33. Үштабан ойыны Тақыр жерге көлденең сызық сызылады да, оған әр ойыншы бір-бірден арасын сиректеу етіп асық тігеді. Ойыншылардың біреуі барлық сақаларын жиып иіреді. Кімнің сақасы алшы шықса сол бірінші болып сақасын көннен алысырақ жерге иіреді. Сол сақасымен тігулі асықтарды атып, үш табаннан артықтау жерге жіберсе, сол асықты ұтады. Үш табаннан кем, я болмаса сақасы асыққа тимей кетсе, ойынды келесі ойыншы жалғастырады. Ойын көндегі асықты ұтып біткенше созылады.
34. Алты атар ойыны Көнге әр адам асық тігеді. Сол қатарға тағы бір сақа тігіледі (үйіргенде баланың шік түскен сақасы). Асықтардың арасында саңылау болмай тіркестіріле қойылады. Көннің екі жағына 1 метр сызық, ал 4-5-6 метр жерден ататын қарақшы белгілейді. Кімде-кім түптегі сақаны атып ұшырса (1 метрден асырса) бүкіл асықтарды сол алады. Ал сақаға тимей асықты ұшырса, оның сызықтан шыққаны ғана соныкі болады. Ату саны – 6 рет. Алғаш сақасы шыққан бала бірінші болады да, қалғандары одан кейінгі кезекте атады. Алты рет атыстан қалған асықтардың бәрі түпте қалған баланікі болып есептеледі (сақасы тігілген бала).