Жеңімпазды анықтау. Бестас ойыны жеңімпазын анықтау әр ойыншының ойын кезеңінен өту саны бойынша барлық ойынға жіберген уақытын қосу және жинақталған қаршу ұпайларын қосу арқылы анықталады.
21. Құмарлық Бұл ойынды асығы мол бозбалалар ойнайды. Таза алаңдарда, үлкен бөлмелерде ойнауға болады. Ойнаушылардың санына шек қойылмайды. Ойынның мақсаты – асық ұту. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да, дәл ортасындағы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асықты мұртынан оңқа тұрғызады. Ойнаушылар бірінің артына бірі, әркімнің өз кезектері бойынша қатарға тұрып, қолдарындағы сақалармен оңқаны ата бастайды. Егер кімде-кім оңқаға тигізсе, онда көндегі асықты түгел алады. Ал оңқаға тимей жанындағы асықтарға тисе, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырады.
Асықты тігіп ойнау
Асық ойнаушылар тегіс жерді таңдап алады да, оны тазартып, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сол төрт бұрышты ортасынан тең етіп екіге бөледі. Әр жағының қашықтығы бір, біржарым метрге дейін болады. Мұны «көн» деп атайды. Ойнаушылардың өзара келісімі бойынша көннен 4-5 м не одан да алыс мөлшерде асық ататын орын белгіленеді. Оны сызықпен белгілейді. Ойыншылар осы жерден тұрып, көндегі асықты дәлдеп ататын болады. Ойынды кім бірінші болып бастайтынын сақа иіру арқылы анықтайды. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегін алады.
Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны «көн» сызығынан шығарса, оны алады да, сақасы түскен жерден қайта атады. Сөйтіп көннен шығарғандарын ала береді. Егер оның сақасы көндегі асыққа тимей кетсе, асықты келесі ойыншы атады. Ал тігілген асықтарды бұзып, бірақ көннен шығара алмаса, қалған ойыншылар асықтарды сол жатқан қалыбында атып, көннен шығарып алуға тиіс. Ойын көндегі асықтар бойынша біткенше ойнала береді. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатынасушылар бір-бірден көнге қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, жалғаса береді.
23. Хан талапай (1 түрі)
Екі немесе үш, төрт бала таза, жарық жерге орталарынан орын қалдырып, қарама-қарсы отырысады. Ойын бастаушы бала бір уыс асықты ортаға шашып жібереді. Екінші бала шашылған асықтың арасынан топтасып түскен, ойын шартына қиындау жерден «хан» асықты сайлайды. Ойынды бастаған бірінші «ханнан» басқа асықтардың алшы түскенін алшыға, тәйкесін басқа тәйкеге, бүгесін бүгеге, шігесін шігеге арақашықтығының жақындығына қарай ыршытып, біріне-бірін тигізеді. Тигізе алса, тиген бір асықты өзіне алады. Алған асықтарын әр бала ойынның ақырына дейін, яғни сайланған «хан» жалғыз қалғанға дейін сақтайды. Осы ретпен кім көп асық жинаса, жеңіс сонікі болады.
Ыршытқан асығын көздеген асығына тигізе алмаса, немесе басқа түрдегі көрші асыққа соқтықтырып алса, ол бала жеңіліп, өзге бала ойынды әр қарай жалғастырады.
Ал ыршытқан асықтары байқаусызда «ханға» тиіп кетсе, онда ойынға қатысушы балалар тұс-тұстан лап қойып, асықты талапайлап алады. Кім көп асық олжаласа сол жеңеді.