226. Аяқ астындағы жіп Ойынға дайындық. Ойнаушылар саны әр топта 6-10 адамнан 2-4 топ жасақталады. Әр топ бір-біріне параллель сызылған сызықтар бойына бір тізбекке тұрады. Әр ойнаушы арасындағы қашықтық 1 метрден кем емес. Әрбір ойнаушы өз орнын дөңгелек сызықпен белгілейді. Әр топтың алдына 8-10 метр қашықтықта бір ойыншы тұрады, ол да өзі тұрған орынды шеңбермен сызып белгілейді немесе таяқты қояды. Топтар алдында тұратын ойнаушыларға секіргіш (немесе ұзындығы 2 м жіп) беріледі.
Ойынның жүргізілуі. Белгі бойынша тізбек алдында 8-10 м. Қашықтықта тұрған ойнаушылар секіргіштермен бірге өзінің топтарына қарай жүгіріп, оны айналады да топтың алдында тұрған ойыншыға секіргіштің бір ұшын ұстатады. Секіргішті екі шетінен ұстаған бойда олар өз топтары ойыншыларының аяқтарының астынан өткізеді. Тізбекте тұрған ойыншылар секіргіш жіпті аяқтарына тигізбей жоғары секіреді. Жіп тізбектің аяғына дейін өткізіледі. Ойынды бастаған бірінші ойыншы тізбектің аяғында қалады, ал екінші ойнаушы секіргіш жіпті алып 8-10 м қашықтықтағы шеңберді айналып өз тобына жүгіріп келіп, қайтып тізбек алдында тұрған ойнаушыға беріп, екеуі бүкіл тізбекте тұрған ойыншылардың аяқтарының астынан секіргішті өткізеді.
Ойын бүкіл тізбекте тұрған ойыншылардың бәрі рөлдері ауысып өтпегенше жалғаса береді. Ойынды бірінші бастаған ойнаушы өз алғашқы тұрған орнына келгенде, секіргішті қолына ұстап, оны жоғары көтереді және “Тік тұр!” бұйрығын береді. Бүкіл қатар “тік тұр!” бұйрығын орындайды. Қай топ бірінші орындайды, сол топ жеңіске жетеді. Айып ұпайлары жоқ, жіпті аяқтарына тигізбеген және ойынды ерте бітірген топ ойнаушылары жеңімпаз атанады.
Ережелер: 1) тізбек алдында тұрған ойнаушы секіргішпен қашықтықтағы шеңберге жүгіргенде, топтағы ойыншылардың бәрі бір орынға алға жылжиды;
2) егер секіргішті аяқ астынан өткізіп жатқанда қолдан жіберсе, онда қай жерде жіптен айырылды, сол жерден қайтадан бастаулары керек;
3) егер секіргіш жіпті аяқпен басып қалса, онда ол ойыншыға айып ұпайы беріледі.
227. Қазан доп Ойынға қатынасушылар жазық алаңға жиылып келіп үлкен дөңгелек шеңбер сызады да, дәл ортасынан тереңдігі 10 сантиметрдей шұңқыр қазады. Бұл қазан шұңқыр. Шеңбер сызық пен шұңқырдың аралығы 2 метрдей болуға тиіс. Ойынды бес-алты ойыншы ойнай береді. Әр ойыншы өзіне шақтап ұшы қайқылау таяқ әзірлейді. Кішкене доп пайдаланылады. Ойынды жүргізушілер қазан шұңқырдың сыртындағы шеңбердің бойымен бір-бірінен аралығы 2-2,5 метрдей қашықтықта өздеріне кішкене ұя қазады да, таяқтарының ұшын соған тіреп тұрады. Жеребе бойынша бір ойыншы доп айдаушы болады, ол үлкен шеңбердің сыртында еркін қозғалып жүреді. Оның мақсаты допты ортадағы қазан шұңқырға түсіруге айла іздейді. Таяқтары бар ойыншылар ортадағы қазанды қорғайды және өзінің ұясын доп айдаушыға алдырмауға тырысады. Егер доп айдаушы допты қазанға түсіретін болса, басқа ойыншылар орындарын жылдам ауыстыруы керек. Осы қарбаласта доп ойнаушы біреуінің ұясын иеленіп алуға тиіс. Ұясыз қалған ойыншы доп айдаушы болады. Ойынға қатынасушылардың саны көп болса, бірнеше доп айдаушы белгіленеді.