Мұратбекқызы Алтынай
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университеті қазақ
әдебиеті кафедрасының магистранты
МҰХТАР ӘУЕЗОВ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ ТАРТЫС
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі рухани серпіліс қазақ сөз өнеріне аса дарынды үлкен шоғырды сыйлады. Алаш қозғалысы, оның тәуелсіздікке ұмылған қарқынды қадамдары, ұлт санасын оятудағы игілікті істері, жігерлі ұрандары – қазақ әдебиетінің даму бағытына да оң ықпал жасағаны баршамызға мәлім. Қоғамдағы алаштық идея – жаңа мазмұндағы сөз өнерін қалыптады десек, соны сипаттағы әдебиеттің аса дарынды өкілі ретінде Мұхтар Әуезовті атайтынымыз кәміл.
Қазақ сахарасы қашан да өзіндік өшпес орны бар таланттарға кенде емес. Соның бірі – бойында қаламгерлік таланттың, шалқыған шабыттың жалыны бар тұлға – Мұхтар Әуезов. Оның туындылары өз заманының келбетінен сыр береді және сол дәуірдің ағымымен түрлі тағдырды арқалаған адам өмірін сипаттайды. Мұхтар Әуезов туындыларына уақыт өзі өлмейтін нұр дарытқан, себебі әрбір шығарма халқына деген ерекше махаббатынан туған. Суреткер шығармаларындағы қорғансыздар тақырыбы – ең негізгі тақырып. Байырғы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық, отаршылдық, жалпы айтқанда қорғансыздар күні жазушы шығармаларының өзекті мәселесі. Алайда жазушы тәуелсіздікке ұмтылған халықтың қаншама қорғансыз болғанмен, рухтары мықты, намысқор екенін әр шығармасында көрсетіп отырған.
Негізінен Мұхтар Әуезов әңгімелері трагедияға құрылған. Шығарма тақырыбы, оқиға барысы, сюжеттік желісі, кейіпкерлер арасындағы тартыста қарама-қайшылықтар кездесіп отырады. Аталмыш әңгімелерінде зұлымдық, жауыздық, озбырлық үстемдікке шығады. Бас қаһармандар қайғылы халге ұшырап, оқиға трагедиямен аяқталады.
Жазушылық жолын драматургиядан бастаған және оны өнерінің өзге салаларымен қатар жарыстыра, өмірінің аяғына дейін дамыта жетілдіріп, құбылта құлпыртып әкелген Мұхтар Әуезов 1921 жылы «Қорғансыздың күні» әңгімесін жазды.
«Қорғансыздың күні» оқырманның көз алдына байырғы қазақ ауылындағы кедейлер өмірінің бір көрінісін тамыр-тереңінен қопарып әкеліп, бейшара, қорғансыз жандардың тұрмыс-тіршілігіндегі жан түршігерлік азап пен ауыртпалықты аса шыншылдықпен әсерлі баяндайды. Қорғансыздар тұрмысы неткен ауыр! Егер бүгінгілер өз отандастарының күні кешегі осы халін білмесе, қазіргі жайын да жете бағалай алмас еді. Бұл ретте «Қорғансыздың күнінде» зор тәрбиелік мән жатыр.
Әңгіме аса әсерлі табиғат суретінен басталады: «С. қаласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қатынасатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жатқан керуенге Арқалық алыстан көрініп дәмелендіріп тұрады. Жолдың аузында созылып жатқан көлденеңі он шақырымдай, бірақ ұзыны тәуір болғанмен енсіз кереге сықылды жалғыз жал. Не бауыр, не сыртында ықтасын жер жоқ. Арқалық жағадай жалғыз болған соң, қыс күнінде жел терісінен соқса да панасы болмайды. Қыстың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қылып тегістеп тастайды» [1, 5].
Жазушы даланы соншама қатігез етіп суреттеуі тегін емес. Қазақтың жадау күйін, оған жаны ашымастық қыстан жаман қысып жіберген хал-ахуалын бейнелеуге бұл сурет оқушыны даярлайтындай.
Алыстан қарағанда да бұдыры жоқ жалаңаш, көруге аса көңілсіз Арқалықтың осы түрі оқырманды бірден-ақ бір түрлі оқыс, оқшау сезімге салып, сүреңсіз табиғаттың әлдеқандай бір беймәлім сырынан секем алғызады. Құлазыған құла тұз, жалаңаш жон, қаһарлы қыс, бұрқаған боран... Бұл өңірдегі табиғаттың осы көрінісінің өзі-ақ әлдебір жұпыны, жоқ-жітік халдің хабаршысындай адамға ауыр ой салады. Сонда бұл сурет тек қана табиғат көрінісі емес, сол кездегі заман сипаты, адам тағдыр-тірлігінің түрі тәрізденеді.
