304. Саусақ жасыру Ойын қолдың ортаңғы саусағын табуға негізделген. Екі немесе бірнеше ойыншылар алдымен кім саусағын жасырушы болатынын келісіп алады. Саусақ жасырушы басқа ойыншыларға көрсетпей бес саусағының орындарын саусақтарды майыстырып ауыстыру арқылы ортаңғы саусағын жасырады. Жасырылған қолсаусақтарының сыртынан келесі қолдың алақанымен саусақтардың тек ұштары көрінетіндей етіп орай ұстап көрсетеді. Саусақ табушы ойыншы ұштары ғана көрініп тұрған саусақтардың ішінен ортаңғы саусақ деп белгілеген саусақтың ұшынан шымши ұстай «осы» деп бір саусақтың басынан шымшып ұстап тұрады. Егер ортаңғы саусақты дәл тапса, жасырған баламен орын ауыстырып, өзі саусақ жасырады. Егерде табу дәл болмаса, онда таба алмаған ойыншыдан шертпек алынады, немесе дәл таба алмаған балаға айып ретінде өлең, тақпақ айтқызып немесе басқадай тапсырмалар орындау бұйырылады.