281. Аяққа қап киіп жарысу Бұл ойынды бірнеше топқа бөлініп ойнаған қызықты болады. Топтағы ойыншылар саны тең болғаны дұрыс. Алаңға аралары 20-30 қадам болатын екі сызық сызылады. Бірі мәре, бірі сөре сызығы болып белгіленеді. Сызықтың орнына айналып өтуге қолайлы тас, шаншылған таяқтарды да қолдануға болады. Ойын шарты бойынша әр топтағы бірінші тұрған ойыншы аяқтарына қапты киіп сөреде тұрады. Ойыншылар мақсаты аяқтарына киілген қапты қолдарымен түсіп кетпейтіндей жоғары ұстаған бойда, берілген белгі бойынша сөреден қосаяқтап секірген бойы мәрені айналып өтіп, қайтадан сөре сызығына жылдам жетуге тырысады. Қайтып сөреге жетісімен аяғына киілген қапты жылдам шешіп, өзінен кейінгі ойыншыға береді. Қапты алған ойыншы жылдам аяғына киіп жарысуды жалғастырып кетеді. Қай топтағы ойыншылардың барлығы жарысты бірінші аяқтайды, сол топ жеңімпаз болады. Ойын секіруді, топтасып жарысуды үйретеді.
282. Қуаласу Ойыншылар санына шек қойылмайды. Ойнаушылар екі топқа бөлінеді . Алаңға сөреден қашықтығы 60-100 метрдей жерге арасы 10-20 адымдай екі көмбе белгіленеді, екеуіне жалауша тігіледі. Жүргізушінің хабарымен екі топтан екі ойыншы сөреге шақырылады. Біреуіне белбеу немесе түйілген орамал беріледі. Ойын жүргізушінің белгісі бойынша ойыншылар қарсыдағы өз көмбесіне қарай жүгіреді. Белбеу алған ойыншы екінші ойыншыны жалаушаға жеткізбей қуып жетіп, қолындағы белбеумен ұруға тырысады, көмбеге дейін ұруына болады. Межеге жеткен соң белбеуді ұстаған ойыншы белбеуді жерге тастай сала, өзі кейін сөреге қарай қашады. Белбеуді екінші ойыншы ала салып қашып бара жатқан қарсыласын сөре сызығына жеткізбей қуып жетіп, ұруға тырысады. Қарсыласына жете алмай, белбеуді жұмсай алмаған ойыншы ұтылған болып есептелінеді.
283. Қыста арқан тарту Бұл ойынды ойнау үшін, бес-алты бала тартқанда үзілмейтін арқан және жалпақтығы 20-30 см келетін, ұзындығы 1 метрдей екі тақтай дайындалады. Ол тақтайлардың ортасын арқан өтетіндей етіп теседі. Енді қарды аққалаға ұқсатып үйеді де, оның орта шенінен таяқпен тесіп, әлгі арқанды өткізеді. Содан кейін тақтайшаның екеуін арқанның екі ұшына кигізеді, тақтайшаларды аққалаға екі-үш қарыстай тақап қалғанда арқанды түйеді. Бәрі дайын болған соң, балалар екі топқа тең бөлініп, арқанды екі жаққа тартады. Аққала қалай құласа, сол топ жеңіп шыққан болады. Жеңілген топ аққаланы қайта жасайды. Ойын қайта басталады.