Күшікбай туралы аңыздан кейін әңгіменің негізгі арқауы басталып, өріле береді: қаңтар айының батар күні дүниені қызыл сәулесіне бөліп, тағы да оқырман көз алдына өзгеше сурет жаяды: «Күнге жақын тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған темірдей қып-қызыл» болса, одан алысырақ тұрғандары «асыр нұрдың буын ғана жалатқандай». Бұл бұл ма, «күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген», тіпті «күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар да күн астында қызғылттанып көрінеді».
Енді міне, «Күшікбайдан асатын қара жолдың үстінде Арқалықты бетке алып, қала жақтан бір пар атты келе жатыр. Жайдақ сары шанаға биіктеп салған жеңіл жүгі бар, жақсы киінген екі жігіт» [1, 7]. Екі қоңыр аттың қажығандығын білдірмей көшір божы қаққан сайын «ығыса жөнеліп, сар желіп» келе жатқанын суреттеген жерлерді оқығанда, дәл осы шана үстінде бейне өзіңіз отырғандай боласыз. Қар үстінде жайлы жылжыған жайдақ шананы қос қоңырдың божы қағылғанда жылдам тартып, ызғыта бере «жөнелгені» соншалық түйсіндіреді. Мұндағы сурет те жадағай емес, дәл жазушы өзінің кенеулі ойын, керек суретін беретін орамдар мен детальдарды ғана таңдап алған.
Бұл панасыз жерді мекендеген Күшікбай батырдың ұрпақтары кедей-кепшік қонысы бес-алты үйдің қыстауы. Жазушы осы ауылға бет бұрған екі жолаушыны суреттейді. Біреуі болыс Ақан мырза, екіншісі оның жандайшабы Қалтай. Екеуі де оңып тұрған жандар емес. Ақан мырзаның бойын құмарлық билеген. Қалтай соны біліп алған, кезекті жемтігі етіп он екіде бір гүлі ашылмаған Ғазизаның үйіне әкеліп түсіреді...
Осы кім, қандай адам? Білу қиын емес, мына үзіндідегі жанды портретте бәрі сайрап тұр: «Бұл жігіттің жасы отыз шамасында. Орта бойлы, дөңгелек денелі, қысқалау мұрынды, шоқша сақалды сұрғылт беті дөңгелек, жалпақтау. Суық қарайтын қисық біткен кішілеу өткір көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар. Кішкене мұрны көз-қабағына үйлеспейді. Бұл адамның күлгендегі пішіні құмарлыққа көп салынғандығын білдіріп тұрады».
Ақан болыстың сыртқы пішінінен ішкі сыр-бітімі ап-анық көрініп қалады. Қасына ерткен серік қосшысы Қалтайдың мінезі мен ісі де Ақанға ұштастырыла көрсетілген: «Ақанның түндегі жүрісіне өте ыңғайлы, әрі жылпос, әрі тілді ер жігіт еді».
Сырты жылтыраған Ақан мырзаның мінез-құлқы осылай ашыла келе тіпті тірі адамдай тұлғаланып, дараланады.
Ақанға сыртқы түрімен де, ішкі сырымен де қарама-қарсы образ – Ғазиза-ақ уыс бұл секілді жүгенсіз нәпсі, көзсіз құмарлық құлынан. «Сыпайы, нәзік өскен Ғазиза жіңішке, сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар, дөңгелек ақсұр жүзді. Ғазиза көрген көзге алғашқы жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас. Жалғыз-ақ ұяң, жұмсақ қарайтын қара көзінде және ылғи шытынған, кірбіңдеген қабағында қалың уайымның салған ізі бар. Пішіні мұңды, жүдеу. Жас басына орнаған қайғы, жүреген жеген дерт сыртына шығып тұр».
Уыз жас Ғазиза, оның басындағы қайғы-қасірет оқырманға ерекше әсер етеді де, оқырманның ықылас-назары осынау жас қызға ауады, онымен қалтқысыз ұғысқан сыралғы дос, оны есіркейтін қорғаныш, оған қамқор серік боп кетеді.
Ғазиза басындағы ауыр уайым не? Жазушы оны да жан-жақты ашып, енді оқырманды Ғазизаның сыртқы түрінен ішкі сырына алып енеді: Ғазизаның «уайымы осы үйдегі үш әйелге ортақ болған жесірлік, жетімдік. Бұлардың басынан тағдырдың дауылы жаңада ғана соғып өткен. Қораның алдындағы жас бейіттер сол дауылдың салдарынан туған. Бұл әйелдердің қуаныш-қызығы да, үміт-қорғаны да сол суық қабірге өліктермен бірге көмілген. Ол қабірде жатқан Ғазизаның әкесі Жақып және жаны туысқан жалғыз кішкене бауыры Мұқаш... Иесіз қорада қуатсыз, қорғансыз үш әйел құлазып зарлап қалғанда, маңайына жиналған көрші-қолаң ғазиздердің сүйегін суық қабірге бергенін ойлағанда, әрқашан Ғазизаның жүрегі шаншып, өңі қашып, көзінен ыстық жасы тамшылап кетуші еді» [1, 11].
Жан түршітер ауыр хал, қатал шындық. Адам бұл тұста алуан сезімге түседі, сан түрлі ойға шомады. Тағдыр неткен қатал? Қорғансыздар тұрмыс-тіршілігі неткен ауыр? Тағдыр талқысы қандай шытырман!..
Осы аянышты халге кеудесінде жүрегі бар адам бір тебіренбей өтпес еді. Ал, Ақан болыс ше?
Ақан болыс бұған міз бақпайды. Сексеннен асқан кәрі кемпір, соқыр келіннің қасында отырып, «тақырлау сұйық қабақтың астынан көрінген кішкене өткір көздерін қажыған салқын жанармен жалтылдатып» қойып, өздерінің адам айтқысыз ауыр тағдырын шешіле баяндағанда Ақан түк шімірікпейді, ойы құла далада: «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» дегендей...
«Жас күнінен бір үйдің түгелімен еркелетіп, алақанына салған баласы. Еш уақытта қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқытқан емес. Жүрегінде ар-ұят та, жігер-намыс та бірге өскен. Кедейлігінен, қорғансыздығынан басқа міні жоқ, салмақты, таза тәрбиелі бала бұл күнде сол не көріп отыр?» Жас қыздың Ақан әлеміне қарсы күші жетпейді. Соның құрбаны болды. Бар қарсылығымен намыс оты билеген қыз бұл өмірден өлім арқылы қоштасты. «Жауыздықтың жас құрбаны қасіретке толы өмірінің азапты ақтүтегінен адасып, өлімі мәңгі толас тапқандай» [1, 22].
...Ғазиза әкесі мен бауырының қабіріне барып үсіп өледі .
Өмірінің соңғы сағатында Ғазиза – мына қорлық сұмдыққа қандай қылығы үшін тап болғанын – көк аспанға, адамдарға ашына сұрау салады. Сонда да өмірінің ақтық минуттары да ол сұм тағдыры зұлымдығын кешірген секілді. Балалық жүзінде «Менде жазым жоқ, мен тазамын», - деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар», - деп аяқталады әңгіме.
Тегінде, шын мәніндегі нағыз үлкен талант өзінің өнер өрісінде жаттығу жасап, онша ұзақ күйбеңдейтін болса керек. Әуезовтің осынау алғашқы әңгімесінің өзінде өзгеге ұқсамайтын өзіндік мәнер-машығы бар; кібірткісіз көсіле жөнелген жорға қаламның ізі сайрап атыр. Мұндағы шұрайлы тіл, шырайлы стиль, дараланған адам характерлері, нәзік лиризм, терең психологизм нәтижесінде, нақты әлеуметтік ортаның айқын сипатын беретін таза, мөлдір шындық Сәбит Мұқановтың дәл айтылған тұжырымын сөзсіз растайды: «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесін Мұхтар шын мағынасындағы европалық прозаның дәрежесіне көтерді» [2, 255].
Әңгімені оқып шыққан оқушы үлкен ойға шомады. «Бұл үйелмен ғана ма қорғансыз? Иісі қазақ қорғаны кім?», - деген сауалдар еріксіз мазалайды. Осындай үлкен мәселе көтерген жас жазушының кең құлашына, сезімнің, ойдың небір нәзік иірімдерін соншалық бай тілмен дөп басатын шеберлігіне қайран қаласың. Мұхтар Әуезов әңгімелерінен біз қазақ елінің сол кездегі хал-ахуалын айнадай көреміз. Ол айнадан алдымен қазақтың жабырқау жүзін көреміз.
«Кім кінәлі?» деген әңгіменің бас кейіпкері Ғазиза бойжеткен қыз. Ол атастырған күйеуіне тигісі келмейді. Өйткені Ісләм деген жігітіне ғашық. Ата-бабаларының дәстүрін бұзғаны үшін Ысмайыл ақсақал қызы мен әйелі Қалиманға қатты ашулы. Бірақ көшпенді жұртта әйелдің орны бөлегірек. Мұны жас жазушы айнытпай суреттейді. Қыздың өз тағдырын өз қолына алғысы келетіні көшпенді елдің ерекшеліктеріне байланысты еді.
- «Өсіргенің, асырағаның адыра қалсын! Балаға жақсылық үйрететін ақыл бар ма? Сенің ақылың емес пе осыған жеткізіп отырған! Сенен басқа өзің теңдес кісіде кімнің қызы бүйтіп бұзылып, ел-жұртқа жаманаты шығып еді? Осы елде сенен ақымақ шеше, сенің қызыңнан антұрған қыз көрдің бе? Айтып бер деймін соны, құдай ұрғыр!» [3, 87] - деп зекіген шалына Қалиман жауабы даяр.
- Бишара-ау, - дейді ол шалының мүсәпірлігін бетіне басып, - өз балаңды өзің айттың ғой. Менің Ғазизамдай кімнің қызы бар екен осы атырапта?! Патшаның, ханның қызы қандай болса, менің балам да сондай. Кінәсі – қатыны өлген кәрі күйеуге бармаймын дейтіні ме? Ол үшін балам жазықты емес. Тіпті қас-қабағыңа қарап үндемейін десем де қоймадың ғой, өл де маған!»
Бұл диалог қазақ тұрмысында ана рөлі әу бастан асыл болғандығына айғақ. Шығыстағы көп халықтардан өзге әйелдер өздерін еркінірек ұстайды. Сондықтан күйеуімен тең сөйлесіп, пікірін айтуға жасқанбайды.
Ғазиза Жақыпқа қосылғысы келмейді. Жақып Ғазизаның жеңгесі Айшадан сәлемін айтып жібереді. «Осы айтып отырғанымның бәрі де қалжың емес, шын сөзім. Менің сөзімді елеп, ескеретін болсаң, шақырып кел! Одан бөтен тілейтін тілегім жоқ. Көңілсіз болса, Ғазиза қайта кетер. Алып келіп, менімен сөйлестір», - дейді. Ғазиза Жақыппен кездесіп, оны жақсы көрмейтінін айтып кеткісі келеді. «Саған жолдас болғым келмейді. Осы істің бәріне көніп жүрсем – әуелі тағдырдың, екінші ата-ананың зорлығымен ғана жүрмін. Ісләмді жақсы көретінім рас, құдайдан жасырмағанды адамнан жасырайын ба!?» [3, 98] - дейді Ғазиза.
Жақып қалыңдығының барлық сөзін естігеннен соң, ойға түскендей болып, үндемей отырып қалады. Басына келген ой тәкаппарлық көрсетіп, ірілікпен келген қыздың мінезіне не істесе лайық, соны іздеп еді. Жақыптың ойынша: Ғазиза Ісләммен істеп жүрген ісінен ұялудың орнына бұған келіп, соның үйреткен ісін айтып, менсінбеймін деп тұр. Бұлардың ісі – Жақыптың аруағын сындыру, ел-жұртқа масқаралау. «Жақыпты Ысмайылдың қызы менсінбейді, оқыған жігіт Ісләмға кетіпті» деген сөзді елге жайғалы отыр. Ысмайыл да, Әзімхан да кеше Жақыптың әкесінің ығында жүретін әлдекімдер. Бүгін Жақыптың тұсында солардың бірінің қызы, бірінің ұлы масқаралап, мазақтап отыр. Бұл қорлықты көтеруге болмайды... Жақыптың аз іркілген уақыттағы ойы осы.
Жақып қыздан қарсылық сөзді естіген соң, бұдан арғы ірілікке шыдай алмай, орнынан ұшып тұрып, Ғазизаның қолынан қатты жұлқып, кеудесіне жұдырықтап: «Сен мені қалай басынасың, емексіткенде асқақтап кеткенің бе?» - деп жығып салып, жұдырықтап, тепкілей бастады.
Өмір бойында ешбір жаннан мұндай қаттылықты, мұндай тұрпайылықты көрмеген Ғазиза бір жағынан қорланып, ызаланып, өксіп жылап, бір жағынан қатты ашу қысып, Жақыпты сол минутте барлық жас жүрегімен өлердей жек көріп: «Өлтірсең де тимеймін! Саған қатын болғанша, қара жерге кіргенім артық! Қасыңа жатуға жиіркенем! Қайт дейсің?» - деп Жақыптың дамылсыз ұрып жатқан соққысының астында қарсылық сөзінен тыйылмады.
Келесі күні ол қатты сырқаттанып жатып қалады, аз уақыттан кейін дүние салады.
«Ішінен шыққан әке-шеше дозаққа салған соң, енді кімнен көмек табады? Кімге жылайды? Кім сүйейді? Осы ойлар басына келгенде, Ғазиза өмірдің барлық тірегінен айырылғанын сезді. Ұйықтаған ауылда жалғыз ояу жан-тыныштық алған дүниенің ортасында жалғыз өзі болғандықтан, Ғазизаның жүрегі жетімсіреп, жалғыз моладай құлазыды.
Осы күйде тағы бірталай заман өткен соң Ғазизаның денесі қатты тоңып, қалтырай бастады. Бұл уақытқа шейін ашумен көз жасына бойын билетіп тұрғандықтан, денесіне салқын желдің жұқа көйлегінен өтіп тұрғанын да ескермеп еді. Және отаудан алғашқы шыққан уақытта жатып қалған үйлердің ешқайсысына барғысы келмей, таң атқанша тыста тұруды жөн көрген». Табиғатынан нәзік қалыпта берілген қыз-ару тек алақанда аялауды ғана тілесе керек-ті. Бірақ қатал тағдыр үнемі жылы құшағын аша бермей, сырт айналатын кездері де болады екен. Сондай қатулы уақыт уысына Ғазизаның өмірі түскен сияқты. Ғазиза әбден қиналды. Жан жарасы одан әрі тереңдеді. Сүйікті жан, бақытты өмір, шаттық пен күлкі – көкейдегі түпсіз тұңғиық арман болып қалды.
Дәл қазіргі келбеті кешегі ақ жарқын Ғазизадан мүлдем басқа. Гүлдей құлпырған шырайлы жүзі солғын тартып, өңі қуарып кеткен. Атқан таң нұрын емес, мұңын одан сайын ұлғайтқандай. Сол мұң көзінің жасын көлдей қылды. Әке-шеше зорлығы, залым адамның зомбылығы жанына қатты батты. Батқан сайын әдемі қара көздер ащы зардың жасына толды. Айналадағы мүлгіген тыныштықты тек Ғазизаның көз жасының аққан дыбысы ғана бұзып тұрғандай.
«Отырған жұрттың бәрі бірінен-бірі қарасып қойды, үндеген жоқ. Сол түні таң ағарып атып келе жатқанда жас Ғазиза жылап-сықтап мұңайып отырған әке-шеше, ағайын-туғандарының ортасында үзілді. Сұлу түсі ақырғы өлім сағатына дейін қызыл гүлдей жайнаған әдемі көркінен айрылған жоқ еді. Қазірде түсі тастай болып суынып, бетіне көкшіл таңба жайыла бастады.
Ғазиза жақындарына жұмбақ болған өліммен дүниеден қайтты». Иә, «Қыздың жолы-жіңішке» деген сөздің шынайы келбеті көрінген секілді. Тағдыры талқыға түсіп, бас бостандығы мен өзіндік еркіндігі өзгелердің үкімінен шешім тапқан байғұс қыз өмірден өксіп өтті. Өксіп өтудің де реті бар еді. Әке-шеше, ағайын-бауыр түсіне алмаған қыздың жан-дүниесі енді кімнен шешім таппақ? Жан сарайы ащы зармен лайланып, шемен боп қатты. Іштегі күйік аз болғандай, сұм Жақыптың тепкісі «жығылғанға жұдырық» болды. Сөйтіп кеудедегі жалын-арман, от-сезім су сепкендей басылып, жанардағы ұшқын бір мезетте өшті. Айналасын шарпып кететін ерекше көрік те өз табиғатынай айырылғандай.
Мұхтар Әуезов осылайша, даланың кең мінезін тарылтқан тәртіпке наразылық білдіреді. Ол патриархалдық тұрмыстың жақсылыққа баспайтын тоңмойындығына да қарсы. «Ғазизаның өлімі Ісләмнің сиқырынан улы болыпты» - деген өсекті Жақыптың ауылы таратса, бұл да керенаулық мінезден. «Надан елдің көбін бұл сияқты әңгіме сендіретін бір себеп – бұл сөздің ортасында мінезі ұғымсыз, жүріс-тұрысы белгісіз оқыған жігіттен болғаны еді». Ісләм өз ауылынан қалаға кететін болады. Кетіп бара жатқанда жігіт арбасын тоқтатып, түсіп Ғазизаның бейітіне қарай беттеді... «Жүректі жанышқан ыстық дертпен қолы дірілдеп, құранның бір бетін ашқанда, әуелгі екі-үш бетінде Ғазизаның қолымен жазылған Ісләмнің аты тұр екен. Ісләм жазулы жерді қайта-қайта сүйгенде, көзінің жасы ыршып, қолынан құран түсіп қалып, Ғазизаның қабырын құшақтай жығылып, өкіріп жылай бастады» [3, 106].
Осылайша, жазушының «Кім кінәлі?» әңгімесі көңілсіз аяқталады. Кінәлінің кім екендігін тек әрбір оқырман ғана анықтамақ.
Байырғы қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздік, әділетсіздік, озбырлық туралы, адамдар арасындағы қым-қиғаш қайшылық, әйел басындағы ауыр хал, айықпас мұң, қайғы хақында жазушы сол жиырмасыншы жылдардың жемістері «Қорғансыздың күнінен» «Қараш-қараш оқиғасына» дейінгі екі аралықта тағы да бір алуан әңгімелер топтамасын жазды: «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу», «Жуандық» т.б. Өгейлік, өктемдік құрбаны болған қорғансыздар тағдыры бұл әңгімелерде де қатал реализм арнасында үлкен суреткерлік күшпен бейнеленеді.
Тозығы жеткен кертартпа әмеңгерлік салтқа лағынет айтып, өзін зорлап қоспақ болған кәрі шалдан қашып жүріп ақкірпік боранға ұшыраған Рабиға («Қыр суреттері»), сүйген жігіті Ісламға қосыла алмай, Жақып болысқа әйел үстіне баруға көнбегені үшін соққыға жығылып, дертке ұшырап, құсадан өлген Ғазиза («Кім кінәлі»), өзі сүймеген кісіге тұрмысқа шығуға үлкендердің күштеуімен амалсыз көніп, соның күйігінен көзі жасқа, көкірегі шерге толған Жәмила («Сөніп-жану»), дүниеқоңыз, безбүйрек ағайынсымағы Иса мен оның «ұрысқақ долы қатыны Қадишаның» өгейлік тепкісіне төзе алмай жанжалдасып шығып, қараңғы түн ішінде ата-анасының зиратын іздеп келе жатып, үрейі ұшып өлген он жасар кішкене Қасым («Жетім»)... Осылардың бәрі өзара тағдырлас: бірінің бейнесін бірі толықтырып, бірінің мінезін бірі тереңдетіп тұрғандай.
«Тақырыбы ортақ, сюжеті желілес осы әңгімелердегі ұнамды кейіпкерлерді бір жерге жисақ, бәрі қосылып, «ескілік көлеңкесіндегі» «қорғансыздың» аянышты ауыр халін әр қырынан әсерлі танытып қана қоймайды, сол ескіліктің еңбек адамдарын еркінен айырып, қараңғы қапас түнекте тұншықтырып абақты екенін, одан құтылудың жолы біреу-ақ, ол тек қана азаттық үшін айқас екенін аңғартады. Бұл, әрине, шыншыл суреткердің шындықты шынайы суреттеуінің күші деп білген жөн» [4, 250], - дейді академик Зейнолла Қабдолов.
Десек те, дәл осы арада сыншыл реализм әдісінің осындай күштілігімен қатар осалдығы да ап-анық көрініп тұр: осынау зәбір көргендер мен жапа шеккендер қанаушылар қиянатына қанша ашынғанмен, кейде тіпті ашуға мінгенмен, оларға қарсы бел шешіп күресе алмайды: бас кейіпкерлердің бәрі дерлік өз қарсыластарымен батыл тіктесе алмай, көбіне құлап түседі, өздерін құрбандыққа береді.
«Трагедия – драматургияның қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы, қат-қабат өмірдің объективті қайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі тұлғаның қайғы-шері, мұң-ызасы эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен оқырманға (көрерменге) берілетін, болмыстың қаны сорғалаған сұрапыл шындықтарын айқара ашып, қопара бейнелейтін іргелі жанры» [5, 38], - дейді академик Рымғали Нұрғали «Трагедия табиғаты» атты оқулығында. Әрине қалыпты өмірдің өзіндік тілек, талап, шарттары мен тарихи, трагедиялық тұлғаның мақсаты арасындағы күрес, конфликт, тартыс атаулының әр қоғамда, әр дәуірде, әр әлеуметтік, ұлттық ортада сан алуан форма, көрінісін тудыруы – объективті заңдылық. Осы анықтамалар негізінде ұлы суреткер шығармаларына назар аударсақ:
Келесі бір әңгіме «Жетімде» дүниеқоңыз, безбүйрек ағайынсымағы Иса мен оның «ұрысқақ долы қатыны Қадишаның» өгейлік тепкісіне төзе алмай жанжалдасып шығып, қараңғы түн ішінде ата-анасының зиратын іздеп келе жатып үрейі ұшып өлген он жасар кішкене Қасым жетімдігі баяндалады.
«Жаз ортасының қоңыр кеші. Ұлытаудың бөктерінде кештің қоңыр салқын желі еседі. Күн батып, ымырт жабылып барады. Күнбатысты қалың қара бұлт басқан, айналада күңгірт тартқан төбелер қоңырқай тартып, түн тыныштығына қарай бой ұсынған сияқты» [1, 51], - деп «Жетім» әңгімесін оқи бастаймыз. Он жастағы тұл жетім Қасымның өне-бойыңды шымырлататын бейшаралық халін жазушы осылай елестетеді: кеш те қоңыр, жел де қоңыр салқын төбелер де қоңырқай тартып барады. Тыныштыққа қарай бой ұсыну да бар.
