68. Мырыш Ойын жүргізуші ортадағы орындыққа бір ойыншыны отырғызып, оның көзін орамалмен байлап, аузына тиын тістетеді де, сұқ қолымен кез келген ойыншыны көрсетіп «Мырыш» дейді. Осы кезде көзі байлаулы ойыншы ауыздағы тиынды бергісі келсе «мияу» дейді, ал бергісі келмесе, ойын жүргізушінің айтқан «мырыш» деген сөзін қайталайды. Сонымен көзі байланған ойыншы «мырыш» деген жағдайда жүргізуші көрсеткен ойыншы орнынан тұрады да, білдірмей келіп, көзі байлаулы отырған ойыншының аузынан тиынды тісімен тістеп алып кетеді. Ол білдірмей орнына қайта отырады. Осы кезде жүргізуші ортадағы ойыншының көзін ашып, аузынан тиынды алған адамды тап дейді. Көзі байланған ойыншы кім алғанын тапса, онда ол екеуі орындарын ауыстырады. Ал көзі байланған ойыншы тиынды кім алғанын таба алмаса, онда ортада тұрып өзі білетін өнерін көрсетеді. Сонан соң оның көзін қайта байлайды, немесе көптің шешуімен басқа ойыншыны ортаға шақырады. Көбінесе ойын қызықты болу үшін көзі байланған қыз болады, онда оның аузындағы тиынды алу үшін ер баланы шақырады, ал ұл болса, керісінше қыз бала болады.