162. Асау үйрету Асау үйрету көбіне жылдың жылы уақыты кезінде іске асырылады. Бұл уақытқа дейін құлындар жетіліп, ширайды. Жігіттер жүйрік атқа мініп, жылқыларды үйіріп қайырып тұрады. Қолына құрық ұстаған қарулы жаяу жігіттер құлындарды бұғалықтап ұстайды. Асау құлындардың басына ноқта кигізеді де, желіге байлайды. Барлық құлын байланып болғаннан соң әжелер бастаған қыз-келіншектер желі басына дастарқан жаяды. Әжелер ырымдап, ақ мол болсын деген ақниетпен желі қазығының басына айран құйып, жаманшылықтан аман болуы үшін құлындардың маңдайларына ақ жағады. Қариялар бата бергеннен соң асау тай мен құнандарды үйрету ісіне кіріседі. Үйір ішіндегі асауларды құрық салып ұстайды да, мықты жігіттердің көмегімен шұралап тұрып ерттейді. Өзіне сенімді адамдар асауға мінеді. Үстіне мінген адамды аударып тастау үшін асаулар тулап, аспанға шапшып, мөңкіп шабады. Асауға мінген жігіт аттан құлап қалмаудың амалын жасайды. Асау үйретушінің айла-тәсілін үлкен-кіші тамашалайды. Асау үйрету жігітті сынайтын өнер түрі болып саналады.
163. Тай жарыс Қазақтарда тай жарысы бұрыннан келе жатқан дәстүр. Тай дегеніміз – бір жастан асқан жылқы төлі. Тай жарысына 1,5 жасқа дейінгі тайлар қатысады, жарыс қашықтығы мөлшермен 3-5 шақырым аралығында болады. Тайға салмақтары жеңіл жас балалар шабады, көбіне тайдың иесі шабады. Тай жарысына тек тай жасындағы аттар қатыстырылады, басқа жасы үлкен аттар қосылмайды.