286. Аңдар жарысы. Ойыншылар саны: 10-30 адам. Өткізетін орын: ойын залы, спорт алаңы.
Ойынға дайындық: ойынға қатысушылыр 2 топқа бөлінеді. Алаң басындағы сызыққа қатарға тұрады. Ойын жетекшісі тағайындалады. Қатарда тұрған ойыншылардың әрқайсысына ретпен аңдардың аттары беріледі. Әр ойыншы өздеріне берілген аң аттарын жаттап алулары керек.
Ойын мазмұны: ойын жетекшісі дауыстап қалаған аңның атын айтып шақырады. Аты аталған ойыншылар жылдам жүгіріп алшақта тұрған затты, допты айналып өз орнына қайтып келуі керек. Қай топтың ойыншысы бірінші келсе, өз тобына бір ұпай қосады. Жетекші қай аңды шақыратынын өзі біледі. Бір аңды қатарынан екі рет шақыруға да болады. Жүгіріп келгеннен кейін ойыншы өз орнына жылдам тұруы тиіс. Қай топ көп ұпай жинаса, сол топ жеңіске жетеді.
Ойын ережесі: егер бір топтан қателесіп басқа ойыншы жүгіріп келсе ұпай есептелмейді. Өз тобының ойыншысы аяғына дейін жүгірмесе, ұпай келесі топқа беріледі.
Ойын жетекшісі ойын ережесін бұзбауын қадағалап отыруы керек, топтарды бір қатарға тұрғызып ойнатуға да болады.
Ойынның педагогикалық маңызы: ойын оқушының шапшаңдық, ептілік, күш дене қасиетін дамытып, ұйымшылдыққа достарының алдындағы жауапкершілікті сезінуге, тез шешім қабылдауға, байқампаздыққа тәрбиелейді.