31. Көтеріспек (Атбақыл) Екі ойыншы қатысады. Олардың қолында сақа асықтары болуы керек. Ойыншылардың өзара келісуімен біреуі сақасын алысырақ иіреді, екіншісі сол сақа иірілген орыннан тұрып иірілген сақаны атады. Атқанда қарсыласының сақасына тигізсе, онда қарсыласы сол атқан жерден оны сақасының жатқан жеріне дейін арқалап апарады да, сол жерден сақасын қайта иіреді. Ал қарсыласының сақасына тигізе алмаса, қарсыласы өз сақасын алып, сол орыннан бірінші ойыншының сақасын атады, егер тигізсе, ол да соны істейді, тигізе алмаса қарсыласы атады. Сөйтіп, бірінің сақасын бірі атып, ілгері жылжи береді. Ойынды қанша уақытқа созса да өз еріктері.