197. Бес-бестеншабуылдау Ойыншылар саны: 20-30 адам. Өткізетін орын: спорт зал, спорт алаңы.
Керекті құрал-жабдықтар: баскетбол добы. Ойынның мақсаты: баскетбол ойынының әдіс-тәсілдерін қарапайым ережемен жетілдіру.
Ойынға дайындық: ойыншылар бес бестен бөлінеді. Әр бестік өз капитандарын сайлайды. Баскетбол алаңына бірінші үш бестіктің ойыншылары шығады. Бірінші бестік алаңның дәл ортасында тұрады. Қалған бестіктің балалары екі шығыршықтың астында шашырап жүреді.
Ойын мазмұны: ойынды бастауға берілген белгіден кейін ортадағы бес бала қолдарындағы допты бір-біріне лақтырып, бір шығыршаққа түсіруге тырысады. Егер түсіре алса, ойынды қайтадан ортадан бастайды. Допты шығыршыққа жетпей басқа топтың ойыншылары алып алса, ортадағы бестіктің ойыншылары олардың орнына барып, шығыршықты қорғайды.
Ойын ережесі: 1) доппен екі қадамнан артық жүгіруге болмайды; 2) асықпай қасындағы ойыншыларға допты жиі беріп, шығыршаққа жақындаулары керек; 3) бір-бірін итеріп қолдарындағы допты тартып алмауы тиіс.
Әдістемелік нұсқаулар: егерде алаңда баскетбол бағаны мен шығыршығы болмаса, онда ойнаушылар допты шығыршыққа емес, қалқанға соғып ойнауына болады. Ойыншылар киімдерінің түсі әр топта әртүрлі болғаны тиімді. Басқарушының қасында 2-3 көмекші болғаны жөн.
Ойынның педагогикалық маңызы: оқушылар баскетбол спортының ережелерімен танысады. Бірлесіп әрекет етуге дағдыланады.