150. Секіргіш торғайлар Ойыншылар саны: 10-30 адам.
Өткізетін орын: спорт зал, спорт алаңы.
Ойынға дайындық: алаң ортасына үлкен шеңбер сызылады. Жүргізуші 2-3 «мысық» ойыншыларды сайлайды. «Мысықтар» шеңбер ортасында отырады. Қалған ойыншылар «торғайлар» шеңбер бойына айнала орналасады.
Ойын мазмұны: жүргізушінің белгісі бойынша «торғайлар» шеңбер ішіне секіріп кіре бастайды. «Мысықтар» ішке секіріп кірген «торғайларды» ұстап алуы керек. Ұсталған «торғайлар» шеңбер ортасына отырады немесе шеңбер жанындағы орындыққа отырады. Келісім бойынша төрт, бес «торғай» ұсталғаннан кейін ұсталмаған «торғайлардың» арасынан жаңа «мысықтар» сайланады. Ойын жаңадан басталады. Мүлде ұсталмаған «торғай» мен аз уақытта көп «торғай» ұстаған «мысық» үздік ойыншы болып саналады.
Ойын ережесі: «мысық», «торғайды» тек шеңбер ішінде ұстауы тиіс; «торғайлар» тек бір аяқпен секіруі керек; «торғайлар» шеңбер ішінде жүгіріп кетсе ойыннан шығып, ұсталған «торғайлардың» қасына барады; ұсталған «торғайлар» жаңа «мысық» сайланғанша ойынға қатыса алмайды.
Ойынның педагогикалық маңызы: ойын оқушылардың шапшаңдық, ептілік, секіру қабілеттерін дамытып, жетілдіреді. Тез шешім қабылдауға, ұйымшылдыққа, бағдарлауға тәрбиелейді.