290. Алақан қысу Алақан қысу ойыны адамдар арасында бір-бірінің қол саусақтарының күшін сынау мақсатында ойналатын ермек түрі болып саналады. Алақан қысуды оң қол мен оң қол, сол қолмен сол қол саусақтарын қысу арқылы орындайды. Қысу кезінде күш пен шыдамдылық сыналады.
291. Қозы ұстау Қазақ халқының мал бағу шаруашылығына қажеттіліктен туындаған малды ұстау, бұғалықтау, байлау шеберлігін меңгеру арнайы машықтануды қажет етеді. Соның бірі – қозы ұстау. Қозыны жылдам ұстап алу, қой төлдеп қозыны жетілдіру, емізу, енесіне табыстыру, адасқан қозыны ұстап әкелу сияқты кездерде өте қажет. Қозыны ұстау барысында оған байқатпай жақындау, ұстайтын қозының басқа қозылардың немесе қойлардың қай жағында болуын есептеу, байқатпай елеусіз қозының артынан келу, қозының артқы аяғынан дәл ұстай білу, күн сәулесінің түсу жағын бағдарлау, жел жақтан келмеу сияқты қозының сезімталдығын төмендететін жағдайлардың барлығын ескеріп барып әрекет ету, ұстаудың сәтті болуына жол ашады. Қозы ұстаушылардың арасында да мақтауға тұратын епті ұстаушылардың бар болуы, жақсы қаблеттілікке бағаланады. Қажет болғанда қозы ұстаудан өзара жарысып отыру да ұйымдастырылады, ол адам шеберлігін көрсету болып табылады.