198. Сүзеген теке Ойыншылар саны: 10-20 адам. Ойынның мақсаты: балаларды қуғыншыдан қашып құтылуға әрекет жасауға үйрету. Өткізетін орын: спорт зал, спорт алаңы.
Ойынға дайындық: Ойыншылар араларынан 4-5 қуғыншы «Сүзеген текелер» сайланады. Олардың қолдарына шүберектен байланған белгілері болады. Қалған балалар қуғыншыларды «Сүзеген текелерді» ортаға алып, қол ұстасып, әр жерде шеңбер жасап тұрады. Олар тұрған алаңның шетіне мәре сызығы жүргізіледі
Ойын мазмұны: Ойынды жүргізушінің белгісі бойынша шеңбер жасап тұрған балалар қолдарын ұстаған бойларында оңға қарай айналып жүріп қозғалады, ортадағы қуғыншылар барлығы бірігіп дауыстап:
– «Мен сүзеген текемін,
Сені сүзіп кетемін» – дегенде, шеңбердегілер әрі қарай дауыстап жалғастырады:
– «Деді де ол бақылдап, келіп қалды жақындап» – деп айтып болысымен қолдарын жібере сала әркім мәре сызығына қарай жүгіреді. Қуғыншылар оларды сызыққа жетпей ұстауы керек. Ойын осылай шеңбердегі бар ойыншы қуғыншы болғанша созылып, соңында ең жүйрік баламен қуғыншылар анықталады.
Ойын ережесі: 1) Шеңберде тұрғандар өлеңді барлығы бір уақытта аяқтауы керек; 2) ойыншылар қуғыншылардан алысырақ тұрулары үшін шеңберде көбірек бала болады; 3) барлық шеңбердегі ойыншылардың саны бірдей болады; 4) балалар қолдарын жібергеннен кейін ғана қуғыншылардың қуып ұстауына болады.
Әдістемелік нұсқау: қуғыншылар ортада босқа тұрмай, өлеңнің, мазмұнына қарай жаттығулар жасап тұрса, басқалардың қашып шығуына жақсы жағдай жасалынады. Ойынның педагогикалық маңызы: балалар дене мүшесін жасалатын әрекетке икемдеп, шұғыл берілген белгілерді көп кешіктірмей орындауға үйренеді.