128. Серпін найза Ойын кең далада ойналады. Найза құралы ретінде ұзын қамыс немесе түзу шыбықтар қолданылады. Ойын мақсаты бойынша кімнің найзасы алысқа ұшса, сол жеңіске жетеді. Найзаны алысқа ұшыру үшін арнайы итергіш серіппе құрал жасалады. Серіппе құрал ұзындығы жарты метрден астам (серппе ағашы ұзындығы лақтырылатын найза ұзындығына байланысты болады) ағаш таяқтан жасалады. Серіппе таяқтың артқы ұшында найзаның артын тірейтіндей ұя-шұңқыр жасалады. Сол ұя-шұңқырға найзаның артын тіреп, найзаны таяқпен қоса алақанмен қапсыра ұстайды да, құлаштап алға сермеу кезінде найзаны таяқ серіппе арқылы итере алға серпіп лақтырады. Серіппе таяқ лақтырушының қолында қалады.