қарсы алады?
Айдар.
Сұрақтар осылай жалғаса береді. Жүргізуші қалауы бойынша келесі ойыншыдан сұрақтарды сұрай бастайды. Жауап беруге үш рет алақан соққанға дейін уақыт беріледі. Сұраққа тез дәл жауап бере алмаған ойыншы қателескені үшін отырған ойыншылардың арттарынан секеңдеп бір аяқтап, жан-жануарлардың дауысын салып айналып келіп орнына отырады. Ойын барлық әріптер жауап бергенше жалғаса береді.
279. Ағашқа өрмелеу Ағашқа өрмелеу ойыны мереке-тойларда арнайы ұзын тік ағаш дайындалып, соның басына көмекші құралдарды қолданбай өрмелеу арқылы ұйымдастырылады. Ағаштың басына арнайы жүлде байланып, ілінеді, жүлде кім өрмелеп ағаш басына жетіп шешіп ала алса, соған беріледі. Ағашқа өрмелеу өсіп тұрған биік ағаштың бұтақтары арқылы ең биігіне шығу түрінде де болуы ықтимал.
280. Қолмен шеге қадау Қолмен ағашқа шеге қадау адамның қол мықтылығын, ептілігін сынайтын ойын түрі. Шеге қадау арнайы жаттығуды қажет етеді. Қадайтын шеге түрі мен ағаштарды әр орындаушы өз ыңғайына қарай таңдап алып жаттығады. Шегені қадау адамның дене күш қабілетімен қатар, күш-жігерінің мықтылығын сынайды.