Мұратова Динара Астана қаласы №56 мектеп-лицей 10 сынып оқушысы Жетекшісі



Дата22.05.2018
өлшемі349,17 Kb.
#40623
Мұратова Динара

Астана қаласы

56 мектеп-лицей



10 сынып оқушысы

Жетекшісі:

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Какарманова Райгүл Ғалымқызы

Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі!

...Қоңыраудың шырылдаған даусы естілген бетте оқушылар асығыс сыныпқа кіріп кетті. Сабақ басталды . Бұл - оқушылардың сүйікті пәндерінің бірі қазақ тілі сабағы еді. Кез келген мектептегідей сабақ партадан тұрып, ұстазбен амандасудан басталды. Бүгінгі оқушыларға ұсынылған тақырып -өзіміздің ана тіліміз – қазақ тіліне арналды. Ұстазымыз ана тіліміздің қоғамдағы рөлін, қадір-қасиетін, байлығын айтып түсіндіру барысында, оқушылар да қалыспай тақырып шеңберінде өз ойларын айта бастады. Олардың сөздерінен ана тіліне деген сүйіспеншілік, жанашырлық пен мақтаныш лебі есті. Осы кезде менің жүрегімді қуаныш кернеді, менің достарым секілді жастар бар болса, онда Қазақстанның болашағына нық сеніммен қарауға болар деп, осы сабақтан алған ойымды түйіндедім. Пікір-таласқа әбден кіріскеніміз соншалық, шығуға қоңырау соққанын байқамай қалдық. Дәлізге шығып едім, жанағы түйіндеген ойларымның күлі көкке ұшқандай болды, сыныпта «ана тіліміз - біздің байлығымыз» деп, өз ойын білдірген жандар енді неге өзге тілде бұлбұлдай сайрап тұр? «Қазақ тілінің мәртебесін көтеретін - біздер» дегендер, енді неге оның мәртебесін төмендетіп, өзге тілдің жанашырындай болып, сол тілде шырылдап тұр?» Осы көріністен кейін көңілім түсіп, құрбыларымның сөзбен үлкен ойларды айтқанымен, жүректерінен шықпағандарына кінәлі кім деген ой мені де мазалай берді. Тіл — қоғамдағы адамдардың өз ара пікір алысу, бір-бірімен қарым-қатынас жасау құралы. Біздің қоғам – қазақ қоғамы, тіліміз – қазақ, бірақ, неге біз оны қоғамда қарым қатынас ретінде қолданып, өз ана тілімізде сөйлемейміз? Қазіргі күні ана тілімізде сөйлеуге не кедергі? Бәлкім, бар мәселе – өзімізде. Иә, иә өзімізде... Батыстағы дамып, бізден әлдеқайда алда жүрген Еуропа елдеріне еліктеп, қазақ тілі – «мамбеттердің тілі» деген ұғымды қалыптастырған өзіміз!

...Соңғы сабақ аяқталған бетте үйге асыққан оқушылар сыртқа жүгіріп шығып жатыр. Соның ішінде кішкентай бастауыш сынып оқушылары. Мен осы сәтте тағы да мынандай көрініске тап болдым. Оқушылар ұстазымен «Сау болыңыз, апай, Сау болыңыз, апай»-деп жапырласа қоштасып, күтіп тұрған ата - аналарына қарай беттеді. Мен де олардың арттарынан шықтым. Баласын күтіп алып жатқан ата-ананың бірі орыс тілінде былай дегенін естідім: «Как прошел день? Получил оценки?» , оған бала да орысша жауап қатты. Қазақта «Отан – отбасынан басталады» -деген жақсы сөз бар. Қазірге кезде көп жанұялар орыс тілді болып келеді. Бала көргенін істейді дегеніндей, ата-анасы орысша сөйлесе, бала қайда барады? Осы кезде жоғарыда ойлаған сұрағыма жауап тапқандай болдым. Қазіргі оқушылардың басқа тілде еліктеп сөйлеуіне отбасы кінәлі екен ғой деген ой келді. Осы ойыммен автобусқа келіп міндім. Күндегі көріп жүрген «кондуктордың» «За проезд, за проезд » деген айғайын естідім. Айналама қарасам, бірде- бір орыс жоқ . Осы сәтте қазақ тілінде сөйлемеуімізге отбасы кінәлі деген ойым, бәлкім ,қоғам , көпшілік орта кінәлі шығар деген ойға ұласты.

