6.9. Тұлға қалыптасуына орай тәрбиелік жұмыс салалары
Кешенді тәрбие үдерісінде келесі бағдарларды атауға болады: тән-дене, ақыл-ес, ізгілік, эстетикалық, еңбектік және кәсіптік тәрбие. Тәрбие жұмыстарының негізгі түрлеріне қысқаша мазмұндық сипаттама берелік:
Тән-дене тәрбиесінің мазмұны:
- адам ағзасын жетілдіру (белгілі болғандай, адамның оқу-үйренім, кәсіптік қызметі, барша өмір бағыты оның тән-дене қалпына тәуелді); ағзаны жетілдірудің мәні - қозғалыс және бұлшық ет, сүйек жүйесін, жүйке жүйесін дамыта отырып, адам денсаулығын сақтау және нығайту.
- дене мәдениеті мен жеке тән күтіну мәселелеріне орай шәкірттер білігін көтеру;
- өзіндік тән-дене тәрбиесі тетіктерін қалыптастыру, өз бетінше ерік, төзімділік, табандылық қасиеттерін дамытуға ынталандырып, өзі өзінен тәрбиелік талап етуге үйрету;
- нақты спорттық ептілік пен шеберлікті жан-жақты дамыту;
- өнімді еңбеккерлік, жүйке жүйесінің қалыпты сақталуы, шуақты көңіл-күй даруын қамтамасыз етуші кәсіби мәнді тән-дене сапаларын дамыту;
- тән-дене дамуы жоғары болған дарынды балалармен олардың қызығулары және бейімділіктеріне сәйкес жеке-дара тәрбие жұмыстарын алып бару;
Ақыл-ес-зерделік (интелекттік) тәрбиесінің мазмұны:
- адамның барша танымдық қабілеттері: түйсік, қабылдау, ес, ойлау, қиял, сөйлеу психикалық үдерістерін дамыту арқылы ақыл-ес өрісінің кеңеюіне жол ашу;
- ғылым, іс-әрекет, ортақтасу (общение) жөніндегі білімдерге орай шәкірттер ой-өрісіне дем беру;
- ақыл-ес іс-әрекеттерін өз бетінше ұйымдастыруға көмектесу;
- шәкірттердің жеке-дара ақыл-ес қабілеттері мен танымдық мүмкіндіктерін дамыту;
- шәкірттердің санасы мен өзіндік санасын дамытып, олардың шығармашыл ұмтылыстарын өрістете түсу;
- кәсіптік ойлау қабілетін қалыптастыру. Ақыл-ес тәрбиесі ең алдымен тәлім игеру және оқу-үйретім үдерісі негізінде іске асырылады.
Ізгілікті-инабаттық тәрбие мазмұны:
- адамгершілік тәрбиесі – сана, инабаттық сезімдер мен ізгілікті әрекет-қылық дағдыларын қалыптастыру;
- әдептілік тәрбиесі – ұнамды кейіп, мінез-құлық және қарым-қатынас ережелеріне баулу;
- елжандылық тәрбиесі – Отанға деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру, елі мен жерін, туған халқын қорғауға әрқашан дайын болуға баулу;
- ұлтжандылық пен ұлыстарды құрметтеу тәрбиесі – ұлттық қадір- қасиетті жоғары ардақтау сезімін қалыптастырумен бірге өзге ұлыстар мен ұлт өкілдерін сыйлай білуге үйрету;
- саясат тәрбиесі – қоғамда болып жатқан үдерістер мен мемлекет басқару жүйесіндегі оқиғаларға саяси талдау салуға баулу;
Аталған тәрбие салаларының әрбірі, өз кезегінде, төмендегідей міндеттерді қамтиды:
- адамның рухани бастауларына дем беріп, оның өзіндік болмысын, жер мен ғарыштағы өз орнын тануға ұмтылысын қалыптастыру;
- мораль-этика, саясат мәселелеріне байланысты ізгілік көздерімен жетік таныстыру (мораль мәні – адамдардың қоғамдағы әрекет қылығы, олардың өзіне, өзгелерге, қоғамға бағытталған қатынастар ережелері мен талаптарының жиынтығы, жауыздық пен қайырымдылық, жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, инабаттылық пен ұятсыздық шек-өлшемдері);
- өзіндік тәрбие арқылы мінез-құлығын өзбетінше реттеу-түзетудің адамгершілікке сай тетіктерін қалыптастыру;
- өз әрекет қылығы мен іс-қызметтеріне жеке жауапкершілік сезімдерін тәрбиелеу;
- адамның тәрбиелі пікір көзқарастары мен қарым-қатынасын қалыптастырып қана қоймай, оның болмысына сіңген сенім-нанымдарының орнығуына аса жоғары мән беру. Тыңғылықты сенім болмаған жерде адам өзі ұстануы тиіс идеяларды, тұжырымдар мен қатынастарды, өз әрекет қылығы мен мінездік бітістеріне қоса іске асыра алмайды.
Еңбек және кәсіптік тәрбие мазмұны:
- еңбек қажетсінуін қалыптастыру, өзі және қоғам үшін заттасқан және рухани құндылықтар жасауға қабілетті еңбеккер азамат тәрбиелеу;
- жалпы еңбектік білім, ептілік және дағдылар, еңбекке болған ұнамды да саналы, шығармашыл қатынас қалыптастыру;
- еңбек және өндірістік қызмет, экономика-құқық салаларына орай кәсіби- ағарту жұмыстарын жүргізу;
- еңбек және кәсіби қызмет бағытында өзбетінше тәлім игеріп, үйрену тетіктерін дамыту;
- кәсіби бағдарлау, яғни жоспарлы кәсіп таңдауға дайындау, нақты еңбек түріне қызығушылық қалыптастыру;
- кәсіби өндірістік еңбек негізінде шәкірттердің кәсіби тәлімін көтеру;
- кәсіби-құқықтық тәрбие – еңбек және өндірістік қатынастарға байланысты жастарға құқықтық күшіне ие заңдар мен талаптар жөніндегі мәліметтерді ұсыну;
Достарыңызбен бөлісу: |