305. Байқап қал! Бұл ойынға екі топтың балалары қатысады. Топ басшылары стол үстіне 15-20 ұсақ нәрселерді (калам, ойыншық т. б.) қойып бетін шүберекпен жабады. Екі жақтың топ басқарушылары өзгелерге көрсетпей стол үстіндегі заттардың тізімін жазып алады да, басқа топ балаларына 10-15 секунд заттарға қарауға уақыт береді де, оларға көрген нәрсенің тізімін жазып келуді тапсырады. Қай топтың балалары стол үстіндегі көрген нәрселердің түрін дұрыс және көп жазып келсе, сол топ ұтқан болып саналады.
306. «Жігі-жігі балдай» Аяғын басып жүре бастаған баладан бастап 4-5 жасқа дейінгі балаларды жылдам жүгіртуге арналған ермек ойынның бірі «Жігі-жігі балдай» деп аталады. Оны ойнау үшін баланың бір қолынан үлкен адам ұстаған бойда, өзінің тұрған жерінен шеңбер бойымен баланы жылдамдата жүгірте бастайды осы кезде өзі де, бала да «Жігі-жігі балдай» деп дауыстап айтады. Баланы біраз оңға қарай жүгірткен соң, ұстаған қолын ауыстырып кері қарай жүгіртеді. Жылдам жүгіру барысында баланың аяғын жерден көтере де айландыруға болады.
307. Аяқ басу Ермек ойындардың бірі – «Аяқ басу». Балалар екі-екіден бөлініп алып бір-біріне қарама-қарсы тұрып, бірінің аяғын бірі басуға әрекеттенеді. Аяқты басу үшін жылдам қозғалып, епті болу қажет, олай болмаған жағдайда өзіңнің аяғыңды қарсыласың басып үлгеруі мүмкін. Аяқты басу кезінде секіру, бұрылу, аттау сияқты қимылдарды тез орындау қажет. Келісім бойынша екі бала бір-бірінің қолдарынан ұстап тұруларына да болады.