«Он жасар Қасымның бұдан бір жыл бұрын кәрі анасы өліп еді. Одан жарты жыл бұрын өзін туған әке-шешесі өлген… Өз әке-шешесі өлгенде Қасымның кішкентай әлсіз басы тағдырдың бұның басына келерлік барлық соққысын түгелімен көріп шыққан. Алдыңғы өлімнен кейін жарты жыл өткенде кәрі әжесі өліп еді. Бұрынғы бала – бұрын еркелікпен жылайтын Қасым әжесі өлген күні шын қайғымен жылап еді. Басына аспан құлағандай уайымды сол күні көріп еді». Тағдыр кішкентай байғұс балаға сондай қатал мінез көрсетті. Аранын аждаһадай ашқан өлім Қасым туыстарын бірінен кейін бірін жалмады. Баланы шын жетім етті. Ата-ана, кәрі анасы, бәрі, бәрі қара жер құшағына енді. Тек Қасым ғана жарық күнді көруде. Бірақ – қу жалғыз. Осы жалғыздық, панасыздық бала жүрегін ауыртты. Сәби жаны, кішкентай жүрегі үлкен қайғыға душар болды. Шығарма оқырманды толқытып, тебірентеді. Бұл жерде біз тағы да жазушы шеберлігіне тәнті боламыз.
Қасым ұйықтаса, бақытқа жеткендей болып, өзін алдына алып сүйіп уатып, көзін сүртіп жүрген әке-шешелерін көреді. Бәрі де «біз тіріліп келдік, енді өлмейміз... Сен қорғансыз емессің, сен жыламайсың, сенің көз жасың бізді қайтып алып келді...», - деуші еді. Қасым түсінде еркелеп, әжесінің төсін иіскеп, «мені неге жылаттың?» - деп өкпе де айтатын.
Бірақ күндер өтті. Қасым жетім болды. Жетімдік бұған өзінің барлық суық пішінінде емін-еркіндігін танытты. Қатал тағдыр мықты қолымен қатты ұстады.
«Күннен күн өткен сайын, әжесі келмейтін болып, алыстай бастады. Оның бейіті Ұлытаудың бөктерінде алыста қалды. Ауыл тау асып көшіп кетті. Әжесі тірі болған күн Қасымның көңілінен сұлу сағымдай, жазғытұрғы мамық түсті бұлттай болып, қайта оралмастай боп жоғала бастады. Әжесінің мұны уатып айтатын ертегісі, кешкі мезгілде алдына алып, күпісіне орап отырып, тербетіп айтатын сезімді қоңыр әні де жоғалды. Өшті, Қасымның үмітті де жарық күні де батты», - дейді автор. Бәрі де әсемдігін жоғалтқандай. Әжесінен айырылған Қасым үшін дүние өз құндылығынан айырылғандай. Әжесін өз құшағына алған тау бөктері алыстаған сайын, оның бал-бұл жанған бақытты кезі, кәрі анасының бауырында жатып, тыңдаған әсем әні де құлағынан кетіп бара жатқандай. Өмірдің оты өшкендей, баланың жанарындағы жарық та сөнгендей.
Қасым – қорғансыз. Бірақ ол қолынан келген қарсылығын жасады. «Мені мұндай сорлы қылғандай не жазып едім?.. неңді жеп едім? ! Жазығым – қуарып қалған жетімдігім бе?» - деп жерде жатқан тасты ала салып, төніп келіп қалған Исаны тізесінен періп кеп жіберіп, далаға қарай қаша жөнеледі. Қасым жас бала, дәрменсіз. Өзін қорғай алмады. Алайда біз оның бойынан өршіл сезімдердің ұшқынын сезгендей боламыз. Жазушы идеясы да осыны меңзегендей.
Ата-анасынан ерте айырылған Қасымның бөтен бір ағайынсымақтан көрген моральдық, материалдық жәбірі аздай, зират ішінде де әлдебір құбыжық оның зәресін соншалықты ұшырып еді. Қасымның жан тапсырар сәтін жазушы да бар қорқынышты суретпен береді: «Сол уақытта жаңбыр бұлты тауға таман жақындап, жел қатаңдап, күннің күркірегені жиілеп тұр еді. Күн әдетінше жарқ етті» [1, 57]. Автор табиғаттың қаталдық көрсеткен көрінісін көрсете отырып, оны бала өлімімен тікелей астастырып, психологиялық егіздеуге бой ұрады. Жазушы табиғат тарапынан Қасымның қаралы қайғысына өз көңілін білдергенін айқын суреттейді. Сүреңсіз қалған жаз жадыраған қалпынан тайып, өлім құшағына кеткен жандарға иман тілеп, артта қалған жетімге пана бола алмай, жанарына жас үйіреді.
«Сонда үш жолаушы алдарындағы ағашқа сүйеніп жығылып, қатып тұрған баланы көрді. Басында бұлар шошып, аттары да үркіп атып кетсе де, артынан оралып дыбыстап, әлгі жерге қайта келді. Бұлардың көп айқайына ешкім дыбыс бермеді. Аздан соң аттан түсіп, қасына келіп қараса, жыртық киімді, өңі кұп-қу болып, қаннан айырылып жүдеген он-он бір жасар бала екен. Ол – өлік. Бірақ денесі әлі түгел мұздап та болған жоқ екен...», - деп әңгіме аяқталады.
Жазушы трагедияға негізделген бала өмірінің соңғы сәтін қыры да, сыры да күрделі шеберлік шеңберінен шыққан сөздермен береді. Оқиғаның түгел мазмұнының идеялық пердесін ашатын, оқырманның көңіліне ой салатын шешімге жол салады. Автор шығармадағы оқиғаларды бір-бірімен байланыстыра отырып, бас-аяғы бүтін ширақ, ең бастысы – эмоциональдық әсері өте мол көркем дүние болып танылуына айта қаларлықтай септігін тигізген.
Түйіндеп келсек, осы сөз болған әңгімелерді жанрлық тұрғыдан қазақ әдебиетін байытқан шығармалар деп нақты айта аламыз. Бұл психологиялық, енді бірі – әлеуметтік, екіншісі – философиялық т.б. Барлығы да адам жанының қалтарысын, сезім құбылыстарын, замана шындығын, қоғам өмірін көрсетуде жанрлық жағынан әр тарап болып келіп, қазақ әдебиетінің дамуына әлемдік, қала берді, классикалық деңгейге көтерілген шығармалар. Мұхтар Әуезовтің жиырмасыншы жылдардағы әңгімелері әлем әдебиетінің озық ойшылдарының шығармаларымен сусындай отырып, келелі ой, келісті мазмұнның түп қазығы іспетті болды.
«Қорғансыздың күні» мен «Қаралы сұлу», «Жетім» мен «Кім кінәлі?» сынды көре-көре көңілді де көнтерілендіріліп жіберген тым қазақуар қырсықтар мен әлеуметтік кеселдерге бұрын-соңды қазаққа тән бола қоймаған атымен соны көзқараспен, шымырлаған сезімталдық пен шыңғырған азаматтық шамырығу тұрғысынан зерделенген зергерлік туындылар еді» [7, 3], - дейді жазушы Әбіш Кекілбайұлы.
Трагедияның маңызды сипаты: басты кейіпкер үлкен қателік жіберіп, зор адасуға ұшырайды. Бұл әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдық қарым-қатынастар тудыратын, кейіпкердің өз еркінен тыс, оның идеал-мұраттарын күйретіп, мақсатына жеткізбей мерт қылатын зауал іспетті тағдыр, жазмыш бұйрығы тақылеттес ерекше ситуациялардан шығады.
Сөз жоқ, трагедиялық қателік, адасу қаһарманды әуре-сарсаңға салады; ол басын тауға, тасқа соға жүріп, мақсатына ұмтылады, бірақ ақыры өзінен әлдеқайда сұрапыл күштер соққысынан мерт болады. Реалист суреткер қаһарман өлімінің ішкі мәнін, объективті себептерін көркемдік құралдар арқылы аша білді.
Ұлы жазушының шығармаларында бейнеленген негізгі тартыс – әділет пен зорлық, тұтастық пен алауыздық, білім мен надандық, махаббат пен ғадауат майданында түптің түбінде жарқын өмірдің, нұр сәуленің, береке-бірліктің жеңетінін мадақтаған, өзі құлай сүйіп, сол жолға барлық қайрат жігерін, өр талантын, саналы ғұмырын арнаған – қазақ халқының өрісті келешегі мәңгілік деген асқақ арманды үміттің оты маздап жанып тұр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әуезов М. Әңгімелер. Алматы: Жалын, 1987.
2. Қабдолов З. Таңдамалы шығармалар. (Екі томдық таңдамалы шығармалар) 1-том. Алматы: Жазушы, 1983.
3. Әуезов М. Қорғансыздың күні. Алматы: Атамұра, 2002.
4. Қабдолов З. Әуезов. Алматы: Санат, 1997.
5. Нұрғали Р. Драма өнері. Алматы: Санат, 2001.
6. Нұрғали Р. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана: Күлтегін, 2002.
7. Кекілбайұлы Ә. Кемел. // Егемен Қазақстан. 28 қыркүйек, 2007 ж. №306
Алаш тарихы – жаңаруға ұмтылған, тарихи сабақтастықты үзбеген, білім мен елшілдік басым бағыт еткен ұлттық серпілудің тарихы...Алаш – біздің ұлтқа, дәстүрге қаншалықты адал екенімізді салмақтайтын ар өлшемі. Алаш – өткен тарихтың ғана олжасы емес, бүгінгі ұрпақтың да елдік іске олжа салар мүмкіндігі. Алаш – әлемдегі қазақтың да, қазақ ішіндегі әлемнің де тұтастығы, үйлесімділігі.
Дихан Қамзабекұлы
Достарыңызбен бөлісу: |