116. «Қарамырза» Ойыншылар қатарласып отырады. Ойын басталмас бұрын белгіленген ереже хабарланып қояды. Біраз уақыттан соң жүргізуші ойыншыларға «ойнаймыз» дейді. Барлығы «ойнаймыз» деп қайталайды. Қатар отырған бірі екіншісіне: «Ассалаумағалайкүм, қара мырза!» – деп қалады. Сәлем алушы «Уағалайкумассалам», – дейді. Ал ойын тәртібі бойынша «Уағалайкумассалам, бірінші қара мырза», – деп жауап беруі керек еді. Олай қателесіп рет санды дұрыс атамаған адам жазаланады да, айып тартады.
Осылай шатастыру үшін қатар отырғандар бірін-біріне түрлі әңгімелерді араластыра отырып сәлемді аяқ астынан беріп қалады. Әр амандасу сайын қара мырзалардың саны екінші, үшінші, төртінші, т. б. болып көбейе береді, ал жауап берушілер «қара мырзалар» санынан жаңылмаулары керек.
Сөйтіп, аздан соң ойнаушылар дұрыс жауап бергендер – «дұрыстар» да, дұрыс жауап бермегендер – «бұрыстар» болып екі топқа бөлінеді. Содан «дұрыстар» «бұрыстарға» жаза белгілейді. Осылайша ойын қайта басталады.