...Асықпай, ой үстінде келе жатып, үйге де жеттім. Күндегідей тамағымды ішіп, теледидарды қостым. Бір телеарнада еліміздегі үлкен мәжілістен тікелей эфир көрсетіліп жатыр екен. Сонда бір ел ағасының мәлімдемесін тындай келе, оқушы болсам да кейбір сөз құрылысындағы қателіктерін, қағаздан көзін алмай оқып тұрғанын байқадым. Бұл көріністі көргенде мені бір мұң кернеді. Ендігі ойым: қоғам кінәлі деп едім , ал енді оны өзгерте алатын ел ағаларынан да үмітім үзілгендей болды.

Біраз уақыт өтіп, кеш те батты. Анам бауырымды балабақшадан алып келуімді сұрады. Үйден тез арада сыртқа шықтым. Балабақша тым алыста емес еді, сондықтан ол жерге ертерек жеттім. Жеткен кезімде, бауырым әлі шықпаған екен. Балабақшада мерекеге дайындық жүріп жатыр екен ,үш-төрт кішкентай бөбектер еліміздің әнұранын үлкен мақтанышпен айтып жатыр екен.

Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін.

Жырың болып төгілемін, елім!

Туған жерім менің- Қазақстаным!

Басқа бір топта бөбектер сахналық қойылымға дайындалып, қазақша бірнеше тақпақтарды айтып жатыр. Бұларды естіген сәтте күні бойы мазалаған ойлар сейіліп сала берді. Күні бойы мазалаған ойлардың өткінші екенін, алдымда жарқын болашақ барына үміт еттім. Сол үмітімді үкілейтін інім барына қуандым. Бауырым балабақшадан шықты. Екеуіміз далаға шықтық. Жол бойы бауырым бүгінгі балабақшадағы істері жайлы айтып, тақпағын бірнеше рет қайталап айтып келді. Үйге жақсы бір көңіл-күймен келдік. Ендігі ертеңгі сабағымды орындау үшін, ғаламтор бетін ашып едім, жаңалықтар бетінде елбасымыздың «Мәңгілік ел» атты жаңа жобасы жарияланғанын көрдім



Бұл жобада болашақта жастардың атқарар істері туралы ойлар айтылыпты. Бұл ойлар менің болашаққа деген сенімімді нығайта түсті. Біз - тұғырлы тәуелсіздігімен мақтана алатын, жас болса да, болашаққа нық қадамдар жасап келе жатқан «Қазақстан» атты мемлекеттің азаматымыз. Елбасымыздың көреген саясатының арқасында талай-талай асудан асып, көптеген белестерден сүрінбей өтіп, абыройменен осы күнге де жеттік. Көреген саясатының бірін мысалға келтірер болсақ,ол «Мәңгілік ел» жобасы. Бұл жоба Қазақстан мемлекетінің басты мақсаты - экономикасы дамыған, бәсекелестікке қабілетті, ең дамыған 30 елдің қатарынан көріну жолына жеткізетін Ұлы бастама. Елбасымыз айтқандай: «Ел  мен тіл егіз ұғым.Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін асыл қазынамыздың бірі - ана  тілімен де тығыз байланысты. Олай болса,  мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт

Орыстың ұлы ғалымы, этнограф, археолог, түріктанушы В.В.Радлов «Қазақтар басқа халықтардан ауызекі сөйлеудің өнегелігімен, тамаша шешендігімен және тапқырлығымен ерекшеленеді… қазақ тілі ойды дәл және анық жекізеді. Жәй әңгіменің өзінде сөйлемнің құрылымы мен жинақтылығы өлеңге ұқсап кетеді…» деп, қазақ тіліне үлкен баға беріп, оның ұлылығын мойындаған. П.Затаевич жинаған «Қазақтың мың әні мен бес жүз күйі» туралы Р.Ролан жазған мына сөз әрқайсымызды ойландырар деген үміттемін. «Осындай мол байлығы болса , Еуропаның әрбір халқы мақтан тұтар еді». Басқа ұлт даналарының тілімізді ғажап тіл деп таңғалуы бізді асқақ сезімге бөлеу керек қой! Ғасырлар бойы бабамыз сөйлеп келген, тұлпар болып даламды дүбірлеткен, сұңқар болып биікте қалықтаған, бесік жырын айтып анам жырлаған, Қазақ тілі! Сенің Мәңгілік Қазақ елінің Мәңгілік тілі болып қаларыңа сенімім мол. Өйткені, қазағымның айбынын асырар Қазақ елінің болашағы- мен бармын! Қазақ әнұранын шырқатар менің інім бар! Мәңгілік елдің жарқын болашағымыз деп тұрған Жастар бар! Халық бар жерде сол халықтың Мәңгілік тілі бар